фото: ашық дереккөзден алынды
Қазір адам үшін интернет – ауадай қажет құрал. Біз оянған сәттен бастап ұялы телефонға үңіліп, әлем жаңалығын бір сәтте біліп, мыңдаған шақырым алыстағы адаммен тілдесе аламыз. Бірақ осы көрінбейтін желі қалай пайда болды? Ол расымен аспандағы спутниктер арқылы ғана тарай ма?
Интернеттің тарихы өткен ғасырдың ортасына барып тіреледі. 1960 жылдары АҚШ Қорғаныс министрлігі ғылыми зерттеулерді жаңа деңгейге көтеру үшін ақпарат алмасудың сенімді жүйесін жасауды қолға алды. Сол кезеңде пайда болған «ARPANET» атты жоба кейін бүкіл интернеттің бастауына айналды. Оның басты мақсаты бір орталық істен шықса да, желі толық тоқтап қалмайтын жүйе құру еді.
Алғашқыда бұл желі тек бірнеше университет пен зерттеу орталықтарын ғана байланыстырған. Бірақ уақыт өте келе технология дамып, жаңа желілер қосылып, ақпарат алмасу ауқымы кеңейе түсті. 1980 жылдары TCP/IP протоколы енгізіліп, әртүрлі компьютердің бір тілде «сөйлесуіне» мүмкіндік туды. Бұл интернеттің толық қалыптасқан кезеңі еді.
Көпшіліктің санасында интернет дегеніміз спутник арқылы таралатын сигнал сияқты елестейді. Шын мәнінде, бұл ақпарат толықтыруды қажет етеді. Иә, спутниктер қолданылады, бірақ олар интернеттің негізгі тірегі емес. Ғаламтордың басты «тамырлары» жердің үстімен де, астымен де, тіпті мұхиттардың түбімен де өтеді.
Иә, бұл рас. Әлемдік интернеттің басым бөлігі мұхит түбіне төселген арнайы кабельдер арқылы жұмыс істейді. Бұл кабельдер оптикалық талшықтан жасалған, яғни жарық сигналдары арқылы ақпаратты аса жоғары жылдамдықпен жеткізеді. Атлант және Тынық мұхиттарының астында созылып жатқан мыңдаған шақырымды құрайтын желілер құрлықтарды бір-бірімен жалғап жатыр. Осы кабельдер болмаса, бүгінгі жаһандық байланыс мүмкін болмас еді. Ең қызығы, кабельдердің ұзындығы сонша, барлығын бір-біріне жалғаса, Жер планетасын 37 рет орап тастауға болады екен. Қазақстанға ең жақын кабель Каспий теңізінің түбінде жатыр.
Сонда «спутниктер не үшін қажет?» деген сұрақ туындайды. Олар көбіне шалғай аймақтарда, мысалы, таулы немесе инфрақұрылымы әлсіз өңірлерде интернет жеткізу үшін пайдаланылады. Сонымен қатар теңіздегі кемелер мен ұшақтар да спутник байланысына сүйенеді. Дегенмен жылдамдық пен тұрақтылық тұрғысынан кабельдік байланыс әлдеқайда тиімді.
Интернеттің таралуына келсек, ол бір ғана көзден шығатын жүйе емес. Бұл миллиондаған сервер мен құрылғылардан құралған алып тор. Әрбір сайт белгілі бір серверде орналасады. Сіз сол сайтты ашқанда, сұранысыңыз кабельдер арқылы сол серверге жетіп, қайта жауап ретінде қажетті ақпарат келеді. Бұл процесс көзді ашыпжұмғанша жүзеге асады.
Бүгінгі интернет – адамзат өркениетінің ең ірі жетістігінің бірі. Ол тек байланыс құралы ғана емес, білімнің, мәдениеттің, экономиканың алтын көпірі. Бір кездері әскери жоба ретінде басталған бұл жүйенің бүгінде бүкіл адамзатты біріктіретін құрал боларын кім білген…
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!