Кейде адам мүлде жаңа жерде тұрса да дәл осы сәтті бұрын бастан өткергендей күй кешеді. Жаңа танысқан адам, бұрын бармаған көше, алғаш естіген әңгіме – бәрі де болған, көрген сәттер сияқты таныс әсер қалдырады. Міне, осы ерекше психологиялық құбылыс «дежавю» деп аталады.
Дежавю – француз тілінен аударғанда «бұрын көргенмін» деген мағынаны білдіреді. Бұл – адамның қазіргі сәтті бұрын бастан өткергендей сезінуі. Сондай-ақ ол шынайы естелік емес, тек мидың «таныстық иллюзиясы». Яғни, жағдай расында алғаш рет болып жатыр, бірақ ми оны қателесіп «ескі ақпарат» ретінде қабылдайды.
Ғалымдардың айтуынша, адамдардың шамамен 60-80% өмірінде кемінде бір рет дежавю сезінеді. Көбіне 15-25 жас аралығында жиі кездеседі деседі.
Дежавю – мистика емес, нейропсихологиялық құбылыс. Оның бірнеше ғылыми түсіндірмесі бар. Ми ақпаратты екі жолмен өңдейді, бірі – жаңа жағдайды қабылдау, екіншісі – естеліктерді тану. Кейде осы екі жүйе қатар іске қосылып кетеді. Нәтижесінде ми жаңа сәтті «бұрын болған» деп қате тіркейді.
Кей теория бойынша, көзбен келген ақпарат миға бір мезетте емес, микросекундтық айырмашылықпен жетуі мүмкін. Бір бөлігі ертерек өңделіп, ми оны «ескі» деп белгілейді, ал екіншісі «жаңа» ретінде қабылданады. Осыдан «бұрын көргендей» әсер туады. Аталған жайдың тағы бір себебі ұйқының жетіспеуі, эмоционалдық күйзеліс, шамадан тыс ой жүктемесі мидың жұмыс ырғағын бұзып, дежавюді жиілетуі мүмкін.
Зерттеулерге сүйенсек, дежавю көбіне жас адамдарда, шығармашылық қиялы күшті жандарда, жиі саяхаттайтын адамдарда және шаршаған немесе ұйқысы қанбаған кезде байқалады екен.
Діни тұрғыда алып қарайтын босақ, аталған құбылысқа қатысты ислам дінінде де, христиан дінінде де нақты деректер айтылмаған. Десе де ислам діні өкілдерінің атуынша, мұның астарында «Ләухул- Махфуз» тағдыр кітабы жатыр. Яки адам қандай да бір оқиғақайталанып жатқандай сезінсе, оны дінде түс әлемінде көрген сәттердің жадымызда сақталып қалған үзіктерімен байланыстырады. Көп жағдайда дежавю – қалыпты құбылыс және денсаулыққа зиян емес. Алайда дежавю өте жиі қайталанса, бас айналу, ес жоғалту қатар жүрсе және уақытты, орынды шатастыру байқалса дәрігерге қаралған дұрыс. Себебі сирек жағдайда ол эпилепсияның самай бөлігімен байланысты түрінің белгісі болуы мүмкін.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша дежавю әсерінің 7 түрі бар. Алғашқысы жоғарыда атап өткеніміздей, ең танымал «классикалық дежавю». Бұл кезде адам белгілі бір жағдайды, орынды немесе сәтті бұрын бастан өткергендей сезінеді. Бірақ нақты қашан, қай жерде болғанын есіне түсіре алмайды.
Екіншісі «дежа веку» – дежавюден де терең сезім. Мұнда адам тек көріністі емес, иіс, дыбыс, атмосфераны да танығандай болады. Кейде «қазір не болатынын білемін» деген сезім пайда болады. Фильмдердегі болашақты алдын ала сезетін көріністер осы құбылысқа ұқсас.
Үшіншісі «дежа визите» өте сирек кездесетін құбылыс. Адам бұрын болмаған жерде өзін еркін сезінеді, тіпті бағыт-бағдарды білгендей болады. Мысалы, жаңа қалаға барса да, көшелерді «танып» тұрғандай әсер алады. Бұл құбылыс кеңістік пен орынға қатысты.
Төртінші түрі – «дежа сенти». Бұл – белгілі бір сезімнің қайта оралуы. Көбіне дауыс естігенде, бір жазбаны оқығанда немесе естелікке толы жерге барғанда пайда болады. Басқа түрлерден ерекшелігі, мұнда ешқандай «тылсым» әсер жоқ, тек эмоциялық жады іске қосылады.
Бесінші құбылыс «жамевю» – дежавюдің керісінше түрі. Адамға таныс нәрсе кенеттен бөтен көрінеді. Мысалы, жақсы білетін сөзге қарап, оның мағынасы жоқтай сезінуіңіз мүмкін. Ғалымдар мұны ми шаршағанда пайда болатын уақытша құбылыс деп түсіндіреді.
Алтыншысы «пресквю» – халық арасында «тілімнің ұшында тұр» дейтін жағдай. Адам сөзді біледі, бірақ есіне түсіре алмайды. Алғашқы әрпін немесе мағынасын шамалайды, бірақ толық айта алмай қиналады. Сөз есімізге түскенде үлкен жеңілдікті сезінеміз.
Ал соңғысы – «баспалдақ ақыл» немесе «кеш келген ой» деп аталады. Бұл – керемет жауап немесе тапқыр сөз ойға тым кеш келетін жағдай. Біреу сізді ренжітті, ал сіздің өткір жауабыңыз әңгіме біткен соң ғана ойға келеді. Қазақы түсінікке жақын баламасы «ақылы кейін кіру».
Дежавюдің әрбір түрі мидың ақпаратты өңдеу тәсілдерінің ерекшелігін көрсетеді. Кейде бұл шаршаудан, күйзелістен немесе ақпараттың шамадан тыс жүктелуінен туындауы мүмкін.
Дежавю – адамның жады, сана және уақытты қабылдау механизмдерінің күрделілігін көрсететін феномен. Ол мидың шексіз мүмкіндіктері бар екенін дәлелдейді. Біз өз санамызды толық түсініп болмағандықтан, ғылымда дежавю әлі де құпия күйінде қалып отыр.
Дежавю – болашақты болжау да, өткен өмірдің белгісі де емес. Бұл мидың ақпаратты өңдеу кезіндегі кішкентай «қателігі». Бірақ дәл осы «қателік» адам санасының қаншалықты күрделі әрі ғажайып екенін көрсетеді. Егер сен де бір сәтке тоқтап, «мен мұны бұрын көргенмін» деп таң қалған кезің болса, сен жалғыз емессің. Бұл адамзатқа ортақ құбылыс.
А.МАРАТҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
