фото: ашық дереккөзден алынды

Иә, атақты Кристиан Диор туралы айтқанда Митца Брикар мен Марлен Дитрих еске түседі. Себебі екеуі де дизайнердің музасы еді. Бірақ Диордың өзі оны бақ әкелетін бойтұмарға теңеген тағы бір музасы болғанын білесіз бе?

Ол қазақ қызы – Алла Ильчун. Сән үйі құрылғаннан бері шебердің жанында болған қазақ қызы сол жерде 20 жылға жуық қызмет еткен. Алла Ильчун туралы білетіндердің көбі оны Шығыстың маржаны, Диордың бойтұмары, Диордың музасы, тіпті қазақтың күлше қызы деп атаған. Себебі мейманханаларда ыдыс жуып жүрген Алла аяқ астынан танымал модельге айналған. Оның белі бар болғаны 47 см болғанын білесіз бе? Міне, солайша ол өзінің қылдай жіңішке белімен көзге түскен.

Алла Ильчуннің отбасы жайлы ақпарат аз. Әкесі Қуантқан Алматы қаласында тұрған, байдың ұлы болған. Теміржол мамандығын тәмамдап, Түркісіб құрылысын жүргізуге де атсалысқан. Кейін іссапар барысында Харбин қаласында Алланың анасы Татьянамен танысқан. Ал Татьяна − опера әншісі. 1917 жылы болған революция кезінде олар бірнеше жыл Харбин қаласында тұрып, кейін Парижге қоныс аударған. Бірақ кемеге тек Алла мен анасы ғана отырып үлгерген деседі. Содан кейін әкесі із-түссіз жоғалған.

Түрлі жұмыс істеп, кейін әлемге танылған Алла Ильчунды нәзік әрі қылықты болған деп сипаттайды. Ашық дереккөзге сүйенсек, ол подиумға шығып, таныла бастаған кезде барлық қыз Алла Ильчун секілді болуға тырысқан. Кейін ол саясат пен экономика ғылымдарының докторы, поляк жігіті Марк де Дюлменьге тұрмысқа шығады. Ғалым болса да, ол Диор студиясында фотограф ретінде еңбек ететін. Екеуі камера артында танысып, кейін отау құрған.

Еңбек еткеніне 20 жыл толғанда жанкүйерлерінің есінде әдемі, сұлу күйінде қалғысы келіп, мансабын аяқтаған.

Кристиан Диор − әлемге танымал Dior брендінің негізін қалаған дизайнер. Ол 6 жасқа толғанда отбасымен бірге Парижге көшкен. Ең қызығы 14 жасында бір сыған Кристиан Диордың болашағын болжап, әйелдердің арқасында байлыққа кенелетінін айтқан. Әрине жас бала оның сөзіне иланбайды, себебі Кристиан Диордың отбасының жағдайы жақсы еді. Бірақ шығармашылық бағытта бет бұрған ол араға бірнеше жыл салып сән үйін ашты.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!