Табиғатта адамзат үшін таңғажайып әрі жұмбақ болып көрінетін ерекше құбылыстар жетерлік. Олардың кейбірі сирек кездессе, ал кейбірін жыл сайын тіпті әлемнің кез келген бұрышынан тамашалауға болады. Бүгінгі мақаламызда табиғаттың шексіз сұлулығы мен құдіретінің дәлеліне айналған жер бетіндегі ең қызықты құбылыстар хақында қалам тербемекпіз.
Поляр шұғыласы көбіне полярлық аймақтарда байқалады, сондықтан оны солтүстік шұғыласы және оңтүстік шұғыласы деп атайды. Солтүстік жарты шардағы Норвегия, Канада, Исландия, Ресейдің солтүстігі секілді аймақтарда көзге көрінеді. Ал оңтүстік жарты шарда оны Антарктида мен Австралияның оңтүстігінде бақылауға болады.
Түнгі аспанда пайда болатын, түрлі-түсті жарықтардың билеуіне ұқсайтын бұл құбылыс көздің жауын алады. Күннен тараған жоғары энергиялы бөлшектер, яғни протондар мен электрондар жердің магнит өрісімен әрекеттесіп, атмосфераның жоғарғы қабатындағы шамамен 80–300 км биіктікте газ молекулаларымен соқтығысады. Нәтижесінде, газ атомдары мен молекулалары араласып, қайтадан қалпына келгенде жарық шашады.
Поляр шұғыласының түстері атмосферадағы әртүрлі газдардың болуына байланысты өзгереді. Мәселен, жасыл ең жиі кездесетін түс, ол оттегі атомдарының сәуле шашуынан пайда болса, қызыл сирек кездеседі және жоғары биіктіктегі оттегінің әсерінен туындайды. Ал көк және күлгін түсті шұғылалар азот молекулаларының иондалуы нәтижесінде пайда болады.
Поляр шұғыласы күннің белсенділігіне байланысты күшейіп немесе әлсіреп отырады. Әдетте ол қыс айларында, әсіресе қыркүйек-қазан және наурыз-сәуір айларында жиі байқалады. Ғалымдар оны зерттеуді жалғастыруда, дегенмен адамзат үшін ол ғаламат ғажайыптардың бірі болып қала берері хақ.

Гало құбылысы атмосферадағы алты қырлы мұз кристалдары арқылы күн сәулесінің сынуы мен шағылысуы нәтижесінде көрінеді. Әдетте, күннің оң және сол жағында жарық нүктелер пайда болып, олар нағыз күнмен бірге үш жарық көзі секілді көрінеді. Бұл жалған күндер горизонтқа жақын орналасқанда ерекше айқын байқалады.
Қос күн және үш күн құбылысы кез келген жерде көрінуі мүмкін. Дегенмен Арктика, Антарктида, Канада, Ресейдің солтүстігі, Скандинавия елдері секілді суық аймақтарда жиі кездеседі. Себебі бұл құбылыс үшін атмосферада мұз кристалдарының көп мөлшерде болуы қажет.
Гало құбылысын ертеде адамдар Құдайдың немесе табиғаттың белгісі деп қабылдаған. 1461 жылы Англияда болған қос күн құбылысы әйгілі «Раушан соғысының» шешуші шайқасына дейін байқалған, бұл оқиға тарихта ерекше орын алды. Марста да осындай құбылыс болуы мүмкін, өйткені оның атмосферасында да мұз кристалдары бар дейді зерттеушілер. Мұны кездестірген адамдарға ол ерекше әсер қалдырып, ғылыми тұрғыда да қызықты зерттеу нысанына айналады.

