Фото: egemen.kz

Атадан балаға қалып, ұлттар арасында қаншама ғасыр бойы жалғасын тауып келе жатқан маңызды құндылықтің бірі – есім. Шыр етіп дүние есігін ашқан әрбір сәбиге есім қойылып, сол есім елдің де есінде қалған шақтар аз емес. Ата-ана баласына есім таңдайтын сәтте өте мұқият болып, оның мән мағынасына, астарына тереңінен үңілген. Себебі есім – адам тағдырына әсер етеді деген пайым бар.

Аян беру. Көбіне дүниеге сәби келер шақта орын алатын тылсым құбылыс халық арасында кең тараған. Қазақ халқы аянды белгі деп қабылдап, баланың есімін соған байланыстырып қойған.

– Әпкем мен дүниеге келер алдында түс көріпті. Аян берген екен. «Әрекет түбі берекет» деген халық даналығына сүйене отырып, өмірі тек шаттыққа толы болғай деп есімімді Берекет қойыпты.

Сенсорлы телефондар қолжетімсіз кезде, әр үйде үй телефоны болатын. Мен жоқта достарым хабарласса, үйдегілер «Берекет ойнауға кетті, далаға шығып кетті» деп жауап қататын көрінеді. Қазақ халқы өзі наным-сенімге жақын емес пе? Ешқашан «Берекет жоқ» деп айтпаған екен. Есіміме қызығушылық танытатындар көп, қашанда жүрген жерім көңілді. Мені ерекше ететін есімім өзіме де, өзгеге де ұнайтынына қуанамын, – дейді Берекет Әлібекұлы.

Қазақстанда өте сирек кездесетін есімдер аз емес. Мәселен, Айтілес есімі небәрі екі-ақ адамда ғана бар.

Келесі кейіпкеріміздің де ныспысы өте ерекше және сирек кездесетін есімдер қатарында.

– Менің есімімді, білуімше, анам қойған екен. Анамның осы таңдауы үшін әрқашан алғыс білдіріп өтемін. Отбасымда үш бауырым бар. Ағамның аты Бекжан, сіңілімнің есімі – Әсем. Ал менің есімім – Аниса. Құжат бойынша Айниса. Өсе келе есімім өзгеріске ұшырап, Аниса атанып кеттім. Орыс мектебінде оқығандықтан ба, көпшілік осылай атады. Оған мен де, менің ортам да үйреніп кеткендіктен, есімімді осы өзгерісімен қабылдадым.

Мағынасына келетін болсақ, Аниса есімі өте мейірімді, достыққа жақын, нәзік жан, талантты шығармашыл тұлға дегенді білдіреді. Ал діни тұрғыдан алып қарасақ, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың сүт анасының есімі болған. Сондай-ақ Құранда «АнНиса» деген аят бар екен. Алайда балаңызға діни есім беретін кезде тереңінен ойланған жөн. Себебі оның мағынасы ауыр. Аттың киесіне ұшырауы да мүмкін. Мен баламның есімін қоятын кезде аян беріп, Ислам қоямын деп шешкен едім. Алайда отбасым діни есімнің адам өміріне қатты әсер ететінін алға тартып, ойымнан айныдым.

Бұрын сирек болғанымен қазір Аниса есімді бүлдіршіндер көбейіп келеді. Балабақша тәрбиешілері менің есімімді естісе таңғалатындықтарын жасырмайды, – дейді Аниса Жеткерген.

Есімі ерекше жан көп. Қазір аты-жөні де, тегі де бір әріптен басталатын адамдарды жиі кездестіруге болады. Көбіне мұндай есімдер сәттілік әкеледі деген сенім бар. Сондай-ақ эстетикалық тұрғыда өте әдемі көрінеді. Ал келесі кейіпкеріміздің есімі тегімен бірдей десек те болады.

– Есімім арқылы жерлестерімді табу еш қиындық тудырмайды. Қызылордадан ат басын Алматыға бұрып, оқуға кеткенімде мегаполис мені кері итермеді. Себебі есімім арқылы жерлес ағайындарымды таптым. Ол үшін ізденудің де аса қажеті болмады. Бар болғаны атымды атасам, көңілі жайсаң жерлестер дос болуға ұмтылатын еді. Есімім – Аралбек. Арал – туған өлкем. Ал «бек» деп бұрындары болыстарды, қолбасшыларды атаған. Есімімді әкем қойып, Аралдың бегі болсын деп ырымдаған екен. Әкемнің аты – Аралбай. Қызығы да сол. Менің толық аты-жөнім Аралбайұлы Аралбек Аралбаев. Көбі атымды шатастырып, Аралбай деп те атайды. Бірақ бұл мені ренжітпейді, тек күлкі сыйлайды, – дейді есімі ерекше Аралбек Аралбаев.

Бұрындары біртекті есімдер көп болушы еді. Алайда заман талабына сай бұл үрдіс өз мәресіне жетіп, соңғы жылдары заманауи аттар танымал бола бастады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, өткен жылы 274 рет ұл балаға Әлихан есімі қойылса, 491 рет қыз балаға Медина деген есім таңдалған. Одан бөлек, ұлдар арасында Омар, Алдияр, Әмір, Әли, ал қыздар арасында Айша, Асылым, Айлин есімдері жиі қойылады екен.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!