Фото: Ернар Алмабек
Жент – шай дастарқанына қойылатын ұлттық тағам. Жент — қыста да, жазда да бұзылмайтын, әрқашан өзінің нәрлілігі мен дәмділігін сақтайтын тағам. Ол қазіргі кезде де өзінің құндылығын жойған жоқ. Женттің пайдасы қандай және оны дайындау кезінде нені ескерген жөн? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне эндокринолог Махаббат Ибрагим жауап берді.
Маман женттің құрамы дәрумендер мен микроэлементтерге бай екенін айтты.
«Жент – қазақ десерті. Жент тары дақылынан жасалатындықтан, ағзаға берер пайдасы мол. Мысалы, оның құрамын қарайтын болсақ, ол B1, B2, PP, E, А дәрумендерінен және кальций, натрий, магний, калий, фосфор, йод, темір, марганец, хром секілді микроэлементтерден тұрады», – дейді маман.
Эндокринолог жентті жасағанда маргарин емес, сары май қолдануға кеңес берді.
«Бұл пайдалы, сіңімді әрі адамды тоқ ұстайтын десерт. Оның жасалу тәсілі және қоспалары әртүрлі. Бірақ ең маңыздысы – тек сары май қолдану. Себебі ол ағзаға ең пайдалы май болып келеді. Маргарин – ол трансмайлар, мүлдем пайдасы жоқ. Көпшілік адам маргаринді арзан бағасына қызығып алады», – деп кеңес берді Махаббат Ибрагим.
Маман пайдалы женттің бір рецептісін ұсынды.
«Талқанға мейіз, грек жаңғағын, сары май және бал қосыңыз. Керемет десерт болады. Оны таңғы шайға немесе сағат 11:00-де тіскебасар орнына жеген пайдалы. Ол сізге күш-қуат береді, ал оның ерекше дәмі басқа тәттілерге бой бұруға жол бермейді», – дейді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!