«Ер қаруы бес қару» дегенді естігеніңіз анық. Иә, қазақ жауынгерінің қаруы беске бөлінген. Ал бұлай бөлінуі олардың бірін бірі ауыстыра алмайтын функциясына байланысты деседі. Бес қаруға садақ, қылыш, найза, айбалта мен шоқпар жатады. Зерттеушілердің айтуынша, соғысқа арналған басқа қарулар осы бесеуінің түрленген нұсқасы.

Садақ −қарапайым әрі күрделі, сонымен қатар ең көне қару түрі. Жебесінің екі, үш, төрт және алты қырлы ұшы болған. Қылыш − басы бір жүзді, сыртына қарай қайқылау келетін кесу қаруы. Дәл осы қайқылау болуының арқасында қылыштың кесу күші де күшейеді. Ал өте қайқы қылышты қазақтар «наркескен» деп атаған. Қылыштың басының ұзындығы әдетте 75-88 см, жүзінің ені 3-3,5 см, сабы 10-13 см аралығында ағаштан, сүйектен немесе мүйізден жасалған. Сырты күміспен көмкеріліп, әртүрлі ұлттық нақышпен өрнектеледі. Қазақ қылыштарының наркескеннен бөлек алдаспан, зұлпықар, жатаған қылыш, қайқы қылыш деген де түрлері бар.

Ал найзаның сабы қайың, қарағай, емен сияқты қатты ағаштардан жасалып, басына темірден жебе кигізіледі. Найза – атты жауынгердің негізгі түйреу қаруы. Әдетте найза басына шашақ тағылса,әскербасының найзасына дәреже белгісі ретінде байрақ, жалау тағады. Сабының қолға ұстайтын жері жұмсақ болу үшін барқыт, мақпалмен оралып, қайыстан ілгек салынады. Әдетте қазақ найзаларының ұзындығы 150-190 см болғанымен, темір сауытқа қарсы қолданылатын «сүңгінің» ұзындығы 3-3,5 метрге дейін жеткен.

Айбалта – қазақтың дәстүрлі шабу қаруы. Сабы ағаштан жасалып, темірден жасалған басы қосымша екі темір бекітпелер арқылы ұстатылған. Артқы жағының бекітпесі оюмен өрнектелсе, алдыңғы жағына қарсыластың қаруын кесетін қылыш сияқты өткір жүз немесе араның жүзі сияқты ұсақ тіс салынады. Жүзі жарты ай тәрізді дөңгелене келген. Бұл ерекшелігі айбалтаға шабумен бірге кесу арқылы жарақат салуға мүмкіндік береді.

Соғуға арналған қарудың бірі – шоқпар. Жасалуы мен басының үлгісіне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы басы мен сабын біртұтас қылып, түбірлі ағаштан жасалған қару «шоқпар», ал басы темірден, сабы да темірден немесе ағаштан жасалып, сырты металмен қапталған түрі – «күрзі», басы бірнеше тілімді, қырлы болып темірден жасалған жеңіл шоқпар – «бұздыған» деп аталады. Сонымен қатар темірден жасалған басы сабына қайыс немесе шынжыр арқылы бос бекітілген «босмойын» шоқпарлар да қолданыста болған.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!