Адамзат үшін кітапхана – сарқылмас қазына, өркениеттің айнасы, руханияттың алтын бесігі. Сонау тасқа қашалған таңбадан бастап, балшыққа басылған сына жазуға, папирус шиыршықтарынан пергаментке, одан кітапқа дейінгі жол – адамзаттың ой мен парасатқа деген шексіз құштарлығының айғағы. Сол құштарлықтың мәңгілік мекеніне айналған орын – кітапхана.
Адамзат тарихында талай ұлы кітапханалар өртеніп, талайы тоналды. Бірақ білімге деген құштарлық ешқашан жоғалған жоқ. Күйреген кітапхананың орнына жаңасы салынды, жоғалған мұраның орнына жаңасы жазылды. Бұл – кітапхананың тек ғимарат емес, мәңгілік идея, рухани құндылық екенін дәлелдейді.
Сондықтан кітапхана – адамзаттың дамуына тірек, ұлттың болмысына тіршілік нәрі, өркениеттің өрге сүйрер шамшырағы. Ол – өткенді бүгінге жалғап, бүгінді болашаққа жеткізетін алтын көпір. Кітапхана – кітап қана емес, халықтың жадын, мәдениетін, дүниетанымын сақтайтын ұлы қоймаға айналды. Әлемдегі ең көне кітапханалар осыны дәлелдейді.
Ассирия патшасы Ашшурбанипалдың (б.з.д. VII ғ.) Ниневия қаласында жинаған кітапханасы тарихтағы ең алғашқы жүйелі кітапханалардың бірі саналады. Қазба жұмыстары барысында табылған 30 мыңнан астам балшық тілімдерінің ішінде астрономия, медицина, заң, діни мәтіндер, тіпті әйгілі «Гильгамеш жыры» да бар. Бұл – ежелгі адамзат ойының энциклопедиясы іспетті мұра.
Ежелгі әлемдегі ең даңқты кітапхана – Александрия кітапханасы. Ол б.з.д. III ғасырда Птолемей әулетінің бастамасымен құрылған. Ғалымдар мен ойшылдар жиналған бұл жерде жүздеген мың папирус сақталды. Мұнда Евклид, Архимед сынды ғалымдар еңбектенгені айтылады. Өкінішке қарай, өрт пен саяси қақтығыстар салдарынан кітапхана жойылып кетті. Дегенмен оның рухы бүгінде жаңғырып, 2002 жылы ашылған «Bibliotheca Alexandrina» заманауи зерттеу орталығына айналды.
Ал Пергам кітапханасы – пергаменттің туған жері. Александриямен бәсекелес Пергам (қазіргі Түркия аумағында) да ірі кітапханалар қатарынан орын алды. Мұнда жүз мыңдаған қолжазба жинақталып, ерекше материал – пергамент дүниеге келді. Пергамент кейінгі ғасырларда кітап жасау өнерін түбегейлі өзгертіп, қағазға дейінгі ең сенімді материал ретінде қолданылды.
Үндістандағы Наланда университеті (V–XII ғғ.) – бүкіл Азиядағы білім орталығы болды. Мұнда мыңдаған шәкірт білім алды, бірнеше қабатты алып кітапханалар жұмыс істеді. Қытай саяхатшысы Сюань Цзянь «Наланда кітапханасы көлемінің үлкендігі соншалық, өрт жайлағанда айлар бойы жанып тұрды» деп жазған. Өкінішке қарай, шапқыншылықтар кезінде бұл мұра толығымен жойылды.
IX ғасырда Бағдадта құрылған «Байт әл-Хикма» (Даналық үйі) – ғылым мен мәдениеттің ордасы болды. Мұнда грек, парсы, үнді шығармалары арабшаға аударылды. Әл-Хорезми, Ибн Сина, әл-Фараби сынды ғалымдардың еңбектері осы орталықта кеңінен тарады. Бұл кітапхана арқылы Еуропа Қайта өрлеу дәуірінде шығыс ғылымының жемісін пайдаланды.
Марокконың Фес қаласында 859 жылы әйел меценат Фатима әл-Фихри негізін қалаған Әл-Қарауиын университетінің кітапханасы – әлемдегі үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан ең көне кітапхана. Мұнда ислам философиясы, құқық, жаратылыстану ғылымдары бойынша сирек қолжазбалар сақталған. 2016 жылы толық реставрациядан өткеннен кейін әлем ғалымдары үшін есігін айқара ашты.
Орта ғасырларда Еуропада да қоғамдық кітапханалар пайда болды. Оның ішінде Италиядағы Малатестиана кітапханасы (1452 ж.) – халыққа ашық болған алғашқы кітапханалардың бірі. Бұл мұра бүгін UNESCO-ның «Әлем жады» тізіміне енгізілген. Ал Ватикан кітапханасы мен Оксфордтағы Бодлейан кітапханасы Еуропаның мәдени дамуына үлкен ықпал етті.
Көне кітапханалар – өркениеттің зердесі. Олар тарихтың соқпақ жолында талай рет күйреп, қайта түлегенімен, адамзаттың білімге деген құштарлығын жоя алмады. Бүгінде бұл мұралар цифрландырылып, әлемнің кез келген бұрышындағы адамға қолжетімді болуда. Ежелгі кітапханалардан қалған сабақ – білімді сақтау, бөлісу және құрметтеу – адамзат дамуының басты кепілі.
А.МАРАТҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!