Гүл – табиғаттың ерекше туындысы. Оның әсемдігі адам жанын баурап, ғажап күйге бөлейді. Бірақ олардың сұлулығынан бөлек түсінің де мағынасы, мәдениеттегі орны, тіпті ғажайып ерекшеліктері бар. Мәселен әр гүлдің түсі сөзсіз символикаға ие. Сезімді сөзбен жеткізу мүмкін болмаған кезде гүлдің көмегіне жүгінуге болады.
Біршама адамның фаворитіне айналған қызыл раушан ғасырлар бойы ғашықтардың сүйікті символы болып келеді. Оның реңі жүректегі от сезімін бейнелейді. Ал негізінен қызыл түс махаббат пен құштарлықтың белгісі екенін білеміз. Сары түсті гүл қуаныш пен достықтың бейнелейді. Бірақ бір қызығы өзге мәдениетте сары гүлдер ажырасу немесе қызғанышты білдіреді.
Ақ – тазалық белгісі. Ақ лалагүлдер көбіне тойларда, арнайы салтанатты іс-шараларда қолданылады. Олар бейбітшілік пен рухани тазалықтың символы болса, көк тыныштық пен шексіздікті бейнелейді. Сирек кездесетін көк гүлдер адам жанының тыныштығын сипаттайтындай.
Ерекше гүлдер тізіміне қара раушан, көгілдір орхидея, жасыл хризантеманы жатқызуға болады. Қара раушан табиғи құбылыс емес, бірақ ерекше селекция арқылы алынған гүл. Оның символикасы – құпиялылық пен күш. Ал көгілдір орхидея сирек кездесетін, таңғажайып сұлулықтың көрінісі. Мұндай гүлдер көбіне шығармашылық адамдарға сыйланады. Ал жасыл хризантема табиғаттың ғажайыбы. Себебі жасыл түс жаңа өмір мен табиғаттың күшін бейнелейді.
Деректерге сүйенсек, орта ғасырларда күлгін түс тек патшалар мен жоғары дәрежелі адамдарға тиесілі болған. Бүгінде күлгін гүлдер шабыт пен ұлылықты білдіреді. Бұдан бөлек гүлдердің түсі әр мәдениетте түрлі мағына береді. Мысалы Жапонияда ақ түс қайғының символы болса, Батыста ол тазалықтың белгісі. Үндістанда сары түсті гүлдер киелі саналады және діни рәсімдерде қолданылады. Ал Латын Америкасында күлгін гүлдер еске алу күнінде жиі ұсынылады.
Флористердің айтуынша, гүл таңдау арқылы өзіңіздің ішкі дүниеңізді көрсетуге болады. Жалпы флористика нағыз өнер іспеттес. Себебі гүл шоқтарын жасауда түстердің үйлесімі басты рөл атқарады. Мысалы қызыл мен ақ – махаббат пен бейбітшіліктің тамаша балансы. Көк пен сары – қуаныш пен сенімділік үйлесімі. Ақ пен күлгін – салтанатты ерекше атмосфераға сай келеді.
Гүл – табиғаттың тілі арқылы сөйлейтін көркем әлем. Олардың әр түсі бір сезімді, оқиғаны немесе бір тарихты жеткізеді. Егер біреуге гүл сыйлауды жоспарласаңыз, олардың түсіне мән беруді ұмытпаңыз. Өйткені гүл – сөзден артық нәрсені жеткізе алатын нәзік елші.
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!