Әлеуметтік желіде әсерлі контенттің көбеюі, жарқ-жұрқ еткен сәттер, бүгінгіше айтсақ «успешный успех» қазіргі жастарға түрлі ой салады. Көп адамның бойында ештеңеге үлгермей, бәрінен қалып барамын деген үрей бар секілді. Шынына келсек, әлеуметтік желіде әркім өзінің үздік жетістіктерін, мықты тұстарын ғана көрсетеді.
Соның әсерінен студенттер оқу оқып жүріп, қосымша іспен айналысып, табысты болғысы келсе, бала тәрбиесімен жүрген ана да «блогер болсам ба екен, әлде онлайн саудамен айналыссам ба?» деген ой үстінде. Тұрақты жұмысы бар, мамандығы бойынша еңбек ететін адамдардың өзі желідегі табысты жандарды көргенде ойланып қалады. Байқап қарасақ, білім алу мен бала тәрбиесімен айналысу болашақта нәтижесін көрсететін өте маңызды жұмыс.
Жуырда танымал бір кісіге «Бәрі дамып, мен қатарластарымнан қалып кеткен секілдімін. Не істесем болады?» деген сарындағы сұрақ қойылды. «Ендеше, Instagram мен Tik Tok-ты өшір. Жан жағыңа қара. Сонда бәрі орнына келеді» деген жауап алды. Расымен де, басқалардың өмірін бақылаймыз деп күнделікті әдемі сәттерді байқамай жатамыз. Қит етсе, жағымсыз дүниелерге назарымыз түсетіні де рас. Үйде өзіңіз қалғанда не қоғамдық орындарға барғанда жан-жағыңызға зер салып қараңызшы. Көңілге шуақ сыйлайтын сәттерді міндетті түрде байқайсыз.
Бірде таныс студент қоғамдық көліктегі өзі кездескен оқиғаларды баяндап берді. Негізі үнемі қоғамдық көлік десе күту, кешігу, дауласу, тазалық мәселесі секілді жайлар ойға оралады ғой. Дегенмен қоғамдық көлікте де жаныңды жылытатын оқиғалар жиі болып тұрады.
Өткенде автобуста жаныма бір апа отырды. Көліктегі барлық терезе ашық тұр. Ішімнен «Апайға суық тиіп қалмаса болар еді, салқын қатты соғып тұр ғой» деп ойладым. Сөйтсем, ол кісі бір аялдамадан кейін-ақ түсті. Кетіп бара жатып кондукторға «Ана қызға салқын тиіп қалар, терезені ашып қойыпсыңдар. Жабыңдар» дейді ғой. Мен ол кісіні ойласам, танымайтын ол мені ойлапты.
Кеше автобусқа 10-13 жас шамадағы бала мен кішкентай қыз мінді. Байқасам, сәл отырғаннан кейін ағасы еңкейіп, қарындасының сөмкесін жөндеп, аяқ киімін қарап, бауын жақсылап байлап берді. Қыз бала 2 не 3 сыныпта оқитын секілді, өзі жасай алатын жаста. Бірақ ағасының мейірімділігін қараңызшы. Төмен иіліп, киімін дұрыстап, жайлы орынға отыруына көмектесті. Қарындасының көзі мөлдіреп тұр. Суретке түсіруге ұялдым. Мейірім.
Ал енді бірде дәл түсер кезде телефоным өшіп қалды. Онлайн қаржыға сеніп, қолма-қол алып шықпаппын. Кондукторға «токқа қосатын жер бар ма?» дей бергенім сол еді, жанымда отырған апай телефонын көрсетіп,«саған да төлей салдым» дейді ғой. Таңырқап қалдым.
Адам бар жерде бір-біріне деген қамқорлық пен мейірім бар. Тек соны байқай білсек болғаны. Ендеше онлайн көріністерге емес, өмірдің өзі сыйлайтын әдемі сәттерге назар аударайық, өзіміздегі барды құнсыздандырмайық, бағалайық.
А.ЖАҚСЫЛЫҚ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!