Әр сапардың қиындығы өткенге деген сағыныш сезімімен еселенеді. Түс көрсек те көшелер шытырманын кезіп, қалтарыс-бұрылыстар мен аллелялар арасында әлдекімді іздеумен, әлденені аңсаумен жүреміз. Түсімізде де картада жоқ бір қалада өмір сүреміз.

Ақырында сол сапар өзге қаланың нашар жарықтандырылған аркаларының біріне апарады. Сапардың еркімізден тыс болғаны сонша, бейсаналы түрде жаңа жерден түсініксіз түстерімізге декорация жасай бастаймыз. Бейтаныс үшөлшемді кеңістік вокзал, автобус аялдамалары мен әуежайда, таксиде немесе кешкі серуенде жүрген қарапайым жан иесінің сезім-дүниесіне орнығады.

Әсіресе, вокзалдар. Келіп кетуге арнап салынған алып ғимарат жат тіршіліктің өзегіне айналдырғысы келетіндей көрінеді. Әрбір жолаушы вокзал алаңдағы такси паркін қаланың кез келген өзге ғимаратынан анағұрлым анық есте сақтап қалуға тырысады. Өйткені өзіне мәлім шегінудің жалғыз жолы осы такси алаңы, осы вокзал екенін біледі.

Әр сапар автотұрақтар, билет кассалары, платформалар, айналма жолдардың жадымыздағы топографиясын толықтыра түседі. Ойша жиі оралып тұрмасаңыз, станциялар мен олардың айналасы ұзақ уақыт бойы бір жерде сақталған барлық нәрселер сияқты, бір-бірімен түйісіп, қабаттасады. Олар миымыздың бір қатпарында мәңгіге қала береді.

Қайда барсаңыз да сезім-түйсігіңіз әуежай, автобекеттер мен айлақтардан бірдей тәбетпен тамақтанады. Ол үшін ең дәмдісі – орынның өзі. Айналаның бәрі араласып, қолжетімді коллажға айналады. Бірақ оларды көргеннен кейін де біз 3D кескінді емес, типографиялық нұсқасын сақтаймыз. Есімізде қалғаны сол жердің өзі емес, коллажы ғана болып шығады.

Өзіңіздің территориялық императивіңізді байыптау үшін немесе басқа қандай мақсатпен жолға шықсаңыз да қала ойыңызда алтын жалатылған күмбезімен, мұнараларымен, опера театрымен, көлеңкелі сәмбі талдар мен теректері бар саябағымен, бірнеше көпір асылған арнасы кең меланхоликалық өзенімен, бір-екі зәулім ғимаратымен ғана қалады. Жадыңыздағы қала кең колонналары бар гранитті жағалауы, тормен қапталған қара шілтерлі балконы, балалық шағыңыздың бірнеше бульвары, мәрмәр субұрқақ, көше қиылысында үңгір тәрізді кафелердің ымырттағы өмірі ғана.

Бұл жерді өзіңіз үшін ерекше бір оқиғамен байланыстырасыз. Оқиға егжей-тегжейлі есіңізде жоқ болуы да мүмкін. Жадыңыз ол қаланы жылдың төрт мезгілінде де қалыпты климатпен қамтамасыз етеді. Онда жексенбі күнгідей көлік аз. Адамдар да аз немесе мүлдем болмайды. Онда сирек кездесетін қайыршылар мен балалар бірнеше шет тілін жетік біледі. Сіз ол қаладан өзіңізге таныс өркениет атаулының барлығын бір уақытта көресіз.

…Сонымен сіз түс ауа, жадыңыздағы қалада, айналасын шырмауық иіп қоршаған жазғы кафеде отырсыз. Көше қиылысындағы бағдаршам қызыл-сары-жасыл көзімен жай жыпылықтайды. Төбеңізде бұлтсыз аспан. Алдыңыздағы кофе дәмі Италияда емес екеніңізді, шот Швейцарияда емес екеніңізді сездіреді. Бірақ сіз орталық базарға жақын маңда отырғаныңызды аңғарасыз.

Мүмкін, жай жексенбі, демалыс уақыты, жаздың ортасы. Бір ақынның айтқаны бар: «Жазда астаналар бос қалады». Жылдың бұл уақыты қозғалыс жоқтың қасы. Әрине, егер бұл орын шынымен астана болса.

Сізде бірнеше телефон нөмірі бар, бірақ олардың әрқайсысына екі рет қоңырау шалғансыз. Ешкім тұтқаны көтермеген. Арнайы келген орныңыз сағат 17:00-де жабылады. Дұрысы аттракцион паркінде серуендеп, жарты сағат тир ату немесе бейне-ойын ойнау. Бұл аз болса да өзімшілдігіңізді оятады және жергілікті жұртпен сөйлесуді қажет етпейді. Одан басқа, таксиге отырып, қалаңыз бен оның айналасындағы керемет көріністі жоғарыдан тамашалауға таудың басына барыңыз. Бұл тағы бір вербальды емес тәжірибе: «Мәссаған» теп таңдана салу да жеткілікті. Әрине, егер тау немесе такси болса.

Қонақ үйге жаяу оралыңыз. Етектеп, төмен қарай түсіңіз. Зәулім сарайларды айнала егілген талдар мен қоршауларға таңданыңыз. Қала іргесіндегі гүлзарлар мен іскерлік орталықтың маңызды монолитіне мән беріңіз. Жарқыраған дүкен сөрелерінің, әсіресе сағат сататындарының жанына бөгеліңіз. Бұл сізге жаңа сағат қажет деген сөз емес. Сағатқа қарау – уақыт ұтудың жақсы тәсілі. Тротуарларға, көшелердің керемет шексіздігіне таңырқаңыз. Сізде әрқашан оңаша ой кешуге деген құмарлық болған. Қала адамдарсыз, бос қалғанда ғана мінсіз.

Мүмкін қонақ үйге оралғанда өзіңіздей бір жолаушы кездесер.

– Мұнда жан адам жоқ екен, – дейді ол сізге бұрылып.

– Бүгін жексенбі ғой, – дейсіз. – Жаздың ортасы, демалыс уақыты. Барлығы жағажайларда.

Бірақ өтірік айтқаныңызды өзіңіз біліп тұрасыз. Картада жоқ қалаңыз күн жексенбі болғаны немесе барлығы жағажайға кеткені үшін қаңырап қалған жоқ. Себеп – ойыңызда тірі жан иесінен гөрі жансыз архитектураны тірілтіп алу оңайырақ. Бары сол.

Биболат СӘТЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!