Аспан үнемі көзіміздің алдында тұр. Кейде тым биік, кейде тым жақын сияқты көрінеді. Бірақ неғұрлым үңілсең, соғұрлым жұмбақ. Мен тұрмақ, адам баласы оны ертеден бері бақылап келеді. Қараған сайын ой тербейді. Қараңғылыққа толы кеңістік емес, шексіз сұрақтар жиынтығы сияқты.
Бүгінде бәрі ғылымға айналған. Зымыран ұшады. Ғарышкерлер орбитада өмір сүреді. Ғаламдағы алыс нүктелердің бәрі телескоппен бақыланады. Бірақ бұл жетістіктердің бәрінің түп-төркіні менінше сезімнен, арманнан басталған сияқты. Жай ғана қиял емес. Ішкі бір құлшыныс. Өз орныңды білуге деген ұмтылыс.
Адам өз әлемін жақсы түсінген сайын өзгеге де көз сала бастайды. Сол сияқты ғарышқа аттануға талпыныс кездейсоқ тумаған. Қауіп көбейген кезде адам жаңа жол іздейді. Ресурстар азайып бара жатса, басқа кеңістікке назар аударады. Осы сәтте үміт пайда болады. Өмірді жалғастыру үшін, мүмкіндікті көбейту үшін, келешекті сақтап қалу үшін.
Ғарыш ешкімге оңайшылықпен берілмейді. Технология қажет. Білім қажет. Төзім қажет және сенім ауадай қажет. Қандай қиындық болса да, адамның мүмкіндігі мол екенін ұмытпау керек. Ғарышты зерттеу арқылы адам өзі туралы көп нәрсе біліп, түсінеді. Әлсіздігін де, мықтылығын да.
Қазақстан үшін ғарыш тақырыбы жат емес. Байқоңыр әлем тарихындағы алғашқы қадамдар жасалған жер. Кеңестік кезеңнің жетістігі ретінде бағаланып келсе де, қазір оның болашағы бізге де қатысты. Зерттеу орталықтары дамып жатыр. Қазақ ғарышкерлері де шықты. Бұл бастамалар жалғасуы тиіс. Себебі егер өзіміз ұмтылмасақ, біреудің жетістігіне ғана сүйеніп қала береміз.
Ғарышқа қарау өзіңе қарау сияқты. Шексіз аспанға көз салғанда, жердегі тіршіліктің қаншалықты нәзік екенін ұғасың. Сондай сәттерде адам барлығына жауапты екенін сезінеді. Ғалымдар бір-бір планетаны зерттеп жатса, біз әр күнімізге мән беруді үйренеміз. Өйткені барлық ізденістің түбінде өмірді бағалау жатыр.
Оқушымын ғой, кейде жай ғана жұлдыздарға қарап отырамын. Көп нәрсені білмеймін. Бірақ шын ықыласпен қызығамын. Аспанда не бар екені маңызды емес. Неге қарап отырғаның маңызды. Адам үміттенсе, алыстағы жұлдыз да жақындай түсетін сияқты.

Жасмин Нұрболова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!