Болып жатқан оқиғаны бұрын-соңды басыңыздан өткеріп немесе түсіңізде көрген секілді күй кешіп көрдіңіз бе? Мұндай жағдай сіздің де басыңыздан өтті. Ал мұны ғылымда «дежавю» деп атайды. Ендеше осы құбылыс туралы талдап көрелік.

Дежавю – басыңыздан бұрын өткендей сезілетін жағдай. Басқа қырынан қарасақ, дәл қазір болып жатқан жағдайға осыдан біраз уақыт бұрын тап болғандай күй кешу. Ол – француз тілінен аударғанда «көріп қойғанмын» деген мағына берсе керек. Яғни бұл іс-әрекет бұрын болғандай көрінетін психикалық ахуал. Бірақ бұл сезім дәл ертеректегі оқиғамен байланыспай, жалпы болған кезбен сәйкеседі.

Дежавю кезінде бірнеше секундтан кейін не болатынын алдын-ала аңғарасың. Тіпті сол сәтте қарсы тұрған адамның не айтқысы келіп тұрғанын білесің. Әдетте бұл сезім 5-10 минутқа созылады.

Негізінен дежавю кезінде адамдар олардың ата-бабасы бастан кешкен жағдаймен бетпе-бет келеді. Мұның кеңінен тараған бірнеше себебі бар.

Атап айтсақ, дежавюді сезінетін адамдардың басым бөлігінде психикалық ауытқу мен жүйке жүйесінің орнықты жұмыс істемеуі байқалған. Одан соң – эпилепсия. Талма ауруына шалдыққан адамдар мұны басқалардан жиі кешіреді. Ал күйзеліс кезінде құбылысты сезіну жүйкеге күш түскенде көбірек сезіледі және мидың шайқалуы, бас сүйектің зақымдануы дежавюдың туындауына себеп болады.

Таңның атуы, әдемі ғимарат көру, ұстау арқылы ми қабылдаған сезімдер санада сақтаулы тұрады. Араға уақыт салып, сондай сезімдерді өзге қалада, не елде сезінеді. Сол себепті ми бұрын орын алған оқиға ретінде белгі береді.

Дежавю құбылысының ең қарапайым түсіндірмесі, «ұмыт болған түс» деп аталады. Көп жағдайда белгілі бір нәрсені шектен тыс уайымдап, оқиғаның қалай өрбитінін өзіміздің санамызда елестетуге тырысамыз. Кейін оны түс ретінде де көреміз. Нәтижесінде есте қалмаған түстер шынайы өмірде орын алуы осы құбылыстың туындауына себеп болады.

Тәжірибеге сүйенсек, бастапқы уақытпен салыстырғанда, ғылым бұл құбылысты зерттеу саласын дамытуда ілгері жылжығанын байқаймыз. Өйткені жаңа теория мен тәжірибе қорытындысы пайда бола бастады.

XX ғасырдың ортасында Уайлдер Пенфилд эпилепсия дертіне шалдыққан адамдармен жұмыс істеген. Олардың миына аздаған электр разряды жіберілген. Емделушінің көз алдына бейнелер келіп, кейін дежавю құбылысын сезінгенін айтқан. Сол сәттен оны ми жұмысының бұзылуымен байланыстырады. Бірнеше мыңдаған зерделеу барысында мидың гиппокамп аймағы мен ми сыңарлары оның туындауына себеп болған. Гиппокамп дегеніміз – мидың бұл бөлігі ақпаратты жинайды, сараптайды және сақтайды. Ол адамға өткен мен бүгінді ажыратуға сол арқылы кітапты бұрын оқығанын, фильмді көргенін, адаммен таныс екендігін ұғады. Бірақ жаңа мен ескі ақпарат арасындағы шекара бұзылып, гиппокампқа күш түскен жағдайда оның жұмысы бұзылады.

Дежавю – ғылым сырын әлі ұқпаған құбылыс. Осы уақытқа дейінгі зерттеулерде мүмкін себеп пен олардың нұсқалары ұсынылды. Бірақ әлі де жауабы табылмаған сұрақ күйінде қалады.

Ақкербез ҚУАНЫШБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!