Елімізде Президент тапсырмасымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып бекітілген. Биыл 8 қыркүйек күні аталып өтетін бұл мейрам үлкен маңызға ие. Әлем халықтары 15 мамыр күні тойлайтын бұл қос мерекенің мақсаты – қоғам назарын отбасы мәселелеріне аудару және отбасы құндылықтарын нығайту. Ғалымдардың зерттеуіне сүйене отырып, отбасы жайлы қызықты фактілерге назар аударсақ. Әлемдік статистикаға сәйкес, 7 жыл некеден кейін ажырасу ықтималдығы 50% төмендейтін көрінеді. Бір қызығы, тұрмыс құрмаған немесе ажырасқандарға қарағанда үйленген ер адамдар мен тұрмысқа шыққан әйелдер ұзағырақ өмір сүреді екен. Сондай ақ, саусаққа неке сақинасын тағу дәстүрі ежелгі Египеттен бастау алған. Мысырлықтар жүрекке қан апаратын махаббат тамыры дәл осы саусақта пайда болады деп сенген.
181 адамы бар отбасы
Әрбір отбасы өзінше дара. Дегенмен әлем халықтарында кездесетін кей отбасылар қайталанбайтын ерекшелікке ие. Мәселен әлемге «ең үлкен отбасы» атымен танылған Қытай азаматы Чанның шаңырағындағы отбасы мүшелерін бір фотоға жинақтап түсірудің өзі қиын мәселе деседі. 74 жастағы Зион Чанның 39 әйелі, 94 баласы, 14 келіні мен 33 немересі бар. Отбасы құрамында барлығы 181 адам жүз бөлмелі төрт қабат шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Екі баладан артық дүниеге әкелуді құптамайтын Қытай саясатын ескерсек, сіз де алғашында біз секілді таңқалғаныңыз ақиқат. Дегенмен бұл отбасы Үндістанның Мизорам штатының тұрғындары екен. Жергілікті халықтың айтуынша, Зион қайда сапарласада жанында 7-8 әйелінің жүргенін қалайды және бұл отбасы уақытты босқа өткізбейді. Әйелдері кезектесіп ас әзірлесе, қыздары үй жинап, кір жуады. Ал ер балалар егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. 180 мүшесі бар отбасы күніне 90 келі күріш, 58 келіден астам картоп, 39 тауық етін тұтынады. Иә, бір күнде!
Қуыршақ келіншек
Қатерлі ісік ауруына шалдыққан 28 жастағы қытайлық азамат әйелін жалғыз қалдырмау үшін қуыршаққа үйленуге шешім қабылдаған.
Жақындарының айтуынша, көп ұзамай дүниеден өтетініне көзі жеткен жігіт неке қию рәсімінің қуанышын сезінгісі келген. Аты-жөнін құпия сақтаған ер адам үйлену тойын барлық ережеге сай өткізді. Мәселен, ол «қалыңдығына» той көйлегін таңдап, оған шаштараз бен визажист жалдаған және үйлену тойының фотосессиясын ұйымдастырған.
Той рәсіміндегі суреттер мен бейнероликтер желіде тез тарап, миллиондаған қаралым жинаған. Кейбір қолданушылар қытайлық жігіттің бұл қылығын қуыршақ дүкенінің маркетингтік науқаны деп сынға алды, бірақ жас жігіттің шынайы ниеті елдегі бірқатар БАҚ жариялаған соң ғана белгілі болды.
Ергежейлілер отбасы
Үндістанның Хайдарабад қаласында 55 жастағы Рам Радж Чаухан өзінің ерекше отбасымен өмір сүруде. Отбасы мүшелерінің көпшілігі ахондроплазия деп аталатын генетикалық аурумен дүниеге келген. Аталған дерт аяқ пен қолдың өсуіне әсер ететін ергежейліліктің бір түрі. Отбасында барлығы 11 адам болса, олардың 9-ы осы дертке шалдыққан.