Отты найзағай – белсенді жанартаулар маңында кездесетін ерекше құбылыс. Ол найзағай разряды мен жанартау атқылауы кезіндегі статикалық электр қуатынан пайда болатын қауіпті құбылыс. Сондай-ақ көбіне орман өрттері, мұнай немесе газ қоймаларының жарылыстары кезінде байқалады. Бұл жағдайда өрттен шыққан түтін мен газдар атмосферада иондалады, нәтижесінде электр зарядтары түзіледі. Осы зарядтар найзағайдың пайда болуына әкеледі.
Отты найзағай орман өрттері жиі болатын аймақтарда, мысалы, АҚШ, Австралия, Амазония, Сібір, сондай-ақ Қазақстанның орманды өңірлерінде кездеседі.
Ал вулканды найзағай белсенді жанартаулардың атқылауы кезінде байқалады. Мысалы, Индонезиядағы Кракатау, Италиядағы Этна, Жапониядағы Сакурадзима, Чилидегі Кальбуко жанартаулары найзағаймен қатар атқылау арқылы отты найзағай көрінісін жиі қайталайды.
Отты найзағай мен вулкандық найзағай – атмосферадағы күрделі физикалық процестердің нәтижесі. Ғалымдар бұл құбылыстарды зерттеуді жалғастыруда. Дегенмен әлі күнге дейін толық түсіндірілмеген табиғи жұмбақтардың бірі болып қала береді.

Сент-Эльм оттары – кемелердің ұшында, ұшақ қанаттарында, ағаштардың биік бұтақтарында немесе тіпті адамның қолында пайда болатын көгілдір-күлгін түсті жарықтар. Бұл құбылыстың атауы теңізшілердің киелі қамқоршысы – Сент-Эльмнің есімімен байланысты қойылған. Кейбір теңізшілер оны жақсы белгі ретінде қабылдаса, ал басқалары дауылдың хабаршысы деп санайды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ұшқыштар ұшақтарының қанаттарында Сент-Эльм оттарын жиі байқаған.
Бұл құбылыс атмосферада электр өрісі жоғары болған кезде, әсіресе найзағайлы дауыл алдында немесе дауыл кезінде байқалады. Плазмалық разряд ретінде пайда болатын Сент-Эльм оттары өткір заттардың ұштарында короналық разряд нәтижесінде туындайды.
Найзағайлы дауыл кезінде атмосферадағы электр өрісі күшейіп, биік және үшкір заттардың (мачта, антенна, ағаштың басы) айналасында электр заряды жиналады. Ауа иондалып, плазмалық разряд түзіледі, нәтижесінде жарқыраған көгілдір-күлгін сәулелер пайда болады.
Сент-Эльм оттарының түсі әдетте көгілдір немесе күлгін болады. Ол ұзақ уақыт, тіпті бірнеше секундтан бірнеше минутқа аралығында жанып тұруы мүмкін. Дауысы әлсіз сыбдыр немесе ызыл секілді. Бұл құбылыс көбіне теңізде байқалады, өйткені ашық суда найзағай кезіндегі электр өрісі күшті болады.

Шар тәрізді найзағай – табиғаттағы ең жұмбақ электрлік құбылыстардың бірі. Ол ауамен қалқып жүретін, жарық шығаратын, жарылып немесе жоғалып кететін плазмалық шар түрінде әлемнің кез келген бөлігінде өте сирек кездесетін құбылыс. Ғалымдар бұл құбылысты бірнеше теориямен түсіндіреді, бірақ оның нақты себебі әлі күнге дейін белгісіз. Диаметрі бірнеше сантиметрден бір метрге дейін жететін шардың түсі ақ, сары, қызыл, көк немесе жасыл болып келеді. Ол ауада бірнеше минут аралығында еркін қалқып жүріп, кейде күрт бағытын өзгерте алады. Шар найзағайлардың кейбірі дымсыз, дыбыссыз жоғалса, кейбірі дауыстап жарылады.
Ол көбіне найзағайлы ауа райында, ашық жерлерде, таулы аймақтарда, өзендер мен көлдердің маңында кездеседі. Дегенмен кей куәгерлер үй ішінде де шар найзағайын байқаған.
1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде британдық ұшқыштар жұмбақ шар тәрізді найзағайларды байқаған. Ғалымдар шар найзағайын ғарыштық құбылыс деп санайды және ол басқа планеталарда да кездеседі деп болжауда. Аңыздарда шар найзағайы қасиетті немесе зұлым күштердің белгісі ретінде сипатталған. Егер сіз оны өз көзіңізбен көрсеңіз, сирек кездесетін ғажайып құбылыстың куәгері болғаныңызды біліңіз!

