Уақыт өз арнасымен жылжып барады. Ал сол уақыттың ең үлкен қозғаушы күші – ғылым. Ғылымда тоқтау жоқ, даму мен ізденіс үздіксіз жүріп отырады. Өткен 2025 жыл адамзат баласының ақыл-ойы мен ізденісінің тағы бір биігін көрсетіп, маңызды жаңалықтарымен есте қалды. Бұл жаңалықтардың кейбірі болашақта әлемнің бағытын өзгертіп, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуы әбден мүмкін.
Нанодеңгейдегі интеллект: медицинаның жаңа тынысы
2025 жылы ғалымдар жасанды интеллекті бар, көлемі тұз түйіріндей ғана болатын наночипті сәтті жасап шығарды. Оның басты ерекшелігі – оптикалық талшықтың ұшына тікелей орнатылуында.
Аталған жаңалықтың негізгі қолдану саласы – медицина. ЖИ орнатылған мұндай чиптердің көмегімен дәрігерлер адам ағзасының ішкі әлемін нақты уақыт режимінде, бұрын-соңды болмаған айқындықта көре алады. Бұл жаңалық медициналық диагностиканы жаңа деңгейге көтеріп, күрделі ауруларды ерте анықтауға жол ашады.
Экологияға жасалған жанашыр қадам
Пластикке балама материал іздеу бүгінде аса өзекті мәселе. Британдық Колумбия университетінің ғалымдары бұл бағытта тың серпіліс жасай алды. Олар «Grasstic» деп аталатын биоыдырайтын пленка ойлап тапты.
Бұл технологияның басты артықшылығы – шөп пен дәнді дақыл қалдықтарынан жасалады. Бұрын қоқысқа тасталып немесе өртеліп келген аграрлық қалдықтар енді табиғатқа зиянсыз, толықтай ыдырайтын берік материалға айналмақ. Нәтижесінде алынған полимер икемді және қасиеттері жағынан кәдуілгі пластиктен кем түспейді, бірақ толықтай табиғи жолмен жойылады. Бұл жаңалық экологияға түсетін салмақты айтарлықтай азайта алады дейді ғалымдар.
Безгекке қарсы бетбұрыс: ғылым үміт сыйлады
Ғасырлар бойы адамзатты әбігерге салып келе жатқан безгек дерті әлі күнге дейін миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіріп отыр. Медицина қаншалықты дамыса да, әлі де әлемнің кейбір елдерінде безгек ең қауіпті әрі өлім-жітімі жоғары аурулардың бірі екені жасырын емес. Оның үстіне ауру қоздырғышы мутацияға ұшырап, дәрі-дәрмектерге де төзімді бола бастады.
Алайда 2025 жылы бұл дертке қарсы күресте тың жаңалық тіркелді. Ғалымдар адам ағзасынан безгектің ең ауыр түрін тудыратын паразитке қарсы әсер ететін жаңа типтегі антиденелерді анықтады. Бұл жаңалық болашақта бірреттік вакцина жасауға негіз болып, әсіресе тропикалық аймақтардағы миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Жасанды интеллект адамға жақындай түсті
Жасанды интеллект саласының даму қарқыны күн санап үдеп келеді. Технология дамыған сайын адам мен машина арасындағы шекара да біртіндеп жойылып жатқандай. Былтыр «ChatGPT-4.5» жасанды интеллект жүйесі тілдесу мәдениетінде жаңа белеске шықты. Оның тілдік моделі жазатын мәтіндер адам қолымен жазылған дүниеден айнымайтын деңгейге жетті.
Бұрын жасанды интеллект мәтіндерінен жасандылық пен механикалық стиль аңғарылып тұрса, қазір «ChatGPT-4.5» контексті, эмоцияны, мағыналық астарды терең түсініп, табиғи тілде ой түйіндей алады. Бұл – жасанды интеллектінің тек құрал емес, интеллектуал серікке айнала бастағанының белгісі.
Эпилепсияға қарсы үміт шырағы
Фокальды эпилепсия – тағдырдың ауыр сынағы. Дәрі-дәрмекке көнбейтін бұл дертке шалдыққан жандар үшін жалғыз амал – қауіпті хирургиялық операция болатын.
Дегенмен 2025 жылы Лондон университетінің ғалымдары терапия арқылы ми қызметін тұрақтандырудың тың әдісін ұсынды. Олар LGI1 генін ми қызметі бұзылған аймақтарға тікелей жеткізетін гендік терапия әдісін ойлап тапты. Аталған тәсіл нейрондардың тұрақты жұмысын қалпына келтіруге көмектесіп, аурудың түпкі себебін жоюға жол ашуы мүмкін. Бұл – медицинадағы шынайы төңкеріске бастар жол.
Өткен жыл ғылымның адамзатқа тек прогресс емес, үміт пен сенім сыйлай алатынын дәлелдеді. Бұл жаңалықтар – ертеңгі күннің елесі емес, бүгіннен басталған болашақ.
А.ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
