Егер бір күні жер бетінен барлық жәндік ғайып болса не болар еді? Адамзат бұл өзгерісті бірден аңғармауы мүмкін. Қала көшелері тынышталып, маса шақпай, шыбын ызыңы естілмей қалар еді. Алайда бұл дауылдың алдындағы тыныштық секілді. Өйткені жәндіктер – табиғатта аса қатты көрінбесе де, маңызды рөл атқаратын тіршілік иелері.

Ғалымдардың дерегінше, жер бетіндегі гүлді өсімдіктердің шамамен 70%-ы жәндіктер арқылы тозаңданады. Ара мен көбелек жоғалса, алма, шие, өрік, қауын, асқабақ секілді өнімдер сирей бастайды. Тіпті таңертеңгі кофеміз бен сүйікті шоколадымыз да қолжетпес дәмге айналар еді. Бір қарағанда ұсақ жәндіктер адамзат асханасының тең жартысын қамтамасыз етіп отыр екен, ә!?

Жәндіктер азық-түлік тізбегінің де маңызды бөлігі. Құстардың басым бөлігі жәндікпен қоректенеді. Егер олар жоғалса, құстар азайып, тіпті жыртқыш аңдар да жойыла бастайды. Табиғаттағы бір буын үзілсе, бүкіл жүйе шайқалатынын осыдан-ақ байқауымызға болады.

Қызық дерекпен бөліссек, құмырсқалар топырақты қопсытып, оны құнарландырады. Бір гектар жердегі құмырсқалар бір жылда бірнеше тонна топырақты аударып шығады екен. Ал қоңыздар мен дернәсілдер шіріген өсімдіктер мен өлекселерді ыдыратып, табиғатты «тазалаушы» қызметін атқарады. Егер олар болмаса, жердің беті баяғыда-ақ шірінді мен қалдыққа толып кетер еді.

Жәндіктер медицина мен ғылым үшін де аса құнды. Шағып алады деп қорқып жүрген араңыздың уы кейбір ауруларды емдеуде қолданылады, ал жаздай мазаны алатын шыбын дернәсілдері хирургияда жараны тазалау үшін пайдаланылады. Бұл – жәндіктердің адам өміріне тікелей пайдасының бір ғана мысалы.

Жәндіктердің жоғалуы адамзат экономикасына да ауыр соққы болар еді. Ауыл шаруашылығы химиялық тыңайтқыш пен жасанды тозаңдандыруға тәуелді болып, өнімнің өзіндік құны бірнеше есе өседі. Қазір Қытайдың кейбір аймақтарында адамдар алма ағаштарын қолмен тозаңдандырып жүр. Бұл – жәндіктер азайған кезде адамды қандай болашақ күтіп тұрғанының нақты көрінісі. Табиғаттың тегін атқарып келген қызметін техникамен алмастыру қымбат әрі тиімсіз.

Сонымен қатар жәндіктер климат тепе-теңдігін сақтауға да үлес қосады. Олар өсімдіктердің көбеюіне ықпал етіп, ормандардың жаңаруына жағдай жасайды. Ал орман – көмірқышқыл газын сіңіретін басты табиғи сүзгі. Демек жәндіктердің азаюы климаттың жылынуын да жеделдетуі мүмкін. Бұл байланыс көзге көрінбегенімен, табиғатта бәрі бір-бірімен тығыз сабақтас.

Осылайша ұсақ тіршілік иелерінің тағдыры үлкен өркениеттің болашағымен тікелей байланысты екені айқындала түседі.

Егер жәндіктер жоғалса, табиғат қана емес, адамзат өркениеті де үлкен сынаққа тап болар еді. Сондықтан оларды жою емес, қорғау – болашаққа жасалған ең ақылды қадам. Табиғаттағы ең кішкентай тіршілік иесінің өзі үлкен өмірді сақтап тұрғанын ұмытпайық!

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!