Қызылордадағы «Жібек жолы» ойын-сауық орталығында көбелектер экспозициясы өтіп жатыр. Климаты ылғалды аймақтарды мекендейтін қанаттылардың үйшігі арнайы құрылғымен жабдықталған. Оны инсектариум деп атайды екен. Бамбук таяқшасында жұлдызқұрттар ілулі тұр. Бұл жерде көбелектің қалай пайда болатынын да көре аласыз.
Мұнда қанатты жәндіктердің 10-нан аса түрі бар. Олардың негізгі қорегі – апельсин және қант шырыны. Жәндіктерге түр-түсіне, мекеніне байланысты түрлі атау берілген. Олардың арасында Румянцевтің желкенді кемесі, Аттакус атлас, Идэя Леуконоя, көгілдір Морфо, Лови желкенді кемесі көпшіліктің қызығушылығын туғызуда.
Экспозициядағы ең ерекше көбелек – Аттакус атлас. Ол – әлемдегі ең үлкен көбелектің бірі саналады екен. Қос қанатын жайғандағы ұзындығы – 25-30 см, өмір сүру ұзақтығы – 4-5 күн ғана. Қанатындағы өрнек жыланның басына ұқсағандықтан, мамандар арасында «жыланбас» деген атауға ие. Гидтың айтуынша, Үндістанда аттакус атласты кәдімгідей қолда бағады. Көбелекшілер жәндіктің құртынан мықты түкті жібек мата алады. Мұны өздері фагар жібегі деп атайды. Ал тайваньдытар көбелектің көлемді піләсін әмиян ретінде пайдаланады.
Тағы бір ерекше көбелек – көгілдір Морфо. Ол – биік ұшатын көбелектердің бірі. Оңтүстік Американың жаңбырлы ормандарында өмір сүреді. Адамдар көзіне көп түспейтіндіктен, жергілікті халық қасиетті санап, оны өмірден өткен рух деп те есептейтін көрінеді. Ежелгі үнді аңызы бойынша иығына осы көбелек қонған адамның арманы орындалады.
– Тасымалдаушылар апта сайын көбелектің қуыршақтарын әкеледі. Көрмеде арнайы тропикалық климаттың жағдайын жасадық. Келушілер тіпті олардың жарық дүниеге келуін де бақылай алады. Көрме 24 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұған дейін мұндай шара еліміздің 10-нан аса өңірінде өтті. Келушілер көгілдір немесе күлгін түсті киім кигені дұрыс, сондай-ақ көбелектер ақ сары және қызыл түсті де ұнатады, – деді көрме ұйымдастырушысы Дмитрий.
Көрме коллекциясы апта сайын жаңа көбелектермен толықтырылып отыр. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, бұл тіршілік иелерінің өмір сүру мерзімі өте қысқа. Сондықтан өңірге олардың дернәсілдері ғана жеткізілді. Арнайы контейнерде орналастырылған көбелектердің 150-ден аса қуыршақтары бар. Ұйымдастырушылар оның біреуін 2000 теңгеге сатып алған.
– Меніңше, көрмеге кіру құны аса қымбат емес. 1800 теңге осындай керемет көріністі тамашалауға тұрады, мұнда отбасыммен бірге келдім. Тропикалық көбелектердің контейнерден қанат қағып жатқан сәтін алғаш көріп, қатты толқыдым, – дейді қала тұрғыны Салтанат Назар.
Статистикаға жүгінсек, әлемде көбелектің 200 мыңнан астам түрі бар. Мезозой дәуірінде пайда болып, мамонт көрген қанаттылардың сыры бүгулі. Ғалымдар оның тереңіне әлі бойлап жатыр.
Мөлдір СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!