Күлімсіреу – адамның өзіне және өзгелерге тегін беретін, бірақ құны шексіз дүние. Бір ғана қарапайым жымию сіздің күнделікті күйзелістеріңізді жеңілдетіп, айналаңыздағы әлемді жарқыратады. Ал ендеше күлімсіреудің астарында жатқан нағыз құдіретке үңіліп көрейік…

Күлімсіреу – стресске қарсы табиғи вакцина

Қиындық пен уайымнан қашып құтыла алмаймыз, бірақ күлімсіреу оларды жеңілдетудің бірден-бір оңай жолы. Стрессті азайтатын эндорфиндердің бөлінуі арқылы күлімсіреу тыныштық сыйлайды. Тіпті зерттеулер де бұл құбылысты дәлелдеген. Демек, мәселе туды ма – күлімдеңіз!

Жүрегіңізге мейірімді болыңыз

Күлімсіреу жүрекке қаншалықты пайдалы болуы мүмкін? Осы тұсты мықтап есте сақтаңыз. Күлу – қан қысымын төмендетеді, жүрекке түсетін қысымды азайтып, жүрек- қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсартады. Күлімсірегеніңізде жүрегіңіз сізге алғыс айтатынын ұмытпаңыз.

Иммунитеттің құпия серігі

Ол көңіл-күйге ғана емес, дененің иммундық жүйесіне де оң әсерін тигізеді. Күлімсіреу стрессті төмендетіп, дене иммунитетін күшейтеді. Көңілді, ашық-жарқын адамдар жиі ауыра бермейді. Себебі олардың ағзасы күлкі арқылы қуат алады.

Айналамен жақын қарым-қатынас

Күлімсіреген адам айналасындағыларды өзіне тартып, қарым- қатынасты жеңілдетеді. Езудегі бір күлкі – адамдардың жанын жылытуға дайын. Ғылыми фактілер де күлімсіреудің қарым-қатынастағы ең күшті байланыс құралы екенін растап отыр.

Күлімсіреу – жай ғана бет әлпетіңіздің өзгеруі емес. Ол сіздің денсаулығыңыздың, қарым- қатынасыңыздың, тіпті өмірге деген көзқарасыңыздың өзгеруіне әкелетін таптырмас құрал. Әлем сізге қандай қиындық әкелсе де, сіздің ең мықты жауабыңыз – жымию. Сондықтан, күліп жүріңіз!

Ә.ТЕКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!