Кофенің ұйқыға әсері туралы жаңа зерттеу күтпеген нәтиже көрсетті. Цюрих университетінің ғалымдары кофені күн сайын ішсе, ұйқының жалпы ұзақтығы аздап қысқарғанымен, оның сапасы, яғни терең және қалпына келтіруші фазалары жақсара түсетінін анықтады. Зерттеу Journal of Psychopharmacology журналында жарияланды, – деп хабарлайды Tengri Life.

Зерттеу қалай жүргізілген?

Ғалымдар бірден екі ауқымды деректер базасын талдаған:

  • UK Biobank – кофеин тұтыну әдеттері туралы 485 мың адамның мәліметі;
  • HypnoLaus – 1702 адамның түнгі полисомнография нәтижелері (ұйқы ұзақтығы мен ми белсенділігі туралы дәл жазбалар).

Қатысушылар кофеинді тұтыну көлеміне қарай екі топқа бөлінген:

  • күніне үш кесе немесе одан аз ішетіндер (орташа тұтынушылар);
  • төрт және одан көп ішетіндер (жоғары тұтынушылар).

Нәтижелердің дәлдігін арттыру үшін қатысушылар жасы, салмағы және әлеуметтік көрсеткіштері бойынша статистикалық «егіздерімен» салыстырылған.

Нәтиже нені көрсетті?

Күніне төрт немесе одан да көп кесе кофе ішетін адамдар орташа есеппен түнде 11–13 минутқа аз ұйықтайтыны анықталды.

Алайда EEG (электроэнцефалография) жазбалары мұндай адамдардың ұйқы кезінде дельта-толқындарының белсенділігі күшейгенін көрсеткен. Дәл осы баяу толқындар ең терең және ең қалпына келтіруші ұйқы фазасын қалыптастырады.

Зерттеушілердің пайымдауынша, ми қысқа ұйқының орнын ең терең кезеңдерді күшейту арқылы толтыра алады. Яғни аз ұйқының өзі қалпына келтіру тұрғысынан тиімді болуы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!