Сәуір – табиғаттың ғана емес, жадымыздың да жаңғыратын айы. Бұл көктемнің қызуы кеудеге үміт ұялатып, өткеннің өнегелі ізіне қайта үңілуге себеп болатын сәт. Биылғы сәуір ерекше. Себебі халқымыздың рухани, мәдени және тарихи мұрасына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар айтулы тұлғаның мерейтойымен тұспа- тұс келіп отыр. Олар – өнер мен әдебиеттің алыбы, ерліктің символы, ел басқарған дара қайраткерлер. Тарих көшінде таңбасын қалдырған осынау есімдерді еске алып, олардың ел үшін сіңірген еңбегін қайта бағамдау әр ұрпақтың парызы. Ендеше айды қорытындылап, сәуірдегі мерейтойларға тоқталсақ.

Айдың алғашқы күнінде туған, қазақ өнерінің жұлдызы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің биыл 100 жылдығы аталып өтті. Ол Алматы облысының Іле ауданында дүниеге келген.

Күй әлемінің сардары, жүректің үнін домбыраға көшірген Тілендиев – қазақ музыкасының ұлы тұлғасы. Ол құрған «Отырар сазы» оркестрі ұлттық саз өнерін әлемге паш етті. «Аққу», «Махамбет», «Көш керуен» секілді күй-поэмаларымен халқымыздың мұңын да, қуанышын да жеткізе білді. Өмір бойы өнерге адал болған тұлғаның есімі елдің есінде мәңгілік сақталады.

Ал 20 сәуірде Кеңес Одағының Батыры, жаужүрек мерген Әлия Молдағұлованың туғанына да 100 жыл толды. Майдан даласындағы қайсар қыздың ерлігі ұрпақ санасына Отанға деген адалдық пен батылдықтың символы болып сіңді. Ленинград қоршауындағы ерлігі, 32 жауды жойған мергендік шеберлігі көзсіз ерліктің жарқын көрінісі. «Жауынгерлер, алға!» деп ұрандатқан жас батырдың өмірі мәңгілік рухтың көрінісі.

22 сәуір – қазақ әдебиетінің классигі, халық жазушысы, академик Сәбит Мұқановтың 125 жылдығы. Оның шығармалары халықтың тыныс-тіршілігін, замана ағымын, ұлттық болмысты бейнелеген өміршең туындылар. «Адасқандар», «Мөлдір махаббат», «Сұлушаш» секілді шығармаларымен ол қазақ прозасына жаңа серпін әкелді. Сонымен қатар ол фольклортанушы, әдебиеттанушы ретінде де ғылымға мол мұра қалдырды.

25 сәуірде туғанына 130 жыл толатын мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың есімі де ел жадынан өшпек емес. Заң, сот және басқару жүйесінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан ол – ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған қайраткерлердің бірі. Жасынан мұғалімдікпен бастап, кейін республикалық дәрежедегі басшылық қызметтерге дейін көтерілген Нұрмақовтың өмір жолы – білім мен парасаттың, елге адал қызмет етудің айқын үлгісі.

Сәуірдегі бұл мерейтойлар – өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастырып, ертеңге аманаттау деген сөз. Бұл – ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Өйткені ұлы тұлғаларсыз ұлт тарихын елестету мүмкін емес.

Динара ЖҰМАДІЛ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!