Сенесіз бе, адамзат ойлап тапқан ең пайдалы жаңалықтардың бірі – мұздатқыштың тарихы екі мың жылдан асады. Ежелгі парсы мен мысыр өркениеттерінің адамдары аптап ыстықта да үйлерін салқын әрі жайлы ұстаудың жолын білген. Олар жасаған ерекше құрылымдар – бадгирлер мен малькафтар – бүгінде де ғалымдарды таңғалдыруда. Зерттеушілердің пікірінше, бұл жүйелер тіпті ең қуатты заманауи кондиционерлерден де тиімді жұмыс істеген.

Жаздың ыстығы таяған сайын адамдар үйлерін аптаптан қорғаудың амалын іздей бастайды. Ал шын мәнінде мұндай мәселені ежелгі дәуірдің өзінде-ақ шөл мен ыстық аймақтарда өмір сүрген халықтар шешіп қойған. Олар жел ұстағыш мұнаралар – табиғи салқындатқыш жүйелер тұрғызған. Бұл ғажайып инженерлік ойдың жемісі болған құрылымдар екі мың жылдан астам уақыт бойы өз құпиясын сақтап келген.

Парсы жерінде бадгир, ал Мысырда малькаф деп аталатын бұл мұнаралар бүгінде жақсы зерттелген. Заманауи инженерлер олардың тиімділігі мен экологиялық тазалығына тәнті. Өйткені бұл – энергиясыз жұмыс істейтін мәңгілік құрылғы, оған электр де, жөндеу де қажет емес, тек ғимараттың өзі аман болса жеткілікті.

Мұндай жүйелерді жасау кезінде ежелгі ғалымдар мен сәулетшілер аса дәл есептеулер жүргізген. Әр үйдің орналасуы мен биіктігіне қарай әуе арналары есептеліп, үйдің ортасына мұнара тұрғызылған. Бұл мұнараның ішкі құрылымы тік әуе арналарынан тұрады, ал олардың міндеті – желдің бағыты мен қысым айырмасына сай ауа қозғалысын қамтамасыз ету.

Мұнараның төбесінде орналасқан саңылаулар арқылы жел ішке еніп, ескі, ыстық ауаны сыртқа шығарып отырады. Осылайша үй ішіндегі ауа үнемі жаңарып, температура сырттағыдан 10-12 градусқа төмен болады. Кей жағдайларда мұндай жел ұстағыштар жерасты су қоймалары мен каналдарды да салқындатып, судың температурасын 0°C-қа дейін түсірген.

Бадгирлер мен малькафтар ғасырлар бойы тек желдету жүйесі ғана емес, сол өңірлердің сәулеттік мұрасы болып қалыптасты. Әр мұнараның пішіні мен биіктігі бір-біріне ұқсамайды. Бұл – кездейсоқтық емес, себебі әр ғимараттың орналасуы мен жер бедері жел бағытына сай арнайы есептелген.

Мәселен, таулармен қоршалған Йезд қаласында сәулетшілер төрт не сегіз бағыттағы биік мұнаралар тұрғызса, шөлейт Мейбад аймағында төмен әрі біржақты бағытталған бадгирлер салынған. Олар салқын ауа келетін бағытқа бұрылып, ыстық құм мен желден қорғайтын етіп орналастырылған.

Тіпті сол дәуірде-ақ сәулетшілер үйлердің биіктігіне қарай мұнараның деңгейін дәл есептеген. Халық тығыз орналасқан аудандардағы төмен үйлерге жел еркін енуі үшін мұнара биіктеу салынған, ал солтүстігі басқа жақтардан шамамен 40 см биік болуы тиіс еді.

Бүгінге дейін сақталған бұл ғажайып мұнаралар адамзаттың инженерлік ойының ұлылығын дәлелдейді. Туристер оларды көру үшін арнайы Иран мен Мысырға барып, табиғат заңдарын екі мың жыл бұрын шебер игерген өркениеттерге таңғалып қайтады.

А.Маратқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!