Фото: amsrus.ru
Адам баласының тұрмысын жеңілдетіп, қарым-қатынасын оңтайландыруға үлес қосқан өнертабыстар көп. Дегенмен оның ішінде адамзаттың өмір сүру салтын өзгерткен құрылғыларды екшеп алып, алғашқы нұсқасы мен авторлары жайлы ақпарат беруді жөн санадық.
Алғашқы автокөлік
Мың шақырым жерлерге күн жарымда барғызған көлік атаулының алғашқы нұсқасы жайлы білесіз бе? Ендеше алысты жақын еткен қатынас құралының тарихына бірге үңілейік!
1769 жылы француз өнертапқышы Николя-Жозе Кюньо ең алғашқы бумен жүретін қозғалтқышы бар арба ойлап табады. Қызығы, алдыңғы бөлігінде буға арналған жабық қазандығы бар дәл осы алғашқы көлік үш дөңгелекті етіп жасалған болатын. Өнертапқыш Кюньо оған «Өрт арбасы» деген атау береді. 1770 жылы Кюньо көліктің екінші нұсқасын жасап шығады. Өнертабыс сынақтан сәтті өткенімен, өнертапқыш та, оған тапсырыс беруші де оппозиционер деп танылып, саяси қуғын сүргінге ұшырайды.
Көліктің бұл екінші нұсқасы зеңбіректерді тасымалдауға арналған әскери паровоз типтес арба болатын. Ұзындығы 7,25 метр, салмағы үш тоннаға жуық, жылдамдығы 3-4 км/ сағ болатын «Кюньо арбасы» тек автокөліктің ғана емес, паровоздардың да түп тамыры іспетті. Көліктің дәл осы ең алғашқы нұсқасы Париждегі әлемге әйгілі мұражайларды бірінде сақтаулы.
Баспа құрылғысының бастапқы нұсқасы
«Оқу мен жазу – адамзат ақылойының ең үлкен жетістігі». Адамдар өз ойын тастағы таңбалар арқылы білдірген ежелгі дәуірден бастап жазу мен сызу ғасырлар бойы үздіксіз дамып отырды. Осы орайда қағаз басып шығаруға арналған құрылғы адам өмірін әлдеқайда жеңілдеткені ақиқат. Қолжазба арқылы қандай да бір ақпаратпен көпшілікті құлағдар ету – машақаты мол жұмыс болатын. Расында, әлдебір жапырақтай жазбаны мыңдаған дана етіп қолдан жазу оңай емес, ал көп даналы кітап жазу тіпті қиын.
Неміс өнертапқышы Иоганн Гутенберг әлем тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғалардың бірі. Ол 1439 жылы ең алғашқы жылжымалы баспа құрылғысын ойлап тапты. «Литер» атауын алған құрылғының қағазға басатын бөлігін қалайы мен қорғасынның ерітілген құймасы арқылы қос тақтайша етіп дайындаған. Сия жағылған тақтайшаны құрылғыға орнатқан соң жазуды қағазға түсіру үшін барынша нығыздайды. Бұл біздің есімізге қазіргі мөрді түсіретіні анық. Өнертапқыш бұл құрылғының алғашқы басылымын күнтізбелер мен латын грамматикасы жайлы оқулықтар, сонымен қатар діни жарлықтарға арнады. Бұл істі тәжірибе ретінде жүргізген Гутенберг кейін ең үлкен еңбегі, 42 қатардан тұратын «Библия» кітабын басып шығарды.
Жарық шамын кім ойлап тапты?
Жарық шамы – адамзат өмірін өзгерткен ең үлкен жаңалықтың бірі. XVIII ғасырда шамның доға және накала жібінен жасалған екі түрі пайда болды. Доға нұсқасының сәтсіз шыққан тұсы, ол 5 минуттан артық жарық шашпады. Қос таяқша сымның ортасындағы электродтарының қосылып кетуі нәтижесінде шам тез істен шығатын.
