Стивен Блумберг – Фото: wixsite.com

Қазақтың біртуар ақыны, халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлі «Ұрлықтың бір ғана түрін кешуге болады, ол – кітап ұрлау» деген болатын. Дегенмен бұл жайды қалай қабылдау әркімнің көзқарасы мен ішкі мәдениетіне байланысты. Бүгінгі талқылайтын тақырыбымыз әлемге әйгілі «кітап қарақшысы» жайлы болмақ.

Клептомания – психология саласындағы қызықты құбылыс. Бұл аурудың түріне шалдыққан адамдарда ұсақ ұрлыққа деген құштарлық пайда болады. Аталған жағдай психологиялық ауытқудың бір түрі.

Ал библиоклептомандар – кітап ұрлаудан ләззат алатын адамдар. Дүние жүзіндегі кітапқа құштар оқырмандардың көп бөлігі дәл осы психикалық бұзылыстан зардап шегеді екен.

Кітап ұрлау қылмысы қай дәуірде де орын алғаны ақиқат. Бір қызығы орта ғасырларда Еуропадағы қоғамдық кітапхана сөресіндегі кітаптар шынжырмен бекітілген деседі. Ұзындығы кітапты сөреден алып оқуға жеткілікті болғанымен кітапханадан шығуға мүмкіндік бермейді. Дегенмен бұл ереже XVIII ғасырға дейін ғана салтанат құрды. Себебі ол кезеңде кітап басылымы өте аз және кітаптың әрбір данасы алтынмен пара-пар еді.

Ал ұрлыққа қатысты жазасы ең қатаң болып саналатын Қытай халқы ежелден кітап ұрлаған адамды соттамайды, жазаға тартпайды. Ұры атаулының бармағын не қолын шабуға үкім шығаратын бұл ел «кітап ұрлығын білімге құштарлық» деп санаса керек.

Стивен Блумберг – әлемдегі нөмірі бірінші библиоклептоман. Ол 1948 жылы Сент-Пол қаласында дүниеге келген. Блумберг 45 штатта, Канаданың екі провинциясында және Вашингтонда орналасқан университеттер мен мұражайларда өз жоспарын үздіксіз орындап отырған. Нәтижесінде 20 жыл бойы 268 кітапханадан кітап тонаған ол 1990 жылдың 20 наурызында қамауға алынады.

Олжасын үйінде мұқият жинаған Блумберг 23 600-ден астам сирек кітап пен 11 000-ға жуық көне қолжазбадан тұратын өз коллекциясын жасап шығарды. Ұрланған басылымдардың жалпы құны 20 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл – тарихтағы ең ірі кітап ұрлығы.

Қызығы, Блумберг ойлаған жоспарын орындау үшін әртүрлі әдісті қолданған. Ол мекемеге кейде желдету жүйесі арқылы кірсе, кейде лифт шахтасы арқылы жоспарын іске асырған.

Аталған жағдайдың барлығы да Блумбергтің кітапқа деген шектен тыс құмарлығы мен шизофренияның нақты дәлелі еді. Десе де кейіпкеріміз «Кітап қарақшысы» ретінде атағы әлемге жайылып, ең табысты кітап ұрысы ретінде танылды.

Блумбергтің қолға түсуіне оның досы Кеннет Дж.Родс себепкер. Заң өкілдерімен келіссөз жасасқан ол 56 000 доллар сыйақы алу мақсатында досын құрықтап берді. Родс пен Блумберг 1970 жылдың ортасынан бері жақын дос еді. Атышулы қылмыскерлер бірнеше қаражат тонау операциясын бірге орындаған.

Сонымен, 1991 жылы Блумберг кінәлі деп танылып, 200 000 доллар айыппұл арқалап, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 1995 жылы 29 желтоқсанда түрмеден босатылды. Дегенмен ауру қалса да әдет қалмайды. 1997 жылы ол антиквариат ұрлығы үшін қайтадан қамауға алынды.

Блумбергтің мұндай сирек кітаптар мен қолжазбаларға қалай қол жеткізгенін ма- мандар әлі түсінбей дал. Қызығы, оның коллекциясында Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың кабинасы» туындысының алғашқы басылым көшірмесі, киелі кітаптың 16 ғасырдағы басылымы, сондай- ақ бұзау терісінен тігілген «Нюрнберг хроникасының» 1493 жылғы түпнұсқасы сақталған.

Сотта қорғаушылары оның кітапқа деген сүйіспеншіліктен зардап шеккенін дәлелдеп шықты. Бұл психикалық ауытқу Стивенді сирек басылымдар мен кітаптарды іздеу үшін жыл сайын Америка мен Канаданы аралауға мәжбүр еткен. Детективтер оның бірде-бір кітапты сатпай, жеке кітапханасында мұқият сақтағанына таң қалды. Неліктен кітап тонады деген сұраққа Стивен еш ойланбастан «мұны өз пайдам үшін емес, тек сирек кездесетін кітаптарды сақтау, олар- ды мемлекет меншігіне өтуіне жол бермеу және қарапайым американдықтардың құнды жазбаларға қол тигізу бақытынан айыру үшін жасадым» деп жауап берген.

«Кітапты өртегеннен де асқан қылмыс бар. Ол – кітап оқымау» дейді америкалық жазушы Рэй Брэдбери. Ал кітапқа деген асқан құштарлықпен оны ұрлау қылмысқа жата ма? Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!