фото: Getty Images
Егде адамдардың денсаулығын тексерудің қарапайым тесті туралы BBC News жариялаған материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz бұл тәсілдің пайдасын талдайды.
Фото: dzen.ru
Қарт адамдардың денсаулығын бағалау үшін дәрігерлер «отырып-тұру» (STS) деп аталатын тесті қолданады. Бұл тест барысында 30 секунд ішінде орындықтан отырып-тұру керек. Қанша рет отырып-тұруына байланысты дәрігерлік қорытынды жасалады. Әдетте бұл тесті дәрігерлік кабинеттерде немесе егде жастағы адамдардың денсаулығын тексеру үшін қоғамдық орындарда жүргізеді. Бірақ оны өзіңіз үй жағдайында да оңай жасай аласыз.
«Бұл өте пайдалы тест. Ол бізге адамның күші, тепе-теңдігі мен икемділігі жайлы мәлімет береді. Кейбір зерттеулерде бұл тест адамның құлау, жүрек-қан тамырлары аурулары немесе тіпті өлім қаупіне ұшырау ықтималдығын анықтауға көмектескен», – дейді Kings College London университетінің геронтология профессоры Джагдип Деси.
Бұл тесті үйде өткізу үшін сізге арқалығы түзу, тіреусіз орындық пен секундомер (немесе таймер – заманауи телефондардың бәрінде бар) қажет. Тесті орындау үшін, орындықтың ортасына отырып, қолдарыңызды айқастырып, иығыңызға қойыңыз. Арқаңызды тік ұстап, аяқтарыңызды жерге қойыңыз. Секундомерді қосып, орындықтан тұрып, қайта отырыңыз. Мұны 30 секунд ішінде неше рет қайталай алатыныңызды есептеңіз.
ЕСКЕРТУ. Тесті орындағанда қасыңызда көмектесетін адам болсын!
Бұл тест көбіне 60 жастан асқан адамдарға арналғанымен, оны жастарға да қолдануға болады. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) әртүрлі жас топтарына арналған орташа нәтижелерді жариялаған. Орташа көрсеткіштен төмен нәтиже денсаулыққа байланысты жағымсыз салдарлар, мысалы, құлау қаупін көрсетуі мүмкін. Мысалы, 60-64 жас аралығындағы ер адамдар үшін орташа нәтиже – 14, ал әйелдер үшін – 12. 85-89 жаста бұл көрсеткіш 8-ге тең.
CDC мәліметтері бойынша, әр жас тобы үшін STS тестінің орташа нәтижелері мынадай:
60-64 жаста: ерлер – 14, әйелдер – 12
65-69 жаста: ерлер – 12, әйелдер – 11
70-74 жаста: ерлер – 12, әйелдер – 10
75-79 жаста: ерлер – 11, әйелдер – 10
80-84 жаста: ерлер – 10, әйелдер – 9
85-89 жаста: ерлер мен әйелдер – 8
90-94 жаста: ерлер – 7, әйелдер – 4
Фото: Getty Images
Бұл тест дені сау жастар үшін де пайдалы болуы мүмкін. Себебі ол дене дайындығының, әсіресе аяқ бұлшықеттерінің күшін және төзімділігін жақсы көрсетеді. Швейцарияда жүргізілген зерттеуде шамамен 7 000 ересек адам тесттен өтті, нәтижесінде 20-24 жастағы ер адамдардың орташа көрсеткіші – 50 /минут, ал әйелдерде – 47 /минут болды. Кейбір қатысушылар жаттығуды минутына 72 ретке дейін орындаған.
STS тесті дәрігерлерге адамның жалпы денсаулығы туралы көп мәлімет бере алады. Төмен нәтиже жүрек пен өкпенің нашар жұмыс істейтінін де көрсетеді. Бұл инфаркт, инсульт және жүрек жеткіліксіздігі сияқты «жүрек-қан тамырлары оқиғаларының» қаупін арттырады. CDC мәліметтері бойынша, орташа көрсеткіштен төмен нәтиже құлау қаупін де жоғарылатады.
«Бізді алаңдататыны – егер адамдар күшін, тепе-теңдігін, икемділігін және жүрек-қан тамырлары денсаулығын сақтамаса, оларда құлау ықтималдығы жоғары», – дейді Деси.
65 жастан асқан адамдардың шамамен 30%-ы жыл сайын құлайды, ал бұл көрсеткіш 80 жастан асқандарда 50%-ға жетеді. Бір рет құлаған адам қайта құлаудан қорқып, сирек сыртқа шығады, бұл кейде әлеуметтік оқшаулануға әкеледі.
«Егер сіз құлаудан қорқатын болсаңыз, сыртқа шығудан, адамдармен кездесуден және басқа әрекеттермен айналысудан бас тартуыңыз мүмкін. Бұл бір жағынан тұйық шеңберге айналады. Құлау – шынымен де үлкен мәселе. Бұлшық ет жыртылуы мен созылулардан бөлек, жамбас сүйегінің сынуы сияқты ауыр жарақаттар болуы мүмкін», – дейді Деси.
Фото: Getty Images
Қарттар үшін құлау ауыр жарақаттарға алып келуі мүмкін. АҚШ-та жыл сайын 300 000-нан астам адам жамбас сүйегін сындырады. Ұлыбританияда жыл сайын 70 000 жамбас сынуы тіркеледі және олардың шамамен 30%-ы бір жыл ішінде қайтыс болады екен.
«Отырып-тұру» (STS) тестін үйде жасау – сіздің жасыңыздағы басқа адамдармен салыстырғанда қай деңгейде екеніңізді білуге көмектеседі. Нәтижеңізді жақсартудың ең жақсы жолы – мүмкіндігінше белсенді қозғалыста болу. Егер қимылдау қиын болса, отыру қалпындағы жаттығулардан бастап, бұлшық ет күшін арттыруға болады. Кейінірек, екі сағат сайын бес рет тұрып-қайта отыруды бастаңыз. Егер мүмкіндігіңіз болса, қонақ бөлмеде ары-бері жүріп, күніне 3-4 рет баспалдақпен жоғары-төмен қозғалу да пайдалы.
«Сізде «бунгало аяқ» болмауы керек [жер үйде тұрып, бұлшық еттің әлсіреуі]. Бұлшық етті, тепе-теңдікті сақтау және дербестікті қамтамасыз ету үшін баспалдақпен жүріп тұру маңызды», – дейді профессор Джагдип Деси.
Сондай-ақ Деси фитнес сабақтарына қатысуды ұсынады. Саябақтарда, спортзалдарда егде жастағы адамдарға арналған арнайы бағдарламалар бар.
Бұл жерде әлеуметтік қарым-қатынастың артықшылығы бар. Қартайған кезде жалғыздық пен оқшаулану денсаулыққа кері әсер ететіні белгілі.
Үй шаруасымен айналысу, немерелермен бірге еденге отырып-тұру сияқты қарапайым күнделікті әрекеттер де пайдалы. Ұзақ отырғаннан кейін тұрып, созылу, дүкенге жаяу бару немесе бау-бақша жұмыстарына көбірек көңіл бөлу де егде жаста денсаулықты сақтауға, әдемі қартаюға көмектеседі.
Сіз білетін жұлдыздар да әдемі болып қартайғысы келеді. Бірақ бұл әдеміліктің артында көп қозғалыс, еңбек жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!