Бүгінде кез келген заттың бағасы шарықтап тұр. Бір ғана мысал, әлемді пандемия шарпығанда экономика құлдырап, тауар бағасы едәуір артты. Өткен жылы наурызда бастау алған төтенше жағдай бірнеше факторларға әсер етті. Көптің арманына айналған темір тұлпарларда басым жаңалық байқалды. Сәуір айынан бастап жаңа машиналардың сатылымы тоқтады. Бұған теңге бағамының күрт құлдырауы қосылды. Сөйтіп жұрт қолдан көлік алуға көшкенде сатушылар орайды пайдаланып, машина бағасын қымбаттатып жіберді.

Мамырда жаңа автомобиль нарығы жандана бастады. Бірақ жаңа машина тапшылығы басты проблемаға айналды. Бұл жүрілген көліктердің одан әрі қымбаттауына түрткі болды. Халықтың дені 3 миллионнан арзан көліктерді қарайтыны белгілі. Бұл сомаға  ВАЗ-2114, Audi 100 (C4), Volkswagen Passat B3, Mercedes маркаларының ескі нұсқаларын қарауға болады. Әрине, еңбекпен келген қаражаттың ескі көлікке жұмсалғаны үлкен мәселе. Бірақ шаруасын жеңіл көлікпен бітіретін қарапайым халықтың жаңа машинаға қол  жеткізуі екіталай екенін бүгінгі қоғам айқындап отыр. Ендеше танымал машиналардың бір жылдық баға статистикасын зерттеп көрдік

ВАЗ-2114

2020 жылдың сәуірінде 2013 жылғы ВАЗ-2114 орта есеппен 1 569 500 теңге болған, ал қыркүйекте құны 1 639 200 теңгеге жетті. Қазан айында шамалы (-1,1%) төмендеген соң қайта қымбаттап, 2021 жылы 1 сәуірде «төрттіктің» бағасы 1 710 500 теңге болды. Ең жоғары көрсеткіш ақпан айында байқалды. Сол кезде Қазақстанда тіркелген автокөлік үшін 1 722 300 теңге сұралған. Айта кетерлігі, Қазақстанда сатылымға шығарылған ВАЗ-2114-тің көбі ресейлік нөмірмен жүр, олардың бағасы сәл арзан. Бірақ қазір олар да қымбаттап, Қазақстанда тіркелген машиналарға жақындады.

Audi 100 C4

Өткен жылы Audi 100 C4 маркалы көлік 1 411 000 теңге болған. 1991 жылғы Audi 100-дің бағасы 12 айда 11,8 %-ға қымбаттап, биыл сәуірде 1 577 800 теңгеге жетті. Бұл модельдің құны ең шарықтаған кез – 2021 жылдың қаңтары. Жыл басында машина 1 587 300 теңгеге бағаланды. Демек C4 қазір қаңтармен салыстырғанда 0,6 %-ға арзан деген сөз.

Volkswagen Passat B3

B3 индексті Volkswagen Passat мегаполис қалаларда сирек кездеседі. Бірақ 1991 жылы шыққан машина соңғы 12 айда едәуір қымбаттады. 2020 жылы сәуірде Passat-тың орташа бағасы 980 200 теңге болса, 2021 жылы жаз айында  1 101 400 теңгеге жетті (+12,4 %).

3 миллионнан 6 миллионға дейін

3-6 миллион теңге тұратын көліктер санатына Hyundai Accent, Kia Rio және Toyota Camry XV40 жатады.

Hyundai Accent

Hyundai Accent (2014 жылы шығарылған) өткен жылы 4 миллион теңгеден сәл қымбат бағаланды. Шілдеден бастап баға айына 1,4-2,2 %-ға өсіп, 2021 жылы қаңтарда 4 452 900 теңгеге жетті. Наурыз айына дейін баға осындай болды. Ал қазіргі таңдағы орташа бағасы 4 438 000 теңге болды. 12 айда Accent 9 %-ға қымбаттады.

Toyota Camry XV40

Бұл баға өлшеміндегі ең танымал Camry – 2007 жылғы модель. Былтыр сәуірдегі орташа бағасы 4 660 200 теңге болған. 2021 жылы сәуірде 5 375 100 теңгеге өсті (+15,3 %). Соңғы бірнеше айда седанның бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ.

Kia Rio

Kia Rio да отандасы Accent-тен кем түспей қымбаттады. Бір жылда машинаның орташа бағасы 4 028 900 теңгеден 4 596 600 теңгеге өсті. Седанның құны ай сайын жоғарылап отырды, бірақ биыл наурыздан бастап сәл арзандай бастады.

6 миллионнан 9 миллионға дейін

Бағасы 6-9 млн теңге тұратын көліктер тізімінде де Toyota Camry бар, бірақ ол XV50 индексімен. Одан бөлек Сorolla мен Lexus RX 330 кроссовері де осы баға өлшемінде.

Toyota Camry XV50

2012 жылғы Toyota Camry 12 айда 12 %-ға қымбаттап, бағасы 7 504 600 теңгеден 8 403 000 теңгеге жетті (+11.9 %). Демек миллионға жуық өсті деген сөз. Егер осы қарқынмен қымбаттай берсе, (айына +0,7 %), бірнеше айдан кейін бағасы 8.5 миллионнан асады.

Toyota Corolla

2013 жылғы Toyota Corolla (E170) 562 900 теңгеге қымбаттап, нарықта 6 191 400 теңгеден саудаланып жатыр. 2020 жылы сәуір-қараша аралығында модельдің бағасы 30 мың теңгеге өскен, ал үлкен өсім былтырғы қараша мен 2021 жылғы қаңтарда байқалды. Екі айда орташа құны 6 миллионнан асқан машинаның бағасы әлі өсуін тоқтатпады.

Lexus RX 330

Lexus RX 330 – бұл тізімдегі жалғыз кроссовер. Үлгі ретінде біз 2004 жылы шыққан көлікті алдық. 2020 жылы аналитика оның орташа құнын 6 033 900 теңге деп көрсеткен. Бір жылдан соң бұл сома 6 885 800 теңгеге (13.1 %) жетті. 12 айдың ішінде машина ай сайын 0.3-тен 2 %-ға дейін қымбаттады. Тек былтыр қараша-желтоқсан айларында 3.2 % өсім көрсетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!