Адамзат аспанға алғаш көз тіккен сәттен бастап бір ғана сұрақ санасын мазалайды: біз жалғызбыз ба? Шексіз ғаламның үнсіздігі кейде жауаптан гөрі тереңірек құпия сыйлайды. Бүгінде ғылым дамыған сайын бұл сұрақ бұрынғыдан да күрделі әрі қызық бола түсті.

Ғаламның пайда болуы туралы қазіргі ең танымал теория – Үлкен жарылыс (Big Bang). Ғалымдардың есептеуінше, шамамен 13,8 миллиард жыл бұрын барша кеңістік пен уақыт аса тығыз әрі ыстық нүктеден бастау алған. Сол бір алғашқы сәттен бастап кеңістік кеңейіп, жұлдыздар, галактикалар, планеталар қалыптасты. Біз өмір сүріп отырған Жер – осы ұлы космостық эволюцияның кішкентай ғана бөлшегі. Қазір біз озық технологиялардың көмегімен бұл көріністің иллюстрациясын көре аламыз. Қарап тұрсақ, біз осыншама үлкен жүйенің тамшыдан да кішкентай бөлшегіміз.

Алайда кейінгі онжылдықта зерттеушілерді ерекше толғандырып жүрген тағы бір ой – көп әлем теориясы. Кейбір физиктер біздің ғалам жалғыз емес, сансыз параллель әлемдердің бірі болуы мүмкін деп болжайды. Кванттық физикадағы «көп әлем интерпретациясы» әрбір ықтимал оқиға жүзеге асатын бөлек шындықтар болуы мүмкін екенін айтады. Демек бір жерде дәл сіздің басқа нұсқаңыз өмір сүріп жатқан болуы ықтимал. Бұл теорияны «MARVEL» киностудиясы ұсынған «Мстители» көпбөлімді фильмдері мен сериалдары арқылы көріп жүрміз. Елестетіңізші, дәл сіз сияқты адам, бірақ басқа әлемде, өзге өлшемде өмір сүреді.

Ғарыш кеңістігіндегі өзге өркениеттерді іздеу де қызу жүріп жатыр. «NASA» тіпті кейбір жылдары белгісіз ұшатын нысандардың бар екенін дәлелдейтін бейнетаспаларды жариялаған еді. «SETI» бағдарламасы (Search for Extraterrestrial Intelligence) ондаған жыл бойы ғарыштан келетін радиосигналдарды бақылап келеді. «NASA» мен басқа агенттіктер Марс, Еуропа, Энцелад сияқты мұзды айларда тіршілікке қолайлы жағдай болуы мүмкін екенін анықтады. Бұл айларда сұйық мұхиттардың болуы – микробтық тіршілікке мүмкіндік бар деген сөз.

2017 жылы астрономдар «Оумуамуа» деп аталған ерекше жұлдызаралық нысанды тіркеді. Оның қозғалысы мен пішіні ғалымдарды таңғалдырды. Кейбір зерттеушілер оны табиғи астероид деп санаса, енді бірі бұл жасанды құрылым болуы мүмкін деген батыл пікір айтты. Әрине нақты дәлел жоқ. Бірақ бұл оқиға ғарыштағы белгісіз құбылыстардың әлі де көп екенін көрсетіп отыр.

Ғалымдардың пікірінше, біздің құс жолы галактикасында өмірге қолайлы миллиардтаған планета болуы мүмкін. Егер солай болса, тіршіліктің тек Жерде ғана пайда болуы тым кездейсоқ көрінбейді ме? Мүмкін біз әлі байланыс орната алмаған өркениеттер бар шығар. Әлде олар бізден әлдеқайда дамығандықтан, бізді байқамай ма?

Кейбір философтар мен космологтар адамзаттың ғаламдағы рөліне жаңа көзқараспен қарауды ұсынады. Әлем біз арқылы өзіне қарап тұрғандай әсер қалдырады.

Бәлкім, бір күні біз өзге өркениеттерден белгі алармыз немесе өзіміз басқа жұлдыздарға сапар шегіп, жаңа әлемдердің табалдырығын аттармыз. Бірақ сол күн келгенше, бізге бір ғана дүние анық: ғалам біз ойлағаннан әлдеқайда кең әрі құпияға толы.

Ендеше, шексіз кеңістікте бізді кім күтіп тұр? Егер басқа әлемдер шынымен бар болса, олар біздің тағдырымызды өзгерте ме?

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!