Қанқызыл жаңбыр – сирек кездесетін, бірақ адамзат тарихында бірнеше рет қайталанған ерекше метеорологиялық құбылыс. Бұл жаңбыр әдетте қызыл немесе қоңыр түске боялған су түрінде жауады, кейде оның түсі қою қанды еске түсіреді. Ғасырлар бойы адамдар мұны табиғаттың бір тылсым белгісі немесе жамандықтың хабаршысы деп қабылдаған.
Ғалымдар бұл құбылысты түсіндіру үшін бірнеше ғылыми теориялар ұсынған. Бірі Сахара немесе басқа шөлдерден көтерілген шаң мен құм атмосфераға еніп, жаңбырмен бірге жауған кезде қызыл түске боялатынын айтса. Енді бірі жаңбыр құрамында микроскопиялық балдырлар немесе бактериялар болатынын, яғни балдырлар атмосфераға көтеріліп, жаңбыр тамшыларында көбейіп, суға қызыл түс беретінін алға тартып отыр.
Бұл құбылыс көбіне Үндістан, Еуропа, Африка және Австралия аймақтарында кездеседі. 2001 жылы Үндістанда, Керала штатында бірнеше апта бойы қызыл түсті жаңбыр жауып, ғалымдардың назарын аударған. 2014 жылы Солтүстік Испанияда жауған қызыл жаңбыр Африкадан келген шаңмен байланысты деп танылды. 2023 жылы Сицилияда шөлден көтерілген құм мен шаңның әсерінен қызғылт-қоңыр түсті жаңбыр тіркелген.
Орта ғасырларда адамдар қызыл жаңбырды құдайдың ескертуі немесе соғыстың белгісі деп санаған. Тіпті кейбір аңыздарда бұл құбылыс жын-перілердің әрекеті ретінде сипатталады. Ғалымдар қызыл жаңбырдың құрамын зерттеген кезде қанға ұқсас ақуыздар мен органикалық заттар тапқаны жайлы деректер де бар. Бұл қорқынышты көрінгенімен, көбіне шаң, микроағзалар немесе өнеркәсіптік ластанумен байланысты пайда болатынын ескерген жөн.

Биолюминесценция – тірі ағзалардың өздігінен жарық шығаруы. Бұл құбылыс көбіне теңіз жануарларында, жәндіктерде, саңырауқұлақтарда және бактерияларда кездеседі. Ол химиялық реакцияның нәтижесі, онда люциферин деп аталатын пигмент пен люцифераза ферменті әрекеттесіп, жарық шығарады. Бұл энергия жарық толқындары ретінде таралады. Жарықтың түсі ағзаның түріне байланысты көк, жасыл, сары, қызыл немесе күлгін болуы мүмкін.
Терең судағы балықтар, мәселен айдаһар балық, фонарь балық, англер балық, сондай-ақ медузалар, кальмарлар мен сегізаяқтар, планктондар теңізде жарқыраған толқындар тудырады. Үнді мұхиты «жарық теңіздердің отаны» деп аталады. Индонезиядағы Ява теңізінде бұл құбылыс 1864 жылдан бері бірнеше рет байқалған. Сонымен қатар Бенгал шығанағында да әсіресе жаңбырлы маусымда жиі тіркеледі.
Қызығы бұл құбылысты құрлықта да кезіктіруге болады. Мәселен, жарқанаттар түнде жарық шашып, өз жұптарын табу үшін пайдаланады. Сондай-ақ кейбір ормандарда жарқыраған саңырауқұлақтар өсетіні дәлелденген.
Ағзалар биолюминесценцияны әртүрлі мақсатта қолданады. Мысалы, жыртқыштардан қорғану үшін кейбір кальмарлар жарық шығарып, көзден таса болады. Ал кейбір жәндіктер мен теңіз жануарлары бұл қасиетті жұп іздеу кезінде пайдаланса, айдаһар балық сияқты кейбір жыртқыштар жарығын жағып, жемтігін аулайды.
Ең қызығы мұхиттағы тіршілік иелерінің 80%-ы бір түрдегі биолюминесценцияға ие. Ал кейбір биолюминесцентті саңырауқұлақтар тек түнде ғана жарқырайды. Бұл жәндіктерді тартып, спораларын таратуға көмектеседі. Бұл құбылысты зерттеу биотехнологияда, медицинада және экологияда маңызды рөл атқарады.