Өкініштісі, көпшілік Чаухан отбасын келеке етететін көрінеді. Себебі олар бұл отбасыға жұмыс табу тұрмақ, жүріп-тұрудың өзі қиын екенін ескермейтін сыңайлы. Отағасы Рам Радж қолынан келетін шаруамен айналысып, отбасының нәпақасын табуда. Кейде дүкендерде жалданып жұмыс жасаса, ал кейде мерекелік кештер мен той- жиындарда түрлі костюмдерді киіп, қонақтардың көңілін көтереді. Құдайдың жаратылысын көріп күлетін һәм көңіл көтеретін адамдардың есі дұрыстығына күмәнім бар…
Ағайынды альбиностар
Үнді елінің азаматтары 45 жастағы Мани Пуллан мен 50 жастағы Розетаури ерекше отбасының ата-анасы саналады. 1983 жылы шаңырақ көтерген олар әлемдегі ең үлкен альбиностар отбасын құрып, дүниежүзілік Гиннес рекордтар кітабына еніп отыр. Бүгінде Пулландар отбасының 10 мүшесі бар. Олардың балаларының барлығы да альбинос диагнозымен дүниеге келген.
Альбинизм – өте сирек кездесетін дерт. Статистикаға жүгінсек, жер бетіндегі 17 000 адамға шаққанда бір альбиностан келеді екен. Олар өзгелерден шашы мен қасының сүттей ақтығы және тері түсінің бозғылт болуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар аталған отбасы көз көруінің нашарлығымен қатар өзгелердің жағымсыз көзқарасынан айтарлықтай зардап шеккен.
Розетаури мен Манидің алты баласы бар: 24 жастағы Шанкар, 25 жастағы Виджай, 19 жастағы Рамкишан, 23 жастағы Рену, 21 жастағы Дипа және 18 жастағы Пуджа. Альбинизм ата-анадан балалардың барлығына да генмен берілген. Кейінірек олардың қыздары Рену 27 жастағы альбинос Рошеге тұрмысқа шықты. Бұл жас отбасының ұлы Дхарамрадж қазір 2 жаста және ол да 100% альбинос көрінеді.
Аталған отбасы Делиде шағын пәтерде ғұмыр кешуде. Дегенмен олардың нағыз үнді елінің азаматы екеніне тұрғындар күдікпен қарайтын көрінеді. Бұл туралы Розетаури журналистерге берген сұхбатында «бізді басқалар «ангрез», яғни ағылшын санайды» деген.
Гиннес рекордтар кітабына ену Пулландар отбасының өмірін айтарлықтай өзгеріске алып келді. Десе де генетикалық тұрғыда ерекше жаратылған жандардың өміріне нәсілдік кемсітушілік әсер етпей ме деген ой алаңдатады…
86 әйелі, 170 баласы бар
Нигериялық Мохаммед Белло Масаба әйелдерді қатты жақсы көргені сонша, олардың арасында таңдау жасай алмаған. Осы себепті ол өз іне ұнаған қыздардың барлығына үйленуге шешім қабылдады.
Нәтижесінде Масабаның 86 әйелі болған көрінеді. Ең таңғаларлығы , осы әйелдердің барлығынан 170 бала дүниеге келген.
Бір қызығы, оның әйелдерінің көп бөлігі Масабаның кейбір балаларынан кіші көрінеді. Мохаммед – мұсылман. Ал исламда ер а дам тек 4 әйелге үйленуге құқылы, сондықтан 2008 жылы ол «діни заңд арды елемегені үшін» қамауға алынды.
Заң өкілдері тарапынан оған тек төрт әйелін қалдыру ұсынылған болатын. Дегенмен Масаба бұл ұсыныстан бас тартты. Айтуынша, әй елдің барлығы да оған «аманат» және Құдай оның бұл шешімін құптайды д еп сенеді. Ұсынысқа көнбеген Масаба ақырында түрмеге қамалды. Ең қ ызығы, 86 әйелі мен балаларының барлығы дерлік Масабаның кешірім алуы үшін көтеріліске шыққан.
Нәтижесінде билік оны босатуға мәжбүр болды. Десе де қудалау 4 жылға жалғасқан. 2012 жылы Мохаммед 93 жасында көз жұмды. Осыла йша ол Құдай алдында берген уәдесін бұзбаған деседі.
Әлемдегі ең ұзын ерлі-зайыптылар
Вилко Ван Клифф-Болтон мен Кейша әлемдегі ең бойы ұзын жұп ретінде танымалдыққа ие. Олардың бой өлшемін біріктіргенде 4 метр 9 сантиметр шығады. Қызығы дәл осы ерекшелік бұл жұптың балаларына да дарыған. Бүгінде олардың алты жасар ұлы Лукастың бойының биіктігі 1,34 метр. Бұл қалыпты жағдайда 11 жастағы баланың бойымен шамалас. Ал төрт жасар Ева есімді қызының бой өлшемі 1,07 метрді құраған. Балақайлардың әлі де өсіп келе жатқанын ескерсек, олар болашақта әлі де «планетадағы ең бойы биік отбасы» атануы ықтимал.
