BAQ.KZ. Қарбыз монодиетасы артық салмақтан арылудың ең танымал маусымдық тәсілдерінің бірі саналады. Бір қарағанда, қарбыз – ағзаны артық сұйықтықтан тазартып, жеңілдік сыйлайды. Құрамында калориясы аз, бірақ суы мен пайдалы элементтері мол қарбызды тұтыну метаболизмді жандандырып, денені сергітеді. Алайда қарбызбен диета ұстамас бұрын, дәрігермен кеңескен дұрыс.

Диетолог, Астана Медицина университеті жанындағы академик Е.Д. Даленов атындағы ғылыми зерттеу институты СӨС орталығының басшысы Жанна Нұрберген BAQ.KZ тілшісіне қарбызбен диета ұстауға қатысты өз пікірін айтты.

Қазіргі таңда қарбыздың монодиетасы қалалық жерде тұратындар үшін қауіпті. Өйткені өкінішке қарай, қалада таза қарбыз жоқтың қасы. Бүгінгі таңда барлық қарбыз нитраттар және нитреттермен өсіріледі. Біріншіден, ол сау адамның өзіне токсикалық әсер беруі мүмкін. Екіншіден, ұзақ уақыт қарбызды көп тұтыну – ағзамыз үшін өте зиян. Нитрит деген – ол ағзамыздан шығып кетпейтін химиялық зат. Ол дәретпен ағзадан шығарылмайды. Қарбыздың құрамындағы нитреттер, яғни химиялық заттар ішектерге жинала берді. Сөйтіп күндердің күнінде адамдар аллергия, аллергиялық ринит, псориаз, экзема, түрлі жаралардың пайда болуынан зардап шегуі ықтимал, – деп атап өтті дәрігер.

Айтуынша, ұзақ уақыт бойы қарбыз жеу сол уақытта білінбесе де, уақыт өте көрінеді.

Үй жағдайында өсірілген, ешқандай химиялық қоспасыз таза қарбыз болмаса, қалалық жерде сатып алып диетаға отыруға кеңес бермеймін. Бұрын қарбыздың монодиетасы танымал болатын. Қазір оның орнына күріш,айранмен диета ұстауға болады. Қарбыз – пайдалы болғанымен, диета ұстауға негіз емес, – деді диетолог.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!