Күн сайынғы ас мәзіріңізге бір уыс жаңғақ қосыңызшы. Сол-ақ екен, денеңіз жеңілдеп, ойыңыз сергіп, көңіл күйіңіз көтеріледі. Қан қысымы мен холестерин деңгейін төмендетуге де атсалысады. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі де бар. Қарастырайық.
Зерттеулерге сүйенсек, күніне 28 грамм жаңғақ жеу жүрек-қан тамыр ауруларының қаупін 21 пайызға төмендетеді. Ең қызығы, жоғары калориялы тағам саналса да, жаңғақты қалыпты мөлшерде тұтыну салмақ қоспайды. Керісінше, құрамындағы май, талшық пен ақуыз тоқтық сезімін ұзақ сақтап, аштықты басады. Харвард медицина мектебінің тамақтану эпидемиологі Дейрдре Тобиас: «Жаңғақтарды ұдайы тұтыну шынымен салмақ жоғалтуға алып келеді», – дейді. Сонымен қатар бадам және грек жаңғағындағы калория мөлшері біз ойлағаннан кем дегенде 20 пайызға аз екені анықталған.
Диетологтардың айтуынша, денсаулыққа айрықша пайда әкелетін жаңғақтар тізімінде бадам да бар. Біріншіден, басқа жаңғақтарға қарағанда оның құрамында талшық көбірек. Бір шыныаяқтың өзінде 17,9 грамм талшық бар. Ал ол қатерлі ісік пен ІІ типті қант диабетіне шалдығу ықтималын азайтады әрі салмақты да бақылауға көмектеседі. Бадам сонымен қатар Е дәруменіне бай, ол терінің саулығын, иммундық жүйені әрі қан тамырларының жұмысын жақсартады. Бір кесе бадамның құрамында 386 миллиграмм магний бар, бұл бұлшықет қызметі үшін таптырмас көмек.
Тағы бір керемет жаңғақтың бірі – пісте. Бір шыныаяқ пістенің құрамындағы 1250 миллиграмм калий бар. Бұл ми жұмысы мен бұлшықеттерді дұрыс басқаруды жақсартады. Бұл жаңғақ сонымен қатар В6 және В1 дәрумендерінің таптырмас көзі. Ол иммундық денсаулықты нығайтуға, қан аурулары анемиясының алдын алуға және жүктілік кезінде жүрек айнуын азайтуға пайдалы. Ал бразилия жаңғағына тоқталатын болсақ, оның құрамында басқа тағамдармен салыстырғанда селеннің ең көп мөлшері кездеседі. Селен – қалқанша безінің саулығына көмектесе отырып, лейкоциттерді ағзаның ауру және инфекциямен күресу қабілетін жақсартатын жасушаларды күшейтетін қоректік зат. Бірақ оны мөлшерден тыс тұтынсаңыз, мәселе туындауы мүмкін. Өйткені селеннің рұқсат етілетін ең жоғарғы шегі шамамен 400 микрограммды құрайды, ал әрбір жаңғақта шамамен 95 микрограмм бар. Демек, бразилия жаңғағын көп дегенде күніне үшеуден жеген абзал.
Жержаңғақ жайлы айтсақ, құрамында басқа жаңғақтармен салыстырғанда ниацин көбірек. Ниацин – жүйке және ас қорыту жүйелерін қолдайтын, әрі артрит ауруын төмендетуге атсалысатын В дәрумені. Олардың құрамындағы көп талшықтың арқасында жержаңғақ өт тастарының пайда болу қаупін азайтуы әбден мүмкін. Бұған қоса, жержаңғақта 2,2 миллиграмм Е дәрумені бар. Бұл ұсынылатын тәуліктік тұтынудың 15 пайызын құрайды. Сонымен қатар жаңғақтардың басым бөлігіндегі пайдалы майлар, дәрумен мен минералдардың құрамы ұқсас болғанымен, грек жаңғағы өз алдына ерекше. Себебі ол омега-3 май қышқылдарының қосымша көзі.
Міне, біздегі ақпарат осындай. Әр өнімнің пайдасын біліп жүргеніміз абзал.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