Отағасы Вилконың айтуынша, ол он жасында-ақ бойының 1,77 метр болуы жақындарының күдігін тудырған. Себебі бұл британдық ересек адамдардың орташа биіктігі болып саналады. Зерттеулер нәтижесінде Клифф Болтонның денсаулығында ешқандай кінәрат табылмағанын және ол табиғатынан биік екенін жеткізген. Дегенмен төрт жылдан кейін, яғни 14 жасында тізе буыны өз салмағын көтере алмауы қаупімен өсуді тежейтін гормондық екпе қабылдайды. Нәтижесінде Вилко 16 жасында физикалық тұрғыда өсуін тоқтатқан.
Ал Клифф-Болтонның әйелі Кейша 31 жаста. Айтуынша, ол өз өлшеміне сай киім табудың қиын екенін жасырмайды. Әдетте әйелдерге арналған көйлекті футболка ретінде қолданатын Кейша талайдың таңданысын тудырған. Сондай-ақ ол кейбір авиакомпаниялардың ұшағымен сапарлау үлкен мәселе екенін айтады. Дегенмен ол бой биіктігінің пайдалы тұстарына да тоқталды. Мәселен биік сөрелерге еш қиналмай қолы жететінін мақтан етеді.
Менің атым Изобель…
Ұлыбританияда жалғыздықтан шаршаған Грейс Гедлер есімді бойжеткен 2014 жылдың қараша айында өз-өзіне тұрмысқа шығуға ұсыныс жасап, наурыз айында үйлену тойын өткізген.
Дәл осы жылы елде біржыныстылардың некеге тұруына рұқсат етілгендіктен, тұрғын өз-өзіне тұрмысқа шығуға бел буған. Бойжеткен тойға 50 адамды шақырған көрінеді. Олардың арасында отбасы мен достары да бар.
Шаңырақ көтеру рәсімі Гедлердің айнаны сүюімен аяқталды. Айтуынша, ол Бьорктың «Менің атым Изобель, мен өзіме тұрмысқа шықтым» деген сөздерден тұратын «Изобель» атты әнінен шабыт алған.
Британдық бойжеткен алты жыл бойы бойдақ болғанын алға тартты. Осы уақыт ішінде ол өзімен жақсы қарым-қатынас орнатқан. «Мен медитация, би және қойылым арқылы өзін-өзі дамыту жолынан өттім», – дейді ол. Жергілікті БАҚ бойжеткенді отбасы толық қолдайтынын жазды. Қонақтардың кейбірі қызды табиғатынан «нарциссист» деп бағалайды. Яғни, ол өзін жақсы көргені сонша, оған лайықты адам табу қиын екенін жеткізген.
Пикси Фокс және Джастин Джедлика
39 жастағы Пикси Фокс әлемдегі ең танымал пластикалық хирургия әуесқойларының бірі. Оның бет-әлпетінен бастап, дене бітіміне жасатқан операцияларының тізімі әлі күнге дейін жалғасуда. Нақтырақ айтар болсақ, 6 қабырғасын алып тастап, жамбасының сыртқы және ішкі бөлігіне липосакция жасатқан. Көзінің түсін өзгертіп, кірпіктерін ұзартты. Сонымен қатар мұрын пішіні 3 рет, кеудесі 4 рет өзгеріске ұшыраған. Пикси нағыз Барби қуыршағы болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Сонымен қатар оның басты мақсаты қуыршақ Кенді табу еді.
Көп ұзамай-ақ ол пластикалық хирургияның аңызына айналған Джастин Джедликпен танысты. Джастин де кеудесіне имплантация, иығы мен бицепсіне бірнеше ота жасатқан. Оның денесінде бас-аяғы 16 имплант бар.
Бұл жұп толық есептегенде, 450 пластикалық ота жасатқан екен. Пикси мен Джастин романтикалық қарым- қатынаста болмаса да, мінсіз денеге ұмтылу барысында бір-бірін жолықтырғанына һәм бірін-бірі толықтыратын үйлесімділік тапқандарына бақытты көрінеді. Сіз үшін бұл қаншалықты ақылға қонымды?
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!