Фото: ашық дереккөзден
Қала орталығынан кофеханаларды жиі байқайтын боларсыз. Иә, өңірде кофе бизнесіне қызығушылардың қатары көбейді. Бұл – әрине, елімізде кофе ішу мәдениетінің кең тарай бастағанының белгісі.
Тәтті тоқашпен бір шыныаяқ кофе ішу эстетикалық тұрғыда да әдемі көрінетіні рас. Дегенмен әп сәтте көңіл-күйіңе әсер етіп, шаршағаныңды басатын сусын пайдалы ма? Тарихи деректерге қарасақ, бір кездері кофе дәрі ретінде де қолданылыпты. Ал кейбір елдер кофе ішуге тыйым салған.
Мамандардың айтуынша, кофе көңіл-күйді көтеріп, күйзелістен сақтап, метаболизм процесін жылдамдатады, тіпті жаттығудан кейін бұлшықеттің ауырғанын басады. Бұл – кофенің біз білетін жақсы жағы. Ал ол ағзамызға қалай әсер етуде?
Дәрігер Назерке Ермекқызы «кофені аш қарынға ішуге болмайды, себебі, асқазандағы қышқылдықты жоғарылатып, асқазан жарасы немесе гастрит тудыруы мүмкін» дейді.
– Кофе ағзадан кальцийді шығарып тастайды. Зерттеулер нәтижесі бойынша, 10 мг кофе ағзадан 1 мг кальцийді шығарады. Тіс құртылады, сүйек зақымданады.
Кофе мидың жұмысын төмендетеді. BBC news-те көрсетілген жаңалықтар бойынша, Америкада бір әйел 1 шыныаяқ кофе ішкенге дейін және ішкен соң миын МРТ-ға түсірген кезде, мидағы қан айналымның 35%-ға дейін төмендегенін байқаған. Ол өз кезегінде ес, псиxика, есте сақтаудың бұзылуына, тіпті паникалық атакаға да алып келеді.
Кофе темірдің сіңірілуін 39%-ға, ал шай 69%-ға төмендетеді. Бір қызығы апельсин шырыны 250 есе темірдің сіңірілуін күшейтеді. Ал біз таңертең апельсин шырынын емес, кофе ішеміз.
100 градустан жоғары температурада қыздырылған кез келген заттан акриламидтер пайда болады. Ол канцерогендік зат болып есептеледі. Тіпті геннің құрамын бұзады, рак шақырады.
Сонда ел айтатын кофенің пайдасы қайда қалды? Кофе көптеген антиоксидант, пайдалы ферментке ие. Бірақ 200 градустық температурада қыздырылған кофе дәндерінен пайдалы деуге келетін барлық дүние жойылады. Сөйтіп пайдасынан ештеңе қалмай қалатын көрінеді. Бас тарту немесе бас тартпау әр адамның өз еркінде. Бірақ кофені күнделікті сусынға айналдырудың қажеті жоқ, – дейді дәрігер.
Әрине, бұл кеңестерден кейін денсаулығын ойлайтындар кофені көп тұтынбауға тырысатын болар. Ал егер іше қалсаңыз кейін су ішуді де ұмытпаңыз. Кейбір кофейнялар кофемен бірге суды да ұсынады. Мұның да себебі жоқ емес. Өйткені кофеин несеп айдағыш қасиетке ие болғандықтан, ағзаны сусыздандырады, көп ұзамай шөлдейтініңіз де сондықтан. Мұның алдын алу үшін кофеден кейін 1 стақан су ішіп, ағзадағы су тепе-теңдігін қалпына келтіре аласыз.
Әлдекімдер үшін кофе қан қысымын көтеруге арналған сусын. Дегенмен зиянын ескеріп, әдеттенбегеніңіз абзал.
А.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!