Заманауи технологиялар адам өмірінің түрлі саласын өзгертуді жалғастырып келеді. Қазақстандық «Alaqan» стартапы осы үрдістің алдыңғы қатарында тұр. Бұл компания алақан іздерімен биометриялық верификация жүйесін әзірлеу арқылы инновация мен қауіпсіздікті үйлестірген. Ендеше жоба жайында тарқатсақ.

Қашықтықтан QR арқылы төлем жасау көзге үйреншікті, қалыпты процеске айналды. Ал бүгінде өз алақаныңыздың арқасында бақылау жүйесінен емін-еркін өтіп, дүкенде төлем жасауды да жүзеге асыра аласыз. Бұл – жаңақорғандық жерлесіміз Берік Нұрымбетовтың 2020 жылы қолға алған жобасы. Сол уақыттан бері «Alaqan» биометриялық шешімдерді енгізу бойынша ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, «Alaqan Pay», «Alaqan Mektep» пен «Alaqan Business» секілді жүйелерді сәтті іске асырды. Жобаның 250 мың белсенді қолданушысы бар. Ал ай сайын 6 миллионнан астам сәйкестендіру жүргізіледі.

– Бұл – адамды алақандағы қан тамырларының үлгісі бойынша танып, анықтайтын жасанды интеллект негізіндегі құрылғы. Жыл өткен сайын біздің кез келген ғимаратқа, тіпті өз үйімізге кіріп- шығуымызды қамтамасыз етуші жүйелердегі бақылау талаптары күшейе береді. Бұл тұрғыда «Alaqan» – ең сенімді биометриялық жоба, яғни адам өз алақанының арқасында бақылау жүйесі арқылы емін-еркін өтіп, дүкенде төлем жасауды да жүзеге асыра алады. Ең бастысы адамның алақанын қашықтан сканерлеу мүмкін емес, оны тек алақан иесі өзі ғана орындай алады, – деді жоба авторы.

Компания аясында жүзеге асқан «Alaqan Mektep»-тің арқасында бала алақанының көмегімен мектепке кіреді, тамақ сатып алады, кітапханадан кітап алады, шкафын ашады және мұның бәрін ата-аналар бақылай алады. Бүгінде «Alaqan Mektep» жүйесі бірнеше өңірдің оқу орнына енгізілген.

Компания мамандарының айтуынша, бұл жүйе адамға әрекет еркіндігін береді.

Жүйенің басты артықшылығы − қауіпсіздік. Отандық мамандар әзірлеген құрылғыда банк карталары мен қолма- қол ақшалар алақанмен алмастырылған. Төлем жасау үшін арнайы мобильді қосымшаны жүктеп, жеке кабинет арқылы банк картаңызды тіркейсіз. Құрылғы сырт келбетіңізге сәйкес сыңарыңызды да, суретке түсірілген алақан бейнесін де қабылдамайтын көрінеді. Төлем кезінде сканерге алақанды жақындату ғана жеткілікті. Алдымен алақан тамырларын сканерлеу процесі жүреді. Цифрлық кодта шифрланған тамырлар үлгісі арқылы құрылғыдан сізге тіркелген код ізделеді. Базадағы кодпен сәйкес келген сәтте төлем жүзеге асады.

Бір алақан - мың мүмкіндік

«Alaqan» жүйесі Шымкент қаласы әкімдігінде, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ, сондай-ақ бірнеше мектеп пен балабақшада орнатылған. Ақмола облысындағы 91 мектепті және Ақтөбе облысындағы 68 мектепті қамтиды. Пилоттық режимде ол Батыс Қазақстан, Түркістан және Қарағанды облыстарының бір мектебінде енгізілді. Алдағы екі жылда Қарағанды облысының 150 мектебінде жүйені орнату жоспарлануда. Бүгінде жүйеде 124 мыңнан астам оқушы және 10 мыңға жуық мектеп қызметкерлері тіркелген. Оң нәтижелерді ескере отырып, жобаны стратегиялық маңызды объектілерге кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда.

Бұл технологияның мақсаты – балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, қызметкерлердің кіріп-шығуын тіркеу, сондай-ақ бюджет шығынын арттыратын жалған жазбаларды анықтау. Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, мемлекеттік органдар мен «Alaqan Technologies» стартапымен бірлесіп, мемлекеттік мекемелерде «Alaqan» бойынша биометриялық верификация жүйесінің пилоттық жобасын енгізуде. Бұл жоба мектептер мен балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігін арттыруға, мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің кіру-шығуын бақылауға және бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуын болдырмауға бағытталған.

Қуантатын жайт, «Alaqan» Қазақстан нарығында ғана емес, өзге елдерде де өз әлеуетін дәлелдеуде. Грузия мен Арменияда таныстырылған стартап жоба өткен айда Шанхайдағы VII Қытай халықаралық импорт көрмесінде көптің көңілінен шықты.

«Alaqan» – адамның өмір сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық шешімдердің жарқын үлгісі. Жоба білім беру, мемлекеттік қызметтер мен стратегиялық нысандардағы қауіпсіздікті арттыруға көмектесіп, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі технологиялық ойыншы ретінде қалыптасуына ықпал етуде.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!