«TikTok» желісінде Майло есімді ит өзінің ерекше бейнероликтерімен танымал болды. Майлоның иесі Темірлан оны белгілі той әуендеріне билегенін, қазақша драмалық әндерге мұңайғанын камераға түсіріп, желіге жүктеген. Бұл видеолар миллиондаған қаралым жинап, көрермендер итке «Майлыбек» деген ат қойды. Көптеген жанның жүрегін жаулап алған бір роликте ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын ести сала екі аяғына тұрып, табанын жүрек тұсына қояды. Көпшілік бұл көрініске тәнті болып, тіпті «Майло Гимнді айтып кетсе де таңғалмас едік» деген пікір қалдырып жатыр. Жақында Майло жайлы иесі Темірлан Тоспаевпен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Майло өте ерекше ит. Оның еліміздің Әнұранына реакция беретінін қашан байқадыңыз?
– Иә, Майлыбек ерекше ит екені рас. Оған Әнұранға реакция беруді үйреткен мен едім. Бір күні Гимн ойнап жатқанда, ол алдыңғы табанын көтеріп отырды, сол кезде мен оны елімізге құрмет көрсетіп, Әнұранды естіген сайын отыруын әдетке айналдыруды жөн көрдім.
– Майлыбек қазақ тілін түсінетін сияқты. Сіз оны арнайы жаттықтырдыңыз ба?
– Тілді үйрету де кенеттен туындаған шешім болды. Мен оған кішкентай кезінен бастап қазақ және орыс тілдерінде бұйрық беріп отырдым. Кейін ол тілдерді меңгеріп, ешбір шатаспай орындай алатынын көрген соң, шет тілдерін де қоса бастадым. Сонымен қатар ол «Балапан» арнасындағы мультфильмдерді ұнатады. Сүйсініп, телміріп қарап отырады. Мен арнайы үйреткен жоқпын, бәрі өздігінен болды десем де болады.
– Ол қазақ тілінде тағы қандай бұйрықтарды немесе сөз тіркестерін біледі?
– Мен оған «өл» деген немесе ұқсас мағынасы бар қарапайым бұйрықтарды үйретпеймін. Ол өз өміріне және ең бастысы қауіпсіздігіне қажет бұйрықтарды біледі. Мысалы, «Маған кел», «Жанымда жүр», «Болмайды» деген сөздер. Ал ауқымды нәрселерді түсіндіру қиынға соғып тұр, бірақ Майло мені шын мәнінде түсінеді және онымен кез келген тақырыпта сөйлесуге болады.
– Көрермендер Майлыбектің бейнероликтеріне қандай пікірлер қалдырады?
– Адамдар әртүрлі реакция береді. Көп жағдайда оң көзқарас білдіреді. Майлыбектің ақылына және сымбатына таңғалады. Біздің мақсатымыз – роликтеріміз арқылы көрермендердің жүрегіне жануарларға деген сүйіспеншілікті ұялату, және бұл мақсатымызға қол жеткізудеміз.
– Майлоның қазақ тілін білуіне байланысты қызықты сәттер бар ма?
– Оның ең ерекше қасиеттерінің бірі – қыңырлығы деп ойлаймын. Майлыбек 5 тілді де түсінеді, бірақ кейде қазақ тілінде сөйлемесем, бұйрықты орындағысы келмей қалады. Біздің парақшамызда осындай бейнероликтер бар, олар өте көп қаралым жинап жүр.
– «Ит адамның досы». Досыңыз неше жаста және ол қалай отбасыңыздың бір бөлігіне айналды?
– Майлыбек жақында 4 жасқа толады. Туған күнімде достарым сыйлық жасап, өмірімде Майлыбек атты төрт аяқты досым пайда болуына себепші болды.
– Майло туралы әлеуметтік желіде парақша құру идеясы қалай пайда болды?
– Бәрі кездейсоқ басталды. Түнде Майлыбекті видеоға түсіріп, жариялаған едім, таңертең қарасам бірден 1 миллион қаралым жинаған екен. Бұл жағдай мені Майлыбектің өмірі мен таланттарын түсіріп жүруге мотивация берді.
– Әлеуметтік желілерде жариялағаннан кейін сіздің өміріңізде өзгерістер пайда болды ма?
– Әрине, бәрі өзгерді. Бұрын мен әлеуметтік желілерге жай ғана қызығушылық танытсам, енді толыққанды блогер болып барамын, бұл маған қызықтыратын іс.
– Неге, Майло? Неліктен олай атадыңыз?
– Әйгілі «Маска» фильмін көрмеген жан жоқ шығар. Сондағы иттің аты Майло болатын. Мен де ұзақ ойланбастан итіме сондай ат бердім. Майлоның видеолары қазақ қоғамында кеңінен тарап кеткен соң, жазылушылар оны Майлыбек деп атап кетті. Бұл Майлоның қазақша нұсқасы іспеттес. Енді Майлоның төлқұжатында да есімі Майлыбек болып жазылған.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Ал Майлыбектің патриот екенін @papa_mailo TikTok және Instagram парақшаларында тамашалауға болады.
Айсара МЕЙРАМБЕКОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!