Өлім аңғарындағы қозғалатын тастар. Өлім аңғары – АҚШ-тың Калифорния және Невада штаттарында орналасқан, жер бетіндегі ең ыстық және құрғақ жерлердің бірі. Бұл аймақта жазда температура 56°C-қа дейін жетеді. Мұндағы ең қызықты құбылыстардың бірі – өздігінен қозғалатын тастар. Олардың кейбірінің салмағы 300 кг-ға дейін жетсе де, адамның араласуынсыз, өздігінен жұмбақ түрде қозғалуы ұзақ жылдар бойы адамзатты таңғалдырып келеді. Тастар әртүрлі бағытта қозғалады, кейде бір-біріне қарама-қарсы бағытта жылжиды. Кейбір тастар бірнеше жыл бойы орнында тұрып, кейін бірден бірнеше метрге жылжып кетуі де мүмкін.
Жергілікті тұрғындар бұл тастардың қозғалуын рухтардың немесе тылсым күштердің әрекеті деп түсіндірген. Ал біреулер бұл ғарыштық күштердің, жер сілкінісінің, тіпті жындардың әрекеті деп сенеді.
Бұл құбылысты ғалымдар алғаш 1915 жылы тауып, зерттей бастаған. 2014 жылы NASA ғалымдары арнайы камералар орнатып, мұз плиталарының әсерін дәлелдеді. Тастардың қозғалуына негізгі себеп – мұз, су және желдің үйлесімді әрекеті. Қыстың суық түндерінде Рейстрэк-Плайя көлінің жіңішке су қабаты қатып, тастардың айналасында жұқа мұз қабаты пайда болады. Күн шыққан кезде мұз плиталары жарыла бастайды және судың бетінде қалқып жүреді. Егер желдің жылдамдығы 5 м/с-тан жоғары болса, ол мұз плиталарын қозғалысқа келтіріп, онымен бірге тастарды да сырғытады. Су буланып кеткеннен кейін, қозғалатын тастардың соңында іздер қалады. Кейбір тастардың астында мұз қабаты жеткіліксіз болуы мүмкін. Ал кейбірі 200-300 метрге дейін жылжи алады. Тастардың пішіні, өлшемі және салмағы олардың қозғалысына әсер етеді.

Ән салатын бархандар – жел соққанда немесе құм қозғалғанда пайда болатын ерекше акустикалық құбылыс. Мұндай дыбыстар кәдуілгі дыбыс толқынындай таралып, бір қарағанда «шөлейт дала ән салып жатқандай» әсер береді. Ол әлемнің бірнеше шөлінде кездеседі. Құмнан шыққан дыбыстардан сыбырлау, гүрілдеу, гуілдеу, кейде тіпті орган немесе виолончельге тән музыкалық ноталарды есту мүмкіндігі бар. Бұл құбылыс құм түйіршіктерінің бір-бірімен үйкелуі және олардың белгілі бір ритмде қозғалысына байланысты туындайды.
Аталған құбылысты Африкада Намиб, Сахара шөлдерінде, Чилиде Атакама шөлінде, БАӘ-де, Дубайдың Бархан құмдарында кезіктіруге болады. Тіпті өз елімізде Алтынемел ұлттық паркіндегі әйгілі әнші құм немесе «Айғайқұм» аталатын аймақтан да тамашалауға мүмкіндігіңіз бар.
Қызығы құмнан шығатын дыбыстардың ұзақтығы 20-30 секундқа дейін созылып, кейде 100 метр қашықтықтан да естіледі. Шыңғыс хан заманында бұл дыбыстар рухтардың белгісі ретінде саналған деседі. Ол тек акустикалық феномен ғана емес, сондай-ақ климат пен геологияның күрделі әсерлерінің нәтижесі. Мұндай құбылысты өз көзіңмен көріп, құлағыңмен есту – шөл даланың нағыз сиқырлы симфониясын тыңдағанмен тең.

