Фото: nutrilak.com
Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жыл сайын кемінде 80 әйел қаза табады. Ал құқық қорғау органдарына тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілері бойынша күнделікті 300-ге жуық арыз келіп түседі екен.
Жалпыға мәлім, Мемлекет басшысы 15 сәуір күні «Әйелдердің құқығын қорғау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары 2019 жылы ұсынған еді. Алайда елеусіз қалған заңды қоғамдағы ашық қарсылықты ескере отырып, ұсынылған заңды қайтарып алуға тура келді. Дегенмен Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті бұл мәселені қайта көтерді.
Дәл осы өзгерістер аясында алып-қашпа әңгімелердің көбейгені ақиқат. Қоғамда қызу талқыға түскен тақырыпқа бірі «бұл заң ата-ана құқығынан айырады» десе, енді бірі «баламызды тәрбиелейміз деп жүргенде тартып алмаса жарар еді» деген сыңайда пікірлерін білдірді. Дегенмен істің байыбына бармай байбалам салудың жөні жоқ. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров былай дейді:
– Заңда балаларды отбасынан тартып алу мәселесіне байланысты бірде-бір норма жоқ екенін атап өту қажет. Отбасылардан балаларды тартып алуға қатысты әлеуметтік желілердегі ақпараттың бәрі жалған. Мемлекеттің саясаты отбасын, баланы өз отбасында сақтауға бағытталған.
Бала құқықтары туралы конвенция – әлем халықтарына ортақ 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдердің бостандығы мен құқығын қорғайтын акт. Елімізде жақында ғана қабылданған заң дәл осы құқықтық актінің бірнеше бабы аясында жасақталған. Оның 19-бабы «Қатыгездік пен немқұрайлықтан қорғау» деп келтірілген. Дәлірек айтқанда, Үкімет баланы ата-анасы немесе басқа да адамдар тарапынан болатын зорлық-зомбылықтың барлық түрінен, немқұрайлылық пен қиянат көрсетушіліктен қорғауы қажет, сондай-ақ ересектерден қатыгездік көрген балаға көмектесуге міндетті.
БҰҰ-ның бала құқықтары турал конвенциясының келесі бір баптарында буллинг пен кибербуллингтен қорғау жайын да назарға алған. Өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жаңа заңда да кәмелет жасына толмағандарды жәбірлегендер үшін (буллинг, кибербуллинг қысымын жасағандар) әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізіліп отыр.
Зорлық-зомбылық – кез келген қоғам мен мемлекет үшін күрделі де көкейкесті мәселе. Соның ішінде кәмелет жасына толмағандарға қатысты елде болып жатқан келеңсіз оқиғалар мен жаға ұстатарлық жағдайлар күннен күнге дауасыз дерттей асқынып бара жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Заңдағы өзгерістер аясында жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін «өмір бойы бас бостандығынан айыру» жазасын қолдану көптің көңілінен шыққан шешім болды. Мұндай аса ауыр қылмыс жасағандарға басқа балама жазалау шараларының барлығы да алынып тасталды.
Сонымен қатар балаларды ұрлау қылмысына қатысты жаза да айтарлықтай қатаңдатылды. Аталған қылмыс орын алған жағдайда бұрын 7-12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру қарастырылған болса, биылдан бастап бала ұрлағандар 10 жылдан 15 жылға дейін темір торға тоғытылады.
«Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дейді қазақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын жүргізілген сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың 75 пайызы баланы таяққа жүгініп тәрбиелеуді қалыпты жағдай деп қабылдаған.
– «Біздің ата-анамыз біз таяқ жеп өстік жаман болған жоқпыз. Менің балам да таяқ жеп өссін, жаман болмайды» деген пікірді алға тартады. Бірақ біз мәселеге басқа қырынан қарамаймыз. Мен таяқ жедім, жеткілікті түрде жақсы бола алдым ба? Яғни пайызбен қарайтын болсақ, мысалы менің 40-50%- ға потенциалым ашылды. Иә, қолымнан бір нәрсе келеді, қоғамда өз орным бар. Ал неге менің потенциалым 80-90%-ға ашылған жоқ? Мүмкін сол ұрып-соғудың кедергісі бар шығар, – дейді психолог Ержан Мырзабаев.
Дей тұрғанмен қазір балаларды ұрып-соғатын ата-аналардың қатары азайып келеді. Оның бірден бір себебі заман ағымына сай ұрпақтардың алмасуы. Мәселен, 1963-1980 жылдар аралығында дүниеге келгендер X ұрпақтар болса, Y немесе «миллиениум» санатына 1981-2000 жылдар аралығында дүние есігін ашқандар жатады. Ал XXI ғасырда туған буын – Z ұрпағы деп аталады. Бұл буын ғылым тілімен айтқанда «центениалдар» атауын алған. Z ұрпағы – бойында күш-қуаты мол, тез жетілетін және кез келген ақпаратты фильтрден өткізе білетін балалар. Центениалдар – жаңалыққа жақын, көріп білмекке құштар буын. Нумеролог мамандардың мәліметінше, Z ұрпақтары кез келген адаммен жас ерекшелігіне қарамастан тез тіл табысып, ортақ тақырыпта әңгімелесіп кете алады. Бұл ақпаратты не үшін айтып отыр десеңіз, айтпағымыз – аталған буындағы «біліп туған» балаларды ұрып-соғып тәртіпке келтіремін деу жаңсақ пікір. Тәрбиелеудің тиімді әдісі – досындай сырласа білу және қажетінше кеңес, бағыт-бағдар беру екенін естен шығармаған абзал.
Түйін! Сіз балаңызды өзгенің баласымен салыстырып сынасаңыз да, дауыс көтерсеңіз де ол сізді жақсы көруін жалғастырады. Бірақ өзін жақсы көруді тоқтатуы мүмкін. Ал бала өзін жақсы көрмесе, өзіне сенімді бола алмаса тұлға болып қалыптасуы екіталай.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!