Адам арасындағы қарым-қатынас пен әңгіме-дүкен әрдайым сәлемдесуден басталады. Халқымызда «сәлем – сөздің анасы» деп бұл амалдың маңызын қысқа да нұсқа дөп басып айтқан. Жер бетінде әңгімесін сәлемсіз бастайтын ел жоқтың қасы. Дегенмен әр ұлттың амандасу рәсімі жүз кісінің жүзіндей, бәрі біркелкі бірдей емес. Сәлемдесу арқылы бір-бірімізге амандық тілеп қана қоймай, өзара сыйластық пен сенім көпірін орнатамыз.
Әлем картасына көз жүгіртсек, амандасудың сан түрлі, кейде біз үшін таңғаларлық тәсілдерін кездестіруге болады. Бұл өзгешелік халықтың тұрмыс-тіршілігіне, діни нанымдарына және тарихи даму жолына тікелей байланысты. Мәселен Тибет елінде адамдар кездескенде тілін шығарып амандасады. Бұл бізге ерсі көрінгенімен, олар үшін жаман ойдан ада екенін, «тілінде уы, қойнында тасы жоқ» екенін білдіретін белгі. Жапонияда адамдар бір-біріне иіліп құрмет көрсетеді. Жаңа Зеландиядағы маори тайпасы мұрын түйістіріп, «өмір тынысымен» бөліседі. Бұл екі адамның жаны бір арнаға тоғысқандай әсер беретін ерекше ғұрып. Ал Үндістанда алақандарын біріктіріп, жүрек тұсына қойып «Намасте» дейді, бұл «менің ішімдегі құдайлық нұр сенің ішіңдегі нұрға сәлем береді» деген терең философиялық мағынаны арқалайды екен. Еуропа мен Америкада қол алысу кең таралса, Франция мен Италияда жақын адамдар бет сүйістіріп амандасуды жөн көреді. Қазақ елінде де амандасудың өзіндік философиясы бар. Бұл тақырып белгілі қоғам қайраткері Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабында жақсы суреттелген. Зейнеп апамыз өз еңбегінде атақты Бауыржан Момышұлының шаңырағындағы келіндік қызметі мен көрген-түйгенін баяндай отырып, сәлемнің тәрбиелік мәніне ерекше тоқталады. Оның пайымдауынша, Хрущевтің билік құрған кезінен сүйісіп амандасу кең етек алып, жайылып кетті. Алайда батпандай ер азаматтардың көріскенінде мұндай мәдениет бөлігі мүлдем болмаған. Ол «Ер азаматтар қолдасып амандасушы еді. Сағынысып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Мұны еркекше сәлемдесу» деп атайды.
Зейнеп Ахметованың еңбегінде қариялардың жастарға деген ықыласы мен сәлемдесу мәнері де ерекше лебізбен жазылған. Қазақта қартты аса бағалаған. Ақылшы, дана көрген. Ақсақалдар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп, еміренгенде оларды құшағына қысып, арқасынан қаққан. Осы жерде айта кетейік, бастан сипалау мен арқадан қағудың екі түрлі мағынасы бар. Білмейтінге екеуі де бірдей. Ал білгенге жол ашық. Зейнеп апамыз кітабында былай жазып кеткен еді. «Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. Басынан сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ер жетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы – үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды кететін бала ғой деп еркелетеді. Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен…» деп жазған.
Сәлем салмағанның салмағы
«Дүние жүзінде қазақтан ұзақ амандасатын ел кемде- кем болар… Мал-жан, ауру-сырқау, ит-құсқа дейін қалдырмай сұрасады. Келген жерінің қандай қабақпен отырғанын да осы амандасу үстінде болжасып алады. Келген жұмысының жайын аңғарту үшін де жапсарлас бір амандық сұрау керек…» деп жазған екен Ғабит Мүсірепов.
«Жасында әдеп үйренбеген кісіден, өскен соң қайран жоқ» деген сөз осыдан пайда болса керек. Жалпы сәлем айту, не оны қабылдау адам туралы бір ой тарқататыны рас. Бұл жөнінде де Зейнеп апамыз өз әңгімесінде айтқан еді.
– Қазақ ғұрпында кіші үлкенге алдымен сәлем береді. Жасы кішінің бірінші болып сәлемдеспеуі барып тұрған тұрпайылық саналады. Жас адам үлкеннің алдында амандаспай сөз бастаса немесе бедірейіп қарап тұрса, ондайларды «көргенсіздің баласы» деп, «тәрбие көрмеген тексіз» деп, оның өзінен бұрын ата-анасын кінәлайды. Әне, сондықтан әрбір ата-әже, әке-шеше баланы қарғадайынан сәлем жолын жасауға үйретіп, санасына сіңіреді. Ол – отбасындағы үлкендердің бір парызы, – деген еді.
