Фото: iStock
Балмұздақ – жаздың ыстық күнінде салқындық сыйлайтын тәттінің бірі. Балмұздақтың шығу тарихы тым тереңде.
Ежелгі Қытайда шамамен біздің дәуірімізге дейін 2000 жыл бұрын мұздатылған тәттілер дайындалғаны туралы дерек бар. Олар қар мен жеміс шырынын араластырып, ерекше десерт жасаған. Кейінірек бұл дәстүр Парсы, Греция және Рим империясына тараған.
Еуропаға балмұздақтың келуі Марко Полоның Қытайдан әкелген рецепттерімен байланыстырылады. XVI ғасырда Италияда алғашқы балмұздақ сататын дүкендер пайда болды, ал Францияда балмұздақ патша сарайларының дастарқанынан көріне бастады.
Ең алғашқы балмұздақ дүкені 1776 жылы Нью-Йорк қаласында ашылған. Бұл сауда орнының иесі итальян- американдық Франческо Прокопио дей Чутон балмұздақты кеңінен танымал ету үшін үлкен еңбек сіңірді. Оның балмұздақтары сол кездің өзінде жоғары бағаланған және балмұздақ сататын алғашқы орын болып саналды.
Қазіргі кезде біз сүйсініп жейтін балмұздақтардың түр-түрі бар. Соның ішінде жазда ең көп таралған түрі – құйылмалы балмұздақ. Құйылмалы балмұздақты даярлау өте оңай әрі жылдам. 1934 жылы америкалық Чарльз Тейлор арнайы аппарат ойлап тауып, жұмсақ балмұздақ жасау технологиясын жетілдірді. Осы уақыттан бастап, салқын десерт танымалдыққа ие болып, көптеген елде қолданыла бастады.
Құйылмалы балмұздақтың дәмін татпаған адам кемде-кем, ал оның ерекше текстурасы естен кетпейді.
Ал енді, балмұздақтың классикалық түрін атап өтейік. Мұндай тәттіні азық-түлік дүкендерінен, балмұздақ сататын орындардан табуға болады. Қарапайым, біз дәмін татып жүрген балмұздақ десерті Гиннес Рекордтар кітабына енген десек, сенесіз бе?
2011 жылы АҚШ-тың Миннесота штатындағы дүкен әлемдегі ең үлкен балмұздақты жасап, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл десерт 24 тонна салмақты құрап, арнайы дайындалған мұздатқышта 4 ай бойы сақталды. Десерттің биіктігі 3 метрден асып, оны жасауға 4 667 литр шоколад сиробы, 7 200 литр балмұздақ және 2 000 литр кілегей пайдаланылды.
Ал қызықты фактілерге келсек, Дубайдағы «Black Diamond» әлемдегі ең қымбат балмұздақ. Құны 817 доллар сумманы құрайды. Бұл шамамен тек бір порцияның бағасы.
Қымбат болуының негізгі себебі – Мадагаскар ванилі, ең қымбат итальяндық трюфельдер және Ираннан алынған шафран. Сонымен қатар, балмұздақтың үстіне 23 каратты жеуге жарамды алтын үгінділері себілген.
Бір қызығы бұл балмұздақ қарапайым ас үйдегі ыдыстармен берілмейді, оны «Versace» брендінің арнайы қауашағына салып, ұсынады. Кейін балмұздақты тауысқан соң, ыдысын естелікке сақтап қоюуға болады.
Иә, балмұздақ – тәтті әрі жеңіл десерт. Бірақ оның да зиян жағы бар екенін ескерген жөн. Мәселен, құйылмалы балмұздақ дайындалатын аппарат тың тазалығы жайлы біле бермейміз. Егер ол таза жерде жасалмаса, бактерия пайда болып, тұтынушыларға зиян келтіруі де мүмкін. Оның үстіне балмұздақ асқазанда ойық жарасы, созылмалы гастрит және тыныс аурулары бар адамдарға ұсынылмайды. Ауруды асқындырып жіберу мүмкін. Сондай-ақ, көптеген балмұздақ құрамында қаныққан майлар бар. Қаныққан майларды көп тұтыну холестерин деңгейін көтеріп, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады.
Дегенмен, балмұздақ ерекше дәмімен адамдарға кішігірім қуаныш, сергектік сезімін сыйлайды.
Тәтті десерт – қуаныш пен көңілді сәттің символы.
Ақбота ШЫҢҒЫСҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!