Елімізде өзгелерден озық шығып, талабымен топ жарғандар аз емес. Осыдан бірер жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Мәулен Бектұрғанов солардың қатарында. Жас инноватор 6 жыл бұрын «MВionics» компаниясының негізін қалады. Бүгінде оның қолынан шыққан «Жасанды бионикалық протез» қаншама адамның өмірге деген құлшынысын арттырып отыр. Бұл туралы Мәуленнің өзі әңгімелеп берген еді.
Зерек ойлы жас кішкентайынан ізденімпаздығымен дараланып, мектепті үздік тәмамдаған. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде бағдарламашы мамандығы бойынша білімін шыңдаған. Аталған білім ошағына оқуға түскеннен кейін ғылыммен айналысуға жарқын жол ашылыпты. Адам мен техниканың байланысы өзін үнемі қызықтыратын ол 2015 жылы адам бұлшық етінің көмегімен басқарылатын ерекше протез құрылғыны көріп, «Неге осы бағытта өз мақсатымды іске асырмасқа?» деген ойда қалады. Көп ұзамай бір шешімге келген Мәулен «Протезді электромиография сигналымен басқару» дипломдық жұмысының аясында қолға алған. «Zhastar Innovation» стартап-жобалар байқауында 500 мың теңге ұтып алып, университет зертханасында прототип дайындауға кіріскен. Осылайша Қазақстандағы тұңғыш бионикалық қол протезін әзірлеген. III топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғы олардың өміріне елеулі өзгеріс әкелуге септеседі екен. Протез адам қолының функционалын барынша қайталайды және импульс арқылы белсендіріледі. Теңдессіз еңбегі арқылы Мәулен отандық ғылымға серпіліс сыйлады.
– Бастапқыда идеямды бәрі фантастика санады. «Бұған дейін шығарылған затты не үшін қайта жасап жатсың?» дегенді жиі еститінмін. Бірақ мен бұл құрылғыларпдың өз елімде шыққанын, қолжетімді бағада болғанын қаладым. Америкадан құрал-жабдық алып, жұмыс істей бастадым. Мұның өзі оңай болған жоқ. Біреуі сынып жатса, екінішісі күйіп жатты. Бірақ мақсатымнан айнымадым. «MBionics» компаниясын аштым. Енді тек қол емес, шынтақ, иықтың қызметін атқаратын электрмеханикалы протез жасап шығаруды ойлаймын. Сондай-ақ, әдеттегі протездерде 20-дан астам функция болғандықтан, оны басқаруға да, ауыстыруға да мейлінше көп уақыт кетеді. Уақытты үнемдеу үшін автоматты түрде басқарылып, өздігінен қозғалатын жасанды қол жобасын реттеудемін. Жалпы әрбір адамның қолының зақымдануы, жаралануы және бұлшық еттерінің сезімталдылығы әртүрлі. Бастапқыда бір протез қолды зерттеп, жетілдіріп, жасауға 8 ай кеткен. Енді қазір барлық жабдығымыз түгелденіп, бағдарлама қалыптасқаннан кейін бір өнімді екі апта ішінде жасап шығаруға дайынбыз, – дейді Мәулен.
Кейіпкеріміз әңгіме барысында Денсаулық сақтау министрлігінің теориялық тұрғыдан үлкен көмек көрсеткенін, бұған дейін Алматы протез орталығымен ынтымақтаса жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойылғанын айтты. Ал «Мұндай дүние жасап, науқастарға ұсыну үшін медициналық білім қажет емес пе?» деген сауалға ол медициналықтан гөрі протездеу жобасын меңгеру маңызды екенін алға тартты.
– Ресейде протез жасау мамандарын дайындайтын колледж бар. Өкінішке қарай, бізде әлі ондай оқу орны жоқ. Дегенмен осы салаға қатысты әдебиеттерді, ғылыми еңбектерді оқып, әрдайым шеберлігімді шыңдап келемін. Оқу мен ізденіс маман ретінде шыңдай түседі. Бұл –жауапты жұмыс. Жасап шыққан бионикалық қол мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілінен шықса деймін. Әрбіріне 2 жыл кепілдік беріледі. Содан кейін протез жүйесі бойынша өзгеріс енгізіп отырамыз. Құрылғының құны шамамен 2 мың АҚШ долларын құрайды. Әрине бұл жерде қолдың зақымдану, жаралану деңгейі, бұлшық еттің сезімталдығы және адамның жұмыс орны сияқты факторлар да аппарат құнына әсерін тигізеді. Ал шетелде жасалатын бионикалық протез қол 30 мың доллар тұрады, тіпті одан да жоғары бағаға сатылады, – дейді жас өнертапқыш.
Мәуленнің алғашқы бионикалық протезін 12 жасында қатерлі ісікке байланысты қолынан айрылған Әкежан Арынғазы қолданыпты. Бұл протезді автор оған сыйға тартқан. Бастапқыда шетелден жасанды қолды тапсырыс беруге мүмкіндігі болмаған Әкежанның отбасы Мәулен Бектұрғановтың компаниясы жайлы естігенінде, көз жасына ерік берген. Бар жігерін білімге арнап, ғылымға ден қойған талантты жастың еңбегі нәтижесіз емес. Бастысы, ол көптің күдігін үмітке алмастырып, ризашылығына бөленіп келеді.
М.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!