«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады». Тәуелсіздік – қазаққа келген құт. Сол құтты дүние орнап, қазақ азаттығын алған кезде Сыр өңіріндегі шағын отбасында Ерлан, Нұрлан есімді сәби дүниеге келді. Азаттықтың ақ таңында дүниеге келген егіздер қандай бақытты еді?!
Бүгінде қос жігіт өмір атты кемеде өз орындарын тауып, түрлі салада еңбек етуде. Ерлан облыстық «Жастар ресурстық орталығында» қызмет атқарып жүр. Ал Нұрлан Алматыдағы энергетика және байланыс университетін тәмамдаған, елге пайдамды тигізсем дейді. Тәуелсіздік құрдасы екендіктерін мақтан ететін олар бұл сәйкестікті жақсылыққа балап, еліміздің қарыштап алға басуына үлес қосуды міндет санайтынын айтады.
-Тәуелсіздіктің төл құрдасы болғанымыз бойымызға қуаныш сезімін ұялатады. Ата-анамыз да егемендіктің елең-алаңында дүние есігін ашқан тұңғыштарының қуанышы ел тәуелсіздігімен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа жориды. Сондықтан болар, бізді ел ертеңіне қызмет ететіндей азамат болуға қанаттандырып отырады. Бір жағынан тәуелсіз ел атанып, жаңа өмір бастаған Қазақстанмен бірге туылып, бірге өсіп-өркендеу үлкен сынақ деп білеміз. Себебі ата-анамыздың айтуы бойынша, біз ержеткенше, еліміз басынан түрлі оқиға кешті. КСРО ыдырағаннан кейін, бәрін жаңадан бастаған біздің ел үкімет құру, заң қабылдау, жұмыссыздық, тауар тапшылығы, валюта ауысуына байланысты қиындықтарды басынан өткерді. Жалпы, қай салада болмасын, біз жаңашылдыққа тап болдық. Осының барлығы бізге зор жауапкершілік жүктейді. Бізге тәуелсіздік құрдасымын деу аз. Себебі біз бойымызға Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді сіңіре отырып, тәуелсіздіктің мәртебесін көтеретін тың істерге серпін беруіміз керек, – дейді кейіпкерлеріміз.
Халқыңның қажетіне жараудан артық бақыт жоқ деп есептейтін Ерлан мен Нұрлан тәуелсіздіктің отызыншы белесіне көтеріліп отырған еліміздің беделі әлемдік аренада асқақтаса деген тілегі бар.
М.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!