Кейін ғалымдар шамның көптеген түрлерін ойлап таба бастады. Дегенмен шамның ең алғашқы әрі түпнұсқасын кімнің жасап шығарғаны жайлы нақты дерек жоқтың қасы.
1809 жылы француз өнертапқышы Жерар Деларю накал жібі мен платинадан спираль формасында жарық шамын жасап шығарады. Шам жапжарық әрі кез келген температурада жұмыс жасай алғанымен қызмет көрсету уақыты тым қысқа болды.
1854 жылы Генрих Гебель жаңа электр шамын ойлап тапты, вакуумдық аумағы сынаптың көмегімен жасалған аталмыш шам да сынақ барысында сәтсіздікке ұшырады.
Дәл осы уақытта ресейлік өнертапқыш Александр Лодыгин де жарық құрылғысын жасау үстінде болатын. 1872 жылы дайын болған электр шамының бұл нұсқасы сынақтан сәтті өтіп, тіпті Ресейдің мекемелері мен көшелерін жарықтандыру мақсатында қолданысқа еніп кетті. Араға 2 жыл салып, Лодыгин өзінің өнертабысын патенттеді. Яғни алғашқы қыздыру шамын 1874 жылы ресейлік инженерэлектрик Александр Лодыгин жасап шығарғаны жайлы ресми дерек тарих беттеріне таңбаланды. Өзге де мемлекеттер Лодыгиннің нұсқасымен жарық шамдарын шығара бастады. Дегенмен Америкалық өнертапқыш Томас Эдисон алдыңғы нұсқадағы көміртекті шамды негізге ала отырып, жұмыс істеу уақыты 40 сағатқа жететін жаңа шамды жасап шығарды. Ол Лодыгинның нұсқасына үлкен өзгерістер енгізіп, зерттеулер мен түрлі сынамалар нәтижесінде 1875 жылы 1200 сағатқа дейін жұмыс жасай алатын ең алғашқы жарық шамын әзірледі. Сонымен қатар Эдисон өз өнертабысы арқылы жеке кәсіп ашып, қолжетімді бағада шам сатуды қолға алды. 1882 жылы Нью Йорк жарық шамдарымен толық қамтылған алғашқы қала болып тіркелді. Бұл, әрине, Томас Эдисонның өлшеусіз еңбегінің нәтижесі болатын.
Телефонның тегі қандай?
Телефон құрылғысын жасаудың алғашқы идеясын 1849-1954 жылдар аралығында париждік инженер-механик Шарль Бурсель әзірлеген болатын. Бурсель осы әзірлеме арқылы 1854 жылы диссертация қорғағанымен оны практикалық негізде іске асыра алмады. Грек тілінен аударғанда «теле» – алыс, «фоун» – дауыс деген мағынаны беретін «телефон» сөзін енгізген де дәл осы Бурсель болатын.
Заманында ғажайыптардың ғажайыбы болған телефон құрылғысын іске асырған американдық атақты өнертапқыш Александр Белл болатын. Телеграф жасаумен айналыса жүріп, ол алғашында электрлік сигналдар арасынан әлдебір дыбыстарды байқайды. Дәл осы кезде қашықтықтан сөйлесуге қауқарлы аппарат жасауға идея туындайды. Нәтижесінде Грейам дыбыстық сигналды (дауысты) аналогтық электрлік сигналға түрлендірді. Оны белгілі бір қашықтыққа электр сымы арқылы жеткізіп, аналогтық сигналды қайтадан дыбыстық сигналға түрлендіре отырып, 1876 жылдың наурыз айында алғашқы телефон құрылғысын жасап шығарады. Аккумуляторы жоқ құрылғының таратқышы мен қабылдағышы жақын орналасқандықтан адамдар электр сигналы арқылы қысқа қашықтықта ғана сөйлесуге мүмкіндік алды. Дегенмен дәл осы нұсқа барша телефон атаулының түп тамыры, бастауы болып қалды.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!