Көктемгі мереке күндері қыз-келіншектерге тарту жасау – жылдағы дәстүр. Әр жігіт анасын, қарындасын немесе сүйгенін қуантуға асығып, түрлі сыйлық жасауға талпынады. Әсіресе, көңіл қуантар сыйлықпен қатар әдемі гүл шоғын тарту ету мейрамның ажырамас нышанына айналған. Содан болар, 8-наурыз қарсаңында қала толы гүл құшақтаған ару, жайдары жүзді жанға толады. Алайда осы тұста ер азаматтарды «жақынымды қуанту үшін қандай гүл сыйлаған дұрыс?» деген сауал мазалары белгілі.

Расында,адамдар мереке күндері көбінесе анасы, әжесі, сүйікті жандарына гүл шоғын іздейді. Алдымен гүлдің кімге арналатыны маңызды. Аналарға ашық, сары түсті гүл сыйлаған жөн. Ал әжеге сыйлайтын гүл көзге жайлы әрі сұр түсті болуы шарт. Өйткені тым алабажақ болғаны егде жастағы адамдардың көзіне кері әсер етуі ықтимал. Оның үстіне кеңестік кезең өкілдері көбіне бұрынғы гүл сыйлау этикетін ұстануға тырысады. Ол гүлдің түсі мен түрін таңдауда тікелей әсер ететінін ұмытпаңыз. Ал ата-анаңыз жаңаша көзқарастағы адам болса, қай түсті ұнататынын ескере отырып, үлкен гүл шоғын тарту етуге жол ашық. Қызметтес әріптестерге риясыз достық көңілді айғақтайтын қызғылт, қызыл түстегі гүлдерді сыйлау жарасымды болса, мерейтойға арналған себет не гүл шоқтарын алар кезде оның үлкен, қымбат гүл композицияларынан құралуына мән беріңіз. Ал бойжеткендерге талғам бөлек. Қыздар жігіттің жомарттық танытып, голланд раушандарын неғұрлым қомақты етіп сыйлағанын қалайды. Қызыл, қызғылт түстерді қыздардың көбі махаббаттың, сүйіспеншіліктің белгісі деп ұғатыны тағы бар.

Әдепке келер болсақ, гүл сыйлаудың да қалыптасқан жолы бар. Мысалы, үлкен қалаларда ешқайда бармай-ақ телефон не интернет арқылы гүлге тапсырыс беруге болады. Сыйлықты қабылдаудың да жөн-жоралғысы өзгеше. Гүлді алғыс айтып, орамынан алып, қонақтар отыратын бөлмедегі құмыраға салып қоясыз. Аласа, шағын гүл шоғы болса, үстелдің үстіне де қоюға болады. Сонымен мейрам қарсаңында қай гүл түрін сыйлауға болады? Олардың сан түрлі сыры қандай? Флорист кеңесіне көз салыңыз.

Гардения – жасырын, тылсым махаббат, көріктісің деген мағынада беріледі.

Қалампыр гүлі абырой, намыс мағынасын береді. Әйелдерге тән махаббат белгісі. Қалампырдың әр түсінің өзіндік сыры бар. Мысалы, ақ қалампыр – тілекшісіз деген сөз. Ал сары қалампыр – сеніммен қарауға шақырғанның белгісі. Қызыл қалампыр сыйға тартса, онда жеңіс пен табыс сіздің жағыңызда дегенді білдіреді.

Глоксиния бір көргеннен ғашық болуды білдіреді. Шығыс гүлі (гортензия) мені есіңде сақта деген мағынаны меңзейді. Халық арасында осы гүлдің ауру мен бақытсыздықты аластауға әсері бар деп те айтылады.

Ақтамақгүл немесе жасмин – сезімталдықпен әйелге тән нәзіктіктің символы. Үнділер жасминді махаббаттың жарық жұлдызы деп атайды.

Лаванда сыйлағыңыз келген жанды ешқашан ұмытпайтындығыңызды айтқыңыз келетіні айқын.

Лалагүл (лилия) бұл гүлді көне римдіктер байлық пен қазынаның белгісі ретінде бағалап, тіпті оны тиындарының бетіне түсірген. Ақ раушан –  кіршіксіз тазалықтың белгісі. Сонымен бірге құпия сырлы адамдарға тән.Сары раушан – бақыт, қуаныш. Егер қызыл раушан гүлімен сары раушан аралас сыйланса, әдемілік пен құштарлық қатар жүреді.Қызыл раушан гүлі махаббат, сезімді білдіреді. Тойға сыйланатын раушан гүл бақытты махаббаттың белгісі.

Бөртегүл (сирень) – әдемілік пен махаббаттағы бірінші сезім айту сыры. Сирень ақ болса бірінші махаббат, күлгін болса махаббаты жайында сыр ашу, сезімін білдіру, менің жүрегім саған аманат деген мағынада сыйланады.

Қызғалдақ (тюльпан ) – махаббат символы. Сары түстісі сенің күлкің “күлген” күндей сыңғырлайды деген мағынаны білдіреді. Қызыл түс – өз сезімін сүйіктісіне түсіндіру, сезімін жеткізу. Ежелгі Шығыста гүлдің түсін жылдың мезгіліне сай таңдаған. Солғын түсті гүлдерді қыстыгүні, ақшылын күзде, көк гүлдерді көктемде және қызылын жазда сыйлау дәстүрі болған.

Дайындаған:

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!