Балмұздақ – жай ғана тәтті емес, әлем халқының сүйіспеншілігіне ие ең танымал десерттің бірі. Ол климатқа, мәдениетке, дәстүрге қарамастан әр елде әртүрлі үлгіде дайындалып, әр қилы атаумен ұсынылады. Біз балмұздақтың дәмін жақсы білгенімізбен, оның мыңжылдыққа ұласып жатқан тарихында талай тосын, таңғаларлық дерек бар екенін біле бермейміз. Бүгін соның ең қызықтыларына тоқталамыз.
Тарихшылардың дерегіне сүйенсек, балмұздақтың алғашқы нұсқасы бұдан шамамен төрт мың жыл бұрын ежелгі Қытайда пайда болған. Ол кездегі десерт бүгінгі балмұздақтан мүлде өзгеше еді. Қар мен мұзға цитрус жемістерінің бөліктері немесе анар дәндері қосылып, табиғи жолмен мұздатылған. Бұл қоспа әрі салқындататын, әрі сергітетін тағам саналған. Кейіннен осы рецепті Еуропаға әйгілі саяхатшы Марко Поло алып келген екен.
Тарихи деректерге сүйенсек, балмұздаққа ұқсас тағамдар антикалық дәуірде де болған. Ежелгі гректер, римдіктер және парсылар шарапты немесе жеміс шырындарын қар мен мұз арқылы салқындатып ішкен. Оны бүгінгі мұздатылған шырынның арғы тегі деуге болады. Ол кезде мұндай сусындар тек бай-шонжарлар мен ақсүйектерге ғана қолжетімді болған.
Балмұздақ Еуропаға ертерек жеткенімен, оның кеңінен танымал болуы тек XVIII ғасырда басталды. 1718 жылы Англияда жарық көрген аспаздық кітапта балмұздақтың алғашқы ашық рецепті жарияланды. Уақыт өте келе бұл десерт еуропалық ақсүйектер арасында сәнге айналды. Ал Ресей империясында балмұздақ XVIII ғасырдың соңында пайда болып, кілегейлі, шоколадты, шие, цитрус, мүкжидек дәмдерімен дайындалған.
Балмұздақ – бейбіт өмірдің символы. Бұл қасиеті оны тіпті екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де ерекше маңызға ие етті. АҚШ армиясының басшылығы жауынгерлердің рухын көтеру үшін флотқа балмұздақ жеткізу шарасын ұйымдастырған. Тіпті теңіз бетінде де арнайы балмұздақ зауыттары жұмыс істеп, десертті тікелей кемелерде өндірген.
Бүгінде балмұздақты вафельді рожокпен жеу – қалыпты нәрсе. Алайда бұл ыңғайлы тәсіл беріде, нақтырақ ХХ ғасырдың басында ойлап табылған. 1903 жылы италиялық эмигрант Итало Маркиони балмұздақ рожогын жасап шығарды. Ал 1904 жылы АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өткен дүниежүзілік көрмеде ол көпшілікке таныстырылды. Тағы бір нұсқа бойынша, ол балмұздақ сатушының ыдыстары таусылып қалған кезде кездейсоқ пайда болған көрінеді.
Балмұздақтың кейбір түрлері тіпті адам сенгісіз. Солардың бірі – «пісірілген Аляска». Бұл десертте балмұздақ бисквиттің үстіне қойылып, сырты жұмыртқа ағының көбігімен қапталып, пешке салынады. Қызығы – сыртқы қабаты қызарғанымен, ішіндегі балмұздақ еріп үлгермейді. Ал кей елдерде балмұздақты қамырға орап, арнайы аппаратта қуырып та ұсынады.
Кейінгі жылдары ерекше көрінетін түрлі түсті тағамдарға сұраныс артты. Соның ішінде қара балмұздақ та бар. Оны бояу үшін көбіне белсендірілген көмір, кальмар сиясы, тіпті қара сарымсақ қолданылады. Бұл өнім тек сыртқы түрімен ғана емес, дәмімен де ерекшеленеді.
Балмұздақ дүкендеріндегі домалақ қасықтың да өз тарихы бар. Оны 1897 жылы афроамерикалық өнертапқыш Альфред Л.Крэлл ойлап тапқан. Алғашқы үлгісі бүгінгідей домалақ емес, конус пішінді болған деседі.
Балмұздақ жеген кезде кенеттен бас ауырғандай сезіну көпшілікке таныс жағдай. Бұл құбылыс «мидың мұздауы» деп аталады. Себебі балмұздақтың суықтығы таңдайдағы қан тамырларын бірден тарылтып, кейін күрт кеңейтеді. Осы өзгеріс қысқа мерзімді ауырсынуға әкеледі.
Балмұздақтың көңіл-күйді көтеретіні белгілі. Бірақ жапон ғалымдарының зерттеуі оның тағы бір күтпеген пайдасын көрсетті. Қызығы таңертең балмұздақ жеу зейінді арттырады екен. Зерттеу нәтижесінде мұздай десерт ми қызметін сергітіп, адамның назарын шоғырландыру қабілетін жақсартатыны анықталған.
А.Маратқызы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
