Жыл сайын жаз мезгілінде жаңа тәттілер мен салқын тағамдар трендке айналады. Биыл ерекше танымал болған – ананас қосылған және ананастың өз ішінде ұсынылатын балмұздақ. Бұл десерт миллиондардың жүрегін жаулап қана қоймай, жастардың жазғы таңдаулы тағамына айналды.
Ананаспен үйлестірілген балмұздақ 2025 жылдың басты жазғы трендінің бірі болды. Оның кеңінен таралуына тропикалық дәмдерге деген сұраныстың артуы әсер етті. Жаздың аптап ыстығында сергітетін бұл тәтті алғашында Азия мен Таяу Шығыста, әсіресе Оңтүстік Корея, Тайланд және Дубай елдерінде кең танымалдылыққа ие болды. Instagram мен TikTok секілді платформаларда түрлі food блогерлер ананасты ерекше тәсілмен ұсынып, оқырманның қызығушылығын оятты.
Аталған балмұздақ түрі елімізге өткен жылдың соңында келе бастады. Әсіресе Алматы мен Астанадағы креативті кафелер мен streetfood орындары бұл трендті алғашқылардың бірі болып қолға алды. Әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерге сүйенсек, Қазақстанда ананас ішіндегі балмұздақты алғаш ұсынған орталық Алматыда орналасқан. Олар биыл қаңтар айында ананасты ойып, оның ішіне кокос, манго және ананас дәміндегі балмұздақ салып, әдемі безендірілген десерт ұсынған.
Балмұздақтың басты артықшылығы – табиғи әрі ерекше дәм үйлесімі мен экологиялық ұстаным. Десерттің ішіне ананас пюресі, манго мен кокос негізіндегі балмұздақ салынып, үстінен жидек соусы мен жалбыз жапырақтары қосылады. Бұл дәм ғана емес, эстетика тұрғысынан да мінсіз үйлесім. Мұндай балмұздақ Instagram мен TikTok- та «визуалды контент» ретінде кең таралды.
Балмұздақтың ерекшелігі біріншіден оның тропикалық дәмінде. Ананас, манго, кокос секілді жемістер ыстық күнде шөлді басып, сергітеді. Бұл форматтағы балмұздақ Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Екінші ерекшелігі экологияға қамқорлық, яки балмұздақ пластик ыдыста емес, ананастың ішінде ұсынылады.
Осы жылдың жазын ананаспен байланыстыруға толық негіз бар. Себебі бұл десерт тек тәтті тағам емес, сонымен қатар заманауи көзқарас пен өмір салтының символына айналды.
Жазда сергігіңіз келе ме? Онда ананастың ішіндегі балмұздақтың дәмі татып көріңіз. Бұл дәм жаздың ең тәтті әрі есте қаларлық сәтіне айналары сөзсіз!
Мадина ТЕҢГІЗБАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!