Нұр-Сұлтан қаласында жас дизайнерлердің «Global Nomads Fashion Awards» байқауы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл – әлеуметтік жоба. Қазіргі уақытта көптеген шетелдік брендтер өнім шығаратын елдермен байланысты күшейтуге аса мән беріп жатыр. Осы орайда бізге отандық «Global Nomads» брендін құру идеясы келді. Бүгінде бірнеше киім үлгілері жасалды, ендігі уақытта креативті жас дизайнерлермен бірлесіп бастаған істі одан әрі дамыта түспекпіз. Бізде талантты жастар көп, солардың ішінен үздігін таңдап бірге жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Идеяға толы дизайнерлердің бүкіл шығынын өзіміз көтереміз», – деді жоба үйлестірушісі Ирина Нечаева.

Оның айтуынша, аталған байқауға дизайнерлік тың идеясы бар кез келген адам қатыса алады. Және сәнқойлар жарысы 5 номинация бойынша өтеді.

«Global Nomads Fashion Awards» жобасын қолдауымыздың бірнеше себебі бар. Кез келген турист барған жерінен бір ерекшелікке құмартады, әр елдің, ұлттың немесе қаланың өз ерекшелігі бар. Отандық туризмді ілгерілету мен сырттан туристерді тарту бағытында осы секілді шараларды қолдау керек. Сән қашанда, қай елде де әрдайым назарда. Жас дизайнерлерге үміт зор. Сәнді киім жасау кезінде ұлттық құндылықтар мен ерекшеліктерді ұмытпаса екен. Біз өзгелерден сол жағымен ғана ерекшелене аламыз», – дейді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы АҚ туристік өнімдерді дамыту департаментінің директоры Даниел Сержанұлы.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, сән байқауының нәтижесі 2022 жылдың наурыз айында белгілі болады.

Аталған шараның өтуіне «Global Nomads» киім бренді ұйытқы болса, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен ЮНЕСКО клубтарының ұлттық қауымдастығы серіктес болып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!