Жуырда Майк Вайкиңнің «Хүгге. Дат халқының бақытты болуының сыры» атты кітабын оқудың сәті түсті. Кітаптың сырты мен суреттерінің өзі бір қарағаннан-ақ жайлылық сыйлайды.

Халықаралық зерттеулерге сәйкес бақытты елдер рейтингінде алғашқы орында тұрған Дания халқында «хүгге» деген ұғым бар. Қазақша дәлме-дәл аудармасын табу мүмкін емес секілді. Дегенмен оны бақыт сыйлайтын қарапайым сәттер, жүрек тыныштығы, дәл осы сәттен рахаттану деп те түсіндіруге болады. Біз байқай бермейтін сәттерде хүгге бар екен. Өмірдің әрбір сәтін бағаласаң, үйде не сыртта, мейлі жұмыста да хүггені сезіне алады екенсің.

Ошақта жанған отынға қарап, ойға шомып, бала кезді еске түсірген ұнай ма? Қыста гуілдеген боранның даусын естіп, балауыз шаммен кітап оқыған кезіңіз есіңізде ме? Көктемде жауған жаңбырдың даусымен ұйықтап кету сізге таныс па? Ал жақындарыңмен бас қосып, әңгімелесіп шай ішу ше? Мұндайда ерекше жайлылықты сезінетініңіз анық қой. Мұны даниялықтар хүгге деп атайды екен. Дат халқының басым көпшілігі хүгге дегенде балауыз шам ойына түсетінін айтыпты. Хүггенің басты қағидасы – осы сәтті бағалай білу.

Хүгге сыйлайтын сәттер тым қарапайым. Айталық, жылы жамылғымен кофе ішу, бәрін ысырып қойып, қызықты кітап оқу, құймақ пісіріп, тәтті тосаппен шай ішу, жақындарыңмен үйде фильм көру. Өз өзіне хүгге сыйлап, сәттерді сезіне білетін адам жиі күйзеліске түспейді екен. Ал жарқырап жүрген адамның басқаларға да қуаныш сыйлайтыны белгілі.

Ал көбіміз үшін хүгге не болуы мүмкін? Әрине, туыстардың бір дастарханда бас қосып, арқа-жарқа әңгіме айтуы. Халқымыз қонақ күтуге ерекше мән береді емес пе? Мұндайда алдын ала әзірленіп, абыр-сабыр болып үй-жайды әдемілеп, ет асып, ас әзірлеудің өзінде қуаныш сыйлайтын хүгге бар.

Қазір адамдардың көбі асығыс, кейде хүггені сезініп те үлгермейді. Әлеуметтік желілерде тренд таусылмай, жалт-жұлт еткен дүние, байлық көбірек насихатталады. Дегенмен бақытты сәттер тым қарапайым болады.

Ойланып көріңізші, сізді қандай сәттер бақытты ете түседі? Сіз үшін хүгге деген не?

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!