Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазіргі таңда қазақстандықтардың саны 20,2 млн адамнан асады. Қазіргі демографиялық трендтер қалай өзгеріп жатыр? Қазақстандағы халық саны 2030, 2050 жылға қарай қалай өзгеруі мүмкін?
Осы тақырып төңірегінде демограф Аяулым Сағынбаеваны сөзге тарттық, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сала маманы 2025 жылғы демографиялық трендтерге қатысты алдын ала болжам жасай алмайтынын айтты.
«Кез келген болжамдар шартты түрде жасалады. Биылғы трендтер алдыңғы жылдармен жалғасатын сынды. Бұл – көші-қон үрдістерінің әрі қарай дамуы. Барлығы да геосаяси, экономикалық жағдайға байланысты болады. Туу деңгейі әрі қарай төмендейтін тәрізді, өйткені миллениалдардың репродуктивті жастары ұлғайған бөлікке алып келеді», – деді демограф Аяулым Сағынбаева редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.
Қазақстандағы халық саны қалай өзгеруі мүмкін?
«30-ыншы, 50-інші жылдарға келсек, әртүрлі болжамдық есептер жасайтын агенттіктер бар. БҰҰ болжамы бойынша 2030 жылы Қазақстан халқының саны 21,1 млн адамға жетеді. Бұл тағы да халықтың туу деңгейіне, өлім-жітім деңгейіне, көші-қон үрдістеріне байланысты. Ал 50-інші жылы 27 млн-нан асады дейді. Негізі болжамдарды жасаған кезде бір нәрсені атап өтуіміз керек. Болжам дегеніміз ең ықтимал сценарий деген сөз. Болжамның уақыты неғұрлым ұзақ болған сайын ол жақта болатын қателіктер де көбірек. Себебі болжам жасайтын адамдар көріпкел емес. Олар көбінесе халықтың туу, өлім-жітім және көші-қон көрсеткіштеріне қатысты өзгерістерді болжап айтады. Бірақ өлім-жітімнен басқасының барлығы адамның қалауына байланысты. Соны біз ескеруіміз керек. Қазір объективті түрде 2025 жылы туу деңгейінің жоғарылауын күтпейтін сындымыз», – деп жалғастырды сарапшы.
Қазақстан халқының саны соңғы жылдары 1,2-1,3 пайызға өзгеріп отыр, дейді ол.
«Бірақ орта есеппен алғанда алдыңғы жылдарға қарағанда 2024 жылы жалпы өсім азырақ. 2023-2024 жылдары көші-қон сальдосы оң болды, соның есебінен де халық саны артып отыр. Бізде халықтың өсуіне көбінесе табиғи өсім негіз болады», – деді демограф.
Елде демографиялық қартаю процесі 2005 жылдан бері басталған
Аяулым Сағынбаева елімізде демографиялық қартаю үдерісі 2005 жылдан бері басталғанын айтты. Оның айтуынша, бэби-бум және пандемияға байланысты өлім-жітімнің көп болуы есебінен қартаю деңгейі біраз азайған болатын.
«Бірақ жылдан жылға бұл үдеріс әрі қарай өзгеріп жатады. Әрине, әлеуметтік және экономикалық саясатқа оның кері әсері бар. Қазақстанда эйджизм қатты дамыған. Ол ешкімге құпия емес. Бұл жастарға да, кәрі адамдарға да қатысты. Экономикада кері әсері болады, себебі еңбекке жарамды адамдар саны азайып жатқандықтан, қартайған адамдар санының көбеюі, бұл, әрине, зейнетақы жүйесі арқылы жергілікті бюджетке салмақ болып түседі. Айналып келгенде халықтың қартаюына байланысты бізде әлеуметтік салалар, соның ішінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау өзгеруі керек. Өйткені геронтологиялық аурулар бар. Сондықтан біз Мадридтік келісімге қол қойған болатынбыз. Бұл еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырындағы мәселе», – деп түсіндірді спикер.
Сарапшы «халықтың көбеюі деген кезде ол бізге керек пе деген сұраққа жауап беруіміз қажет» деген пікірде.
«Өйткені бізде белгілі бір демографиялық саясат болмағандықтан, біз өзімізге белгілі бір межені де айта алмаймыз. Қазақстанның демографиялық дамуы бізде өзінен-өзі, ешқандай саясатсыз, бақылаусыз жүріп жатыр. Сондықтан біз тұрақтылық жөнінде көбірек айтқанымыз дұрыс болар. Бүгін дүниеге келіп жатқан балалар ертең мектепке барады, жасөспірім болады, жастар санатына кіреді деген сияқты. Біз оларға белгілі бір сапалы білім, медициналық көмек беріп, жұмысқа орналасуына жағдай жасауымыз қажет», – деді ол.
Бета буыны
Осыған дейін 2025 жылдан бастап әлемде жаңа буын өмірге келетінін жазып едік. Демограф бұл буынның ерекшеліктері мен олардың алдыңғы буындардан айырмашылығы туралы да айтып берді.
«Кезінде Бета ұрпағына қатысты әртүрлі болжамдар айтылды. Ғалымдардың бірқатары Альфа буыны 2010-2025 жылға дейін, ал Бета буын 2026 жылы өмірге келеді деді. Соңғы кездері ғалымдардың айтып жатқандары – Бета буын биылғы 1 қаңтардан бастап дүниеге келгендер. Мысалы, Альфа ұрпақ алдындағы буындарға қарағанда көбірек өмір сүреді. Бетада да сол сынды өмір сүру ұзақтығы көбірек болуы мүмкін. X ұрпағын «тәуекелдерге баратын ұрпақ» деп те айтады. Ал Бета ұрпақ виртуалды өмірде көбірек болғанына байланысты түрлі сыртқы тәуекелдерге бара бермеуі мүмкін», – деді Аяулым Сағынбаева.
Сарапшы бір буын екінші буынның өмір сүру салтын әрі қарай жалғастыратынын тілге тиек етті. Бета буын технологиялардың дамуына байланысты робототехника, жасанды интеллектке жақынырақ болады.
«Алдыңғы ұрпақтарды экологиялық, гендерлік теңдік сұрақтар мазаласа, бұлар оған олардан бетер жақын болатын тәрізді. Бұл буын жаһандық тұрғыдан ойланып, оларда өңірлік, этникалық, мәдени өзгешеліктерден аулақ болу ықтималдығы көбірек. Оларда ешқандай шекаралар болмайды. Бұлар – 2039 жылға дейін дүниеге келгендер», – деді демограф.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!