Суастын сарқырамасы. Біз сарқырамаларды көбіне жер бетінде, таулар мен өзендерде көреміз. Алайда мұхиттар мен теңіздердің түбінде де таңғажайып суасты сарқырамалары бар екенін екінің бірі біле бермейтіні анық. Сондай-ақ, кейбір өзендер мен теңіздердің суы бір-бірімен араласпай, шекара түзетіні де табиғаттың қызықты құбылыстарының қатарында.
Су астындағы сарқырамалар – су тығыздығының айырмашылығына байланысты пайда болатын ерекше құбылыс. Мұнда су температурасы мен тұздылық деңгейі жоғары немесе төмен болуына немесе тығыздығына байланысты су төменге құлап, сарқырама тәрізді ағады.
Әлемдегі ең ірі суасты сарқырамасы Дания бұғазында орналасқан. Оның биіктігі 3,5 км, яғни Эверестен де биік. Бұл сарқырамадан секундына 5 миллион шаршы метр су ағып өтеді, салыстырмалы түрде Ниагара сарқырамасынан 175 есе көп. Сондай-ақ Исландия маңындағы мұхит түбінде де бірнеше суасты сарқырамалары бар. Мұндай сарқырамалар мұхиттық ағындарға өз әсерін тигізіп, климаттық өзгерістерге де ықпал ете алады.

Қосылмайтын өзендер мен теңіздер жайлы естуіңіз бар шығар. Кейде екі су айдыны кездескенімен, бір-бірімен араласпайды. Мәселен, Атлант және Тынық мұхиттарының қосылу нүктесінде екі түрлі мұхит суының араласпауы айқын байқалады. Бұл айырмашылық судың тұздылығы мен температурасына байланысты. Ал Бразилияда Рио-Негро мен Солимойнс өзендерінің тоғысу нүктесінде бірі қара, бірі сарғыш түсті қос өзен 6 км қсшықтыққа дейін араласпай ағады. Себебі олардың температурасы мен химиялық құрамы әртүрлі. Бұл таңғажайып құбылыс Атлант мұхиты мен Жерорта теңізіндегі Гибралтар бұғазында да кездеседі. Ғалымдардың зерттеуінше, мұндағы екі су айдыны қосылғанмен, толық араласу үшін мыңдаған жылдар қажет. Қосылмайтын өзендер мен теңіздердің шекарасы оптикалық эффектке байланысты көзге ап-айқын көрінеді.
Суасты сарқырамалары мен қосылмайтын өзендер жер бетіндегі су қозғалыстарының күрделілігін дәлелдейді. Мұндай құбылыстар ғалымдарға мұхиттардың динамикасын зерттеуге, экологиялық өзгерістерді түсінуге көмектеседі.
Қорытынды. Табиғаттың ғажайыптары шетсіз, шексіз. Әрбір ерекше құбылыс – жердің әлі толық зерттелмеген тылсым сырларының бір ғана көрінісі. Кейбір құбылыс қауіп төндірсе, ал кейбірі адамзатқа ерекше әсер сыйлайды. Мұндай ғажайып көріністерді өз көзіңмен көру нағыз бақыт дер едім. Егер сіз осындай құбылыстарға куә болуды армандасаңыз, әлемнің түпкір-түпкіріне саяхат жасаудан тартынбаңыз.
Дайындаған Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!