Адамның қолы жетпеген жерге ойы жетеді. Бұның дәлелі өнертапқыш Бексұлтан Әйтеннің жұмысы. Алматыда Suleyman Demirel атындағы университеттің ІV курс студентінің ойлап тапқан дүниесі бүгінде үлкен сұранысқа ие болуда. Робот құрастырушы Бексұлтанмен байланыс орнатып, өзі жайында және тың жобаларымен таныстық.
Бала кезден инженерияға қызыққан Бексұлтанды мектептегі ұстаздары қабілетін байқап, жол көрсетіпті.

– Қызылордада туып, 6 сыныпқа дейін сонда оқыдым. Одан кейін Алматыға көшіп келдік. Алматыда №33 мектепте білім алдым. Жалпы сабақ үлгерімім жақсы болды, олимпиада-жарыстарға өте көп қатыстым. 2019 жылы Қаскелең қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университетке түстім. Ағылшын, түрік тілдерін үйреніп, білім сапасы жоғары деп таңдауым осы университетке түсті. Қазіргі таңда инженер және жаратылыстану ғылымдары факультетінде компьютерлік ғылымдар мамандығында 4 курста оқып жүрмін. Бала кезімнен инженерияға қызықтым. Осы салада жүргеніме 7 жылдай уақыт болды. Мектептегі мұғалімдер инженерияға жақын екенімді байқап, көмектесе бастады. Қосымша сабақтар өтіп, түрлі жарысқа жіберетін. 11 сынып оқитын кезімде «База 2.0» деген курсты оқыдым. Роботехникадан курста сабақ бердім. Студенттер, балалар, жұмысшылар оқыды. Балалар оқу бітірген соң табыс табуды да үйренсін деген мақсатта «Өте оңай» деген оқу орталығына курс жасадық.
Бексұлтанды танымал қылған дрон жобасы екен. Бұл жоба кейіпкердің төл туындысы десек болады.
– Ардуиномен айналысатындардың арасында дрон өте маңызды жобалардың бірі. Өйткені қанша күш салып жасағанымен ұшпай қалатын сәттері жиі болады. Бір рет өзімнің де басымнан өтті. Сол кезде неге менің қолымнан келмейді деп өзіме сұрақ қойып, қайта кірістім. Қытайдан тауар алмас үшін барынша елімізден табылатын өнімдерді қолданғымыз келді. Өйткені ағаш сынған жағдайда кесіп, қайта құрастыруға 1 сағат 15 минут ғана кетеді. Солай дрон корпусын ағаштан жасадық. Дронды ұшырып, басқарып көрдік. Келесі кезең – дронның gps арқылы нүктелерге баруы. Стартты басып, медициналық роботтар сияқты жеткізу қызметімен айналысуға, маңызды тапсырмаларды орындауға болады. Біреудің жүрегі тоқтап қалса, дрон дәрі-дәрмекпен ұшып келеді. Жол кептелісінде жедел жәрдем көлігі уақытында келе алмайтын кезде қолдануға болады. Жоба аяқталған соң университетте магистратурада оқитын студенттердің ғылыми жобалары бойынша ұсыныс алдым. «Яндекстің» жеткізу қызметі сияқты алгоритм жасап жатыр екен. Ол алгоритм бойынша картада екі нүкте беріледі, біреуі дүкен немесе кафенің, екіншісі – тапсырыс беруші адамның мекенжайы. Дрон осы екі нүкте арасындағы ең тиімді жолды таңдап, тапсырысты жеткізеді. Осы ұсыныс бойынша екі дронға тапсырыс алдым. Толықтай өзіміз құрастырамыз. Болашақта дронмен адамды көтергіміз келеді. Қазіргі дронның көтеретін салмағы 2-3 келі болса, болашақта 80 келіге дейін болса деймін.
Бексұлтанның айтуынша, робот жасауға елімізде мүмкіндік көп екен. Бірақ лабораториялар толыққанды қызметті атқара алмайтын көрінеді.
– Елімізде робототехниканың бөлшектерін шығаратын өндіріс іске қосылса, екен деймін. Біз көп нәрсені шетелден, оның ішінде Қытайдан аламыз. Қазіргі кезде Қазақстанда жұмыс істейтін лабораториялар бар. Сосын көп заттар, мысалы, «Кука» сияқты роботтардың бәрі шетелден келеді. Олар өте қымбат. Сондай тауардың бір бөлшегі сынып қалса, шетелден алдырасың немесе шебер шақырасың. Оның келуіне бар жағдайды жасайсың. Ал егер сол бөлшектерді өзіміз шығарсақ, қаншама шығын өтелер еді. Қазір кішкентай нәрседен шығаруды бастадым. Ағашты ойлап кесетін ЧПУ деген станокты жасадым. Ол станоктарды шетелден алдыратын болса, ең арзаны 2-3 миллион теңге тұрады. Көлемі –1-1,5 метр. Қазір сатылымға шығардым. Бағасы 500 мың – 1 миллион теңге аралығында болады. Егер мектептер сатып алатын болса, балалар үйренеді және бұл станокты жиһаз жасайтындар да қолданады. Қазіргі кезде мектептерде 3D-принтерлер, лазер аппараттар бар. Тура солай ЧПУ станоктарын мектепке енгізуге болады. Ал негізі зауыттар бірден жұмыс істей алады. Бұзылып қалса, 2 сағатта жөндеуге болады. Осылай өндірісті бастап кеттім. Болашақта «Кука» сияқты роботтар өзімізден шықса деймін. «Кука» кәдімгі темір-терсектер және логикамен жұмыс істейтін моторлардан құралған. Ал егер мен логикамен жұмыс істеуді үйренетін болсам, сол нәрсені қайталай алсам, неге өзімізде шығармасқа? Шетелден сондай роботты 20 миллион теңгеге алып келесің немесе өз елімізде шығарылған 4 робот аласың деген сияқты, – дейді ол.

                                                                   Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!