Фото: grafvision — depositphotos.com

Бұрын үлкендер “асқа нан қосып жесең, тойымды болады” десе, қазір нутрицологтар “нанды аз же, тіпті жемеген дұрыс” дейді. Түрі тәбетіңді ашатын тәтті торттан, дәстүрлі ұн тағамдарынан ешкімнің бас тартқысы келмейтіні рас. Дегенмен дәрігерлердің бұлай айтуына не себеп болды? Ғылыми зерттеулерге қарасақ, бәріне “кінәлі” – глютен.

Латын тілінен аударғанда желім деген мағынаны білдіретін глютен глиадина және глютенин деген екі протеиннен тұрады. Бидайда 80%, қара бидайда 15,7 %, арпада 22,5%, сұлыда 21% глютен кездеседі.

Демек ұннан жасалатын тағамдарда, кондитерлік өнімдерде, тіпті қазір иогурт, сүзбе, балмұздақта да глютен кездеседі. Құрамында глютені бар сорпа тойымды, ал йогурт дәмді болып келеді. Шоколад суфлесі, тоқаштар мен бәліштердің де дәмі тіл үйіруіне глютеннің әсері бар. Бірақ желім секілді жабысқақ ақуыздың зиянын ескере бермейді екенбіз.

“Барлық адамда целиакия болмауы мүмкін” дейді дәрігер Назерке Ермекқызы. Целиакия – тұқымқуалаушылық арқылы берілетін, глютенді көтере алмаушылық. Яғни ішектің бүрлерін жояды. Бірақ қарапайым бидайдың протеині 80% глютеннен тұратынын ескерсек, сау ағза мұндай мөлшерді көтере алмауы мүмкін.

– Глютен негізінен суда ерімейтін ақуыз. Оны көп тұтынса, ішектің бүрлерінде тұрып қалады да, оның қызметін бұзады. Енді қараңыз. Тұтынып жүрген барлық пайдалы тағам, ішіп жатқан дәрумендер барлығы дерлік ішекте сіңіріледі. Сол үшін де тағайындалған диетаны сақтағыңыз келмей ме, онда нутрицевтиктерді ішу үшін дәрігерге қаралудан пайда жоқ. Себебі ішіп жатқан дүниеңіз жай ғана сіңбеуі мүмкін. Бір қызығы, глютен құрамындағы глиадин ішектен қанға өтіп кетсе, иммунитеттің агрессиясын шақырады. Содан иммунитет глиадинмен күресті бастайды, – дейді дәрігер.

Глютен дәрумендерді ағзаға өткізбеумен қатар ішектің қызметін бұзып, иммунитетті нашарлатады. Соның нәтижесінде адамда анемия, аллергия, гиповитоминоз пайда болуы мүмкін.

Кейде “неге дәрі-дәрмек көмектеспейді?”, “неліктен менде аллергия бар?” деген сұрақтар туындаса, оның бір себебі глютенді тағамдар болуы мүмкін.

Ал мамандар денсаулыққа пайдалы болуы үшін жүгері, тары, жасыл қарақұмық ұнын пайдалануды ұсынады.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!