Фото: ашық дереккөзден

Адамзат жаралғалы қай дәуірде болмасын адам баласымен қатар жасасып келе жатқан музыка өнері мәңгілік мұра. Алғашқы қауым жыртқыштардан қорғану һәм аң аулау мақсатында пайдаланған дыбыстық құралдар күнделікті тіршіліктің құрал-саймандарынан еш айырмашылығы болмаған. Дегенмен уақыт өте келе түрлі аспаптар және соған сай түрлі жанр ойлап табылды. Соның ішінде классикалық музыканың алар орны ерекше. Ол тек эстетикалық немесе эмоционалдық деңгейде ғана емес, сондай-ақ денсаулық, таным және психологиялық тұрғыдан да пайдасы мол. Зерттеушілер классикалық музыканың адам өміріне үлкен әсері барын дәлелдеп келеді.

Классикалық музыка тыңдаушыларға эмоционалдық тұрғыдан тыныштық сыйлайды. Мәселен, әлемге әйгілі Моцарттың композициялары адамның көңіл-күйін көтеруге, позитивті эмоцияларды оятуға қабілетті. Ал баяу, жанға жайлы әуендер уайымды сейілтіп, стрессті төмендетеді. Сондықтан оны медитация мен йога жаттығуларында жиі пайдаланады.

Сонымен қатар классикалық әуендер зияткерлік дамуды қалыптастырады. Әсіресе балалардың ми қызметінің жетілуіне музыка тікелей әсер етеді екен. Музыкалық білім алып, белгілі бір аспапта ойнай білген баланың логикалық және шығармашылық қабілеті қатарластарынан анағұрлым жылдам дамитыны дәлелденген. Және мұны ғалымдар «Моцарт эффектісі» деп аталатын феноменмен байланыстырады.

Әлдебір әнді тыңдағанда сөзінің астарына үңіліп не болмаса әуен ырғағына қарай көңіл-күйің құбылса, ал классикалық музыка тек әуеннен тұратындықтан қиялыңды сан тарапқа шарлатады. Мәселен, Евгений Доганың танымал фильмде («Мой ласковый и нежный зверь») орындалатын туындысы тыңдарманын сәт ішінде сан түрлі күйге бөлейді. Жан-дүниең шырқау биікке көтеріліп, қайта құлдилаған сәтте музыканың құдіретіне еріксіз бас иесің.

Классикалық музыканы тыңдау жүрек соғысы мен қан қысымын ретке келтіріп, жалпы денсаулықтың жақсаруына әсер етеді. Ауруханалар мен психологиялық сауықтыру орталықтарында әуен арқылы емдеу әдісі кеңінен қолданысқа ие. Ол науқастың тезірек қалыпқа келіп, сауығуына көмектеседі.

Адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған классикалық әуендер тарихтан да сыр шертеді. Олай дейтін себебіміз, әрбір шығармашылық өкілі өз дәуірінің қулық-сұмдығын, қиындығы мен қуанышын, арман-қиялын туындысы арқылы жеткізеді. Әрбір туынды сол дәуірдің көрінісі, шынайы бет-бейнесі. Оларды зерттей отырып, өнердің, мәдениеттің, жалпы адамзаттың тарихынан терең мағлұмат алуға болады.

Мысалы, польшалық композитор Михал Клеофас Огинскийдің әлемге әйгілі «Отанмен қоштасу» атты композициясы («Полонез Огинского» н/е «Прощание с Родиной») тарихы терең туынды. 1772 жылы Польша жері Пруссия, Габсбург және Ресей мемлекеттерінің арасында бөліске түседі. Үш алып державамен айқасуға қауқарсыз ел 1793 жылы жерінің жартысынан айырылады. Дәл осы тұста қолбасшы қызметін атқарған композитор жеке қаражатына снаряд алып, жаудың 2500-ге жуық әскерін ойрандаған. Десе де 1794 жылы қазан айында Поляк-Литва достастығы толығымен күйреді. Қол астындағы әскері жеңіліске ұшыраған Огинский өзгенің құжатын пайдаланып, қашып құтылуға бел буады. Лакей атын жамылған ол Австрия арқылы Италияға өтіп, Венеция қаласына қоныстанады. Осында жүріп, әйгілі «Отанмен қоштасу» атты туындысын дүниеге әкелген. Композитор Ресей империясының билігінде де кеңесші қызметін атқарған деген деректер бар. Десе де қызметте жүріп өзінің туған жерінде жау әскерінің алшаңдап басқанын қабылдау ол үшін қиынға соққан. Бар мансаптан бас тартқан сазгер Италияға қайта оралып, ғұмырының соңғы жылдарын Флоренция қаласында өткізген.

Иә, жүрек тербер кей туындылардың шығу тарихы қилы-қилы кезеңдерден сыр шертеді. Классикалық музыка тыңдаушыға шабыт сыйлап, жаңа идеялар тудыруға ықпалы етеді. Кей мәліметтер ақын, жазушы, суретшілердің де классикалық музыканы тыңдай отырып, өз шығармашылығын дамытқанын айғақтайды. Яки, музыка тыңдау адамның ойлау қабілетін жақсартады.

Сонымен қатар классикалық музыканың әлеуметтік байланысты нығайтуға да әсері бар көрінеді. Түрлі музыкалық іс-шаралар адамдарды біріктіріп, пікір алмасуға, әсерін бөлісуге мүмкіндік береді. Әсіресе, басқа жанрға қарағанда классикалық музыка тыңдармандарының арасында ынтымақтастық пен өзара түсіністік жоғары қалыптасқан.

Мәдени біліміңізді арттырамын десеңіз классикалық музыка тыңдауды әдетке айналдырғаныңыз абзал. Таным көкжиегіңізді кеңейтіп, қиялыңызға ерік беріңіз!

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!