Ал әжелер мен аталар жасы кіші жақындарын, немере-шөберелерін жақсы көргенде, ол ұл болсын, қыз болсын, оларды құшақтап, маңдайынан иіскеп немесе қолынан сүйетін. Тегінде, қазақ дәстүрінде жас баланы, әсіресе, қырқынан шықпаған немесе әлі буыны бекімеген кішкентай сәбиді бетінен сүймейтін, оған таңданып сұқтанбайтын болған. Баланың терісі құстың балапанындай нәзік. Иммунитеті де әлсіз. Қазірде медицина мамандары баланы сүйюдің қатерін атап жүр. Алматыдағы интегративті Медицина клиникасы «Instagram» парақшасында «Герпес, ЖРВИ, стафилококк – бұлардың сізде белгілері болмаса да, сүю арқылы жұғуы мүмкін. Бұл бала үшін жай ғана тұмау емес – реанимация, антибиотиктер және ұзаққа созылатын зардаптар» деп жазған еді. Осындай сәтте қазақтың даналығы медицинадан алға кеткен бе деймін…
Келіннің сәлемін кім алады?
Қазақта бір ерекше дәстүр бар. Ол – келіннің сәлем салуы. Бұл ғұрыпсыз ешбір беташар өтпейді. Ол – бұрыннан келе жатқан салт. Бірақ Зейнеп апамыздың еңбегіне үңіле отырып, біздің дәстүрдің бұрмаланғанын тез байқайсың. Келін сәлемі – жай ғана иілу емес, астары қалың, өнегесі мол ғұрып. Жаңа түскен келін босағадан аттаған сәтте шаңыраққа үш мәрте сәлем еткен. Оның жанында жүретін екі жеңгесі жас келінге бағыт-бағдар беріп, үлкендерге қалай сәлем салу керегін үйреткен. Олар келінді әулеттің қадірлі ақсақалдарымен, аналарымен таныстырып, үлкеннің алдын кесіп өтпеу секілді әдептілік ережелерін түсіндіріп, қамқорлықтарына алған.
Ертеде беташар рәсімі де жинақы әрі мәнді өтетін. Қазақ жеті санын қасиет тұтқандықтан, келін тек ең жақын, сыйлы туыстарына арнап жеті рет сәлем салатын. Бірақ қазіргі беташарларда келінге отыз-қырық адамға дейін сәлем салғызу әдетке айналды. Кішкентай бес-алты жасар бүлдіршіндердің өзі қазір келіннің сәлемін алып жатады. Ал бұл дәстүрге жат. «Ескеретін жайт, келін күйеуінен жасы кіші адамға еш уақытта сәлем салмаған. Иіліп сәлем салу – үлкенді сыйлаудың белгісі», – дейді Зейнеп апамыз.
Хабардың да әдебі бар
Бір жерге хабарласып, сөзді сәлемнен бастамау – әдепсіздік. Тәрбиелі адам өзін де, өзгені де сыйлай біледі. Біреудің уақытын алса аңғарады. Кімге, қайда хабарласса да ең алдымен сөздің түбін сәлемнен бастайды. Ал қоңырауды бөгде адамға түсті деп қателесіп кеттім дегенде «кешіріңіз, бұл түгеншенің үйі ме?», «телефонға осы кісіні шақырып жібересіз бе?» деп сұрайды. Сонда сөйлескен адам да хабарлаушының жөніне еніп, хабар-ошарын айтып жібереді. Телефонмен сөйлесу ырғағы адамның біраз қылығын айқара ашады. Осы орайда апамыздың тебірене жазған әңгімесі еске түседі.
«Телефон шылдырлады. Барып алдым. Адам сияқты «ал-ло» дедім. Сөйтсем ар жақта дауысына қарағанда әйел адам, аман жоқ, сәлем жоқ:
– Мен қайда «звондап» тұрмын? – дейді сылдырлап.
– Қайда хабарласуыңыз керек екенін өзіңіз білмесеңіз, қайдан білемін? – дедім.
– Кімсің өзің? – дейді өңмендеп. Мынадан соң мен де қисайдым.
– Сізге кім керек?
– Немене, атыңды айта салуға ерініп тұрсың ба? – дейді».
Осыдан кейін Зейнеп апай телефон тұтқасын қоя салды. Бірақ көңілінде келеңсіз қалдық қалғаны туралы айтты. Кесірі қырық есекке жүк болатын оқиға.
Қалтанда он диплом болғанымен сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң нағыз мәдениетсіз адамсың.
Осы тұрғыдан қазақтың амандасу салты өзге елдерден ерекшеленеді. Дәстүр деп қастерленген ғұрып бірде өз қадірін жоғалтып алғандай. Ал қазірге сәтте оның басқа елдерге қарай еліктеуі де көңілге тиеді. Ғасырлар бойы қалыптасқан аман-саулық сұрасу ғұрпы бір сәтте өзгеріске ұшырайды. Бірақ біз оны қайта қалыпқа енгізуіміз керек. Бұл жазбаның басты мақсаты да осы еді. Бәріміз бір-бірімізбен амандасып, саулық сұрап, өзара сыйлассақ деген ойды қуаладым. Қазір біздің парыз – ғұрыпты, салт-дәстүрді құрметтеу, оны келешек ұрпаққа аманат ету. Сондықтан амандасқанның өзінде басқа елге еліктемей, ата-баба жолын қастерлейік!
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
