Адам баласы сана күші мен табиғатты тануға, құштарлығына байланысты ұдайы, үздіксіз дамып отырды. Сондай дамудың бір дәлелі – дөңгелек.

Дөңгелектің адамзат тарихындағы рөлін асыра бағаламау мүмкін емес. Дөңгелектен қарапайым не болуы мүмкін? Дегенмен, адамдар бұл жаңалыққа мың жылдан астам уақыт жұмсаған.

Біз көріп жүрген, көзімізге үйреншікті дөңгелек бірден дөңгелек қалыбына түскен жоқ. Барлығына уақыт куә. Тарихқа зер салсақ дөңгелектің пайда болуы, жай бөрене ағаштан шығады. Атқаратын қызметіне байланысты ежелгі адамдар затты тасымалдау үшін бөренелерді жерге төсеп затты сырғытып отырған.

Бұл әдістер ежелгі Пирамидалардың салынуында қолданған деседі. Бастапқыда 2 тонналық ауыр тастарды итермес бұрын құмға су сепкен, содан соң құмды ылғалдандырып, тығыз жағдайға келтіріп, тастарды шанада тасыған. Кей зерттеулерде, тастың астына бөрене қойып жылжытқан деген дерек кездеседі. Адам күші жетпеген жерге айласы жеткен ғой. Осылай ауыр-ауыр тастарды жылжыту арқылы биік ғимараттар салынған.

Константинопольді аларда да дәл осы әдіс қолданғаны белгілі болды. ІІ Мұраттың мұрагері ІІ Мехмед Константинопольді 2 ай бойы 200 мың әскерімен қоршауға алады. Қаланы алу оңайға түспеген. Сұлтан Мехмет Еуропа жақтан қорған болатын қамал сала бастайды. Қамал Босфор бұғазының ең тар тұсына – Азия құрлығындағы Баязит сұлтан кезінде салынған қамалға қарама-қарсы тұрғызылады. Осылайша, екі қамалдың арасын 660 метр ғана бөліп тұрады. Осындай тактикалық қадам арқылы сұлтан теңізден өтетін кемелердітолықтай өз бақылауына алады.

Сұлтан бұдан бөлек түрлі санаттағы кемелер жасатып, флотты күшейтеді. Себебі Константинополь – теңізге жақын, түбекті қала. Оған теңіз арқылы ғана жетуге болады. Сұлтан кемелерінің саны соғыс қарсаңында 400-ге дейін жетеді. Мехмет Фатих Константинопольді құрлық жағынан 250 мың әскермен, теңіз жағынан 420 кемемен қоршауға алады. Қаланың ең осал тұсы бұғаздың тар қолтығы еді. Алайда, ол жерге мықты қорғаныс жасалған. Кемелердің жақындауына мүмкіндік бермейді. Атырапты жіті зерттеген сұлтан мен әскери қолбасшылар бетпе-бет келмей айналып өтіп, бүйірінен шабуылдамақ болады. Бірақ бұл үшін кемелерді құрлықпен тасымалдау қажет. Бұл бұрын-соңды қолданылмаған әскери әдіс болатын. Жаудың ешбір күдігін тудырмау үшін шайқас әдеттегідей жүріп жатады. Түн ішінде зәйтүн майымен майланған ағаш бөренелер үстімен дөңгелете отырып 70 кемені тасымалдап өтеді. Күн қылау берген шақта қаланың қабырғасына оқ жетердей жерде жетпіс кеме шайқасқа дайын тұрады. Бұл да «дөңгелек» ұғымының іс жүзінде қалай пайдаға асқанына айғақ бола алады.

Алғашқы көлік доңғалақтары бес мың жылдан астам уақыт бұрын Месопотамияда пайда болды және жалпы шеңбер нүктесіне мықтап бекітілген бөренелер кесілген. Бұл қарапайым дизайн біздің ата-бабаларымызға шамамен бір жарым мың жыл бойы келесі серпіліс болғанға дейін және ағаш ілмектері бар дөңгелекті ойлап тапқанға дейін қызмет етті. Бұл дөңгелек жеңілірек болды және материалды үнемдеуге мүмкіндік берді. Соғыс күймелерінің доңғалақтарының беріктігін арттыру үшін кейбір халықтар қазіргі көлік дөңгелектері сияқты металл шеңберді қолдана бастады.

Дөңгелектің даму тарихы тұтастай алғанда адамзаттың технологиялық даму тарихын аша көрсетеді. Техникалық тамаша жетістіктер толқыны бір орында тұрмайды, жыл сайын жаңа материалдар мен технологиялар ашылады. Мүмкін жақын арада тағы бір серпіліс болып, көлік дөңгелегі қайтадан өзгереді.

Адамға қозғалу үшін дөңгелек керек, елестетіп көріңізші, егер дөңгелектер болмаса, көліктер де, арбалар да болмас еді, сонда адам барлық салмақты өзі көтеріп, үнемі жаяу жүруі қажет болады. Дөңгелекті ойлап табу – адамзат тарихындағы ең үлкен жаңалықтардың бірі.

Себебі, заман технологиясы қанша дамыған сайын дөңгелектің өзектілігі де артуда. Мысалы, толығымен темір сауытпен қапталған танкі болсын, алыс жерлерге ұшатын ұшақтар болсын, т.б. әртүрлі салаларда өзекті.

Ал сіз қалай ойлайсыз? Келешекте дөңгелек қолданыстан шығып қала ма, әлде әркез қолданыста болып, дами түсе ме?

Қазыбек ШАХАНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің магистранты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!