Фото: ашық дереккөзден

Фаст фуд – бүгінде кеңінен тараған тағамның бірі. Күнделікті тұтынып жүрген бургер, пицца, хот дог өнімдері тез әзірленіп әрі арзан бағаланады. Ал солардың ішінде гамбургер қызылордалықтар арасында кеңінен тараған. Ол қарапайым тағам болса да, тарихы мен танымалдылығы туралы қызықты ақпараттарды назарыңызға ұсынамыз.

Гамбургер қызылордалықтардың тағам мәдениетіне тереңінен еніп еткен фаст фудтың бір түрі. Тіпті «гамбургердің отаны – Универсам» деп те айтып жатады. Қаланың орталығында орналасқан фаст фуд дүңгіршегінің тұтынушылары көп. Тойымды тағамды сүйіп жеуші жерлестеріміз көп. Кеше ғана TikTok әлеуметтік желісіне Асылхан Дүкенбаев қаламыздың бірнеше белгілі азаматтарымен бірге сағына да сүйсіне осы бір тағамды ерекше жақсы көретіндігін жеткізген бейнеролигі тараған болатын. Пікір білдіруші халықтың көбі расымен бұл тағам Қызылорда халқының бір бөлігі екенін жарыса жазуда. Тағы да айта кететін қызық жайт, ол Астана қаласында ашылған фудкорт – «Универсам гамбургері». Бағасы небәрі 230 теңгелік гамбургер дүңгіршегін іздеп келушілер көп. Тіпті ауыл аймақтарға да осындай дүңгіршек ашуды сұрайтын халықтың қарасы қалың.

Қазіргі гамбургердің негізі – екі дөңгелек нанның ортасына салынған ет кесегі немесе шұжық (сосиска). Бұл тағамның дамуы көптеген мәдениеттің, әсіресе Америка және Еуропа тағамдарының бірігуімен байланысқан.

Гамбургердің атауы Германияның Гамбург қаласынан шыққан. XIX ғасырдың соңында Гамбургтен Америкаға қоныс аударған неміс иммигранттары өздерімен бірге тартылған еттен жасалған «гамбург бифштексін» ала келген. Алайда дәл қазіргі танымал нұсқасы АҚШ-та дүниеге келген. 1904 жылы Сент-Луисте өткен халықаралық көрмеде алғаш рет дөңгелек нанға ет қойылып, бұл тағам халыққа ұсынылған.

Бүгінде гамбургер тек қарапайым ет пен наннан ғана тұрмайды. Ол – әртүрлі асүй стильдерін біріктіретін көпқырлы тағам. Мәселен, АҚШ-та дәстүрлі сиыр еті қосылған гамбургер өте танымал болса, әлемнің басқа елдерінде балама түрлері кеңінен таралған. Үндістанда сиыр еті шектеулі болғандықтан, көкөніс немесе тауық еті қосылған гамбургерлер тұтынылады. Ал Жапонияда гамбургерге жергілікті өнімдерді, мысалы, соя тұздығы мен васаби қосу арқылы өздерінің ерекше дәмдерін жасайды. Вегетариандық және вегандық нұсқалары да кең танымал болып келеді, мұнда ет орнына өсімдік негізіндегі өнімдер пайдаланылады. Қазақстанда да гамбургердің қоспасы сәл өзгеріске түсті. Яғни, дөңгелек нанның орнын тандыр нан алмастырып, сондай-ақ сәбіз салаты мен шұжық (сосиска), кетчуп пен мойонез гамбургердің құрамын толықтырады. Бүгінде оны арнайы құрылғы көмегімен қытырлақ етіп сату кеңінен тарады.

Гамбургердің ерекшелігі оның қарапайым әрі көпшілікке қолжетімді болуында. Ол ас мәзірінде тез дайындалатын тағам ретінде де, жоғары деңгейдегі мейрамханаларда да кездеседі. Мысалы, көшедегі кішігірім тағам дүңгіршектерінен сатып алуға болатын гамбургер арзан әрі дәмді түскі ас ретінде танымал болса, кейбір жоғары деңгейдегі мейрамханалар ерекше ингредиенттер мен дәмдеуіштер қосып, оны нағыз гастрономиялық туындыға айналдырады.

Гамбургер тек тағам ғана емес, поп- мәдениеттің де бір бөлшегіне айналған. Фастфуд желілері арқылы бүкіл әлемге таралған гамбургер киноларда, әндерде, тіпті сән индустриясында да көрініс табады. Бізге қарапайым өнім болып көрінгенмен, әлемнің көптеген елінде әртүрлі фестивальдер мен жарыстар өтіп, гамбургерді дайындаудың жаңа әдістері ойлап табатын аспаздар саны аз емес.

Гамбургердің эволюциясы мен жаһандық деңгейдегі танымалдығы, оның әмбебап тағам екенін көрсетеді. Ол адамдардың талғамдары мен қажеттіліктеріне бейімделіп, әлемнің түкпір-түкпірінде күнделікті өмірдің ажырамас бір бөлігіне айналды. Ал сізге гамбургер ұнайды ма?

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!