Лукизм – бүгінгі қоғамда кеңінен етек жайған ұғымдардың бірі. Лукизм деп адамның әлеуметтік құндылығын, кәсіби біліктілігін, мінез-құлқын сыртқы келбетке қарап бағалауды айтады. Мақаламызда әлемдік ахуал мен еліміздегі лукизм туралы талдап көреміз.

Лукизм (ағылш. «lookism») – адамның сыртқы келбетіне негізделіп, оны бағалау немесе кемсіту үрдісі. Бұл құбылыс қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Сыртқы келбетке байланысты дискриминация тек жеке тұлғаларға әсер етіп қана қоймай, қоғамдық санаға да ықпал етеді.

Бұл құбылыс бұрыннан бар болғанымен, қазіргі уақытта түрлі себепке байланысты, әсіресе, ғаламтордың ықпалымен күшейе түсті десек болады. Оның шығу төркіні ежелгі заманнан бастау алады. Мәселен, Ежелгі Грецияда дені сау, әдемі адамды бақытты және табысты деп саналған. Ал қазір бұл түсінік тіптен күрделене түсті. Себебі әлеуметтік желілер мен медиа сырт келбетке басымдық беріп, адамдарды сол идеалдарға сай болуға мәжбүрлейді. Осылайша, адамдардың өзін-өзі бағалауы көбінесе сырт келбеттеріне негізделіп, нәтижесінде сыртқы сұлулықтың культі қалыптасуда.

Оның ең басты проблемасы – адамның ішкі әлемі мен қабілеттерін елемеуінде. Адамды тек сыртқы келбетіне қарап бағалау әділетсіздікке алып келеді, себебі адамның бойындағы қасиеттер тек сыртқы белгілермен шектелмейді. Лукизм, әсіресе жұмысқа орналасу немесе мансаптық өсу кезінде маңызды рөл атқарып, көптеген талантты адамның әділетсіз бағалануына әкелуі мүмкін. Ал шын мәнінде, кәсібилік, тәжірибе, білім секілді қасиеттер назардан тыс қалмауы тиіс.

Жастар арасында сұлулық стандарттарына сәйкес келуге деген ұмтылыс күннен күнге артып келеді. Instagram, TikTok секілді платформаларда сыртқы келбетке негізделген контенттің басым болуы көптеген адамды өз келбетінен ұялуға немесе оны өзгертуге итермелейді. Қыз-келіншектер арасында косметикалық операция немесе «сұлулық инъекцияларын» жасату трендке айналды. Мұның нәтижесінде, жас ұрпақ өзін-өзі бағалауды сыртқы келбетке негіздеп қалыптастыра бастайды.

Психолог Айгүл Сүлейменованың айтуынша, лукизмнің негізгі себебі – қоғамдағы стереотиптер.

– Сұлулық – бұл субъективті ұғым болғанымен, әлеуметтік медиа мен масс-медиа оны нақты бір стандарттарға бейімдейді. Бұл тұлғаны өз-өзін төмен бағалауға итермелейді, ал кейде депрессия мен өзін-өзі қабылдамауға алып келеді, – дейді маман.

Басқа да сала мамандары лукизмнің қоғамда теңсіздік тудыратынын алға тартып отыр. Себебі қоғамда сұлулықтың стандарттары көбіне ер адамдардың көзқарасы негізінде қалыптасады. Бұл патриархалды құрылым қоғамдағы гендерлік теңсіздікке алып келеді.

Оңтүстік Корея мемлекеті – пластикалық ота жасаудан алдыңғы қатардан табылатын мемлекеттердің бірі. Мұнда жыл сайын 1 миллионнан астам ота жасалады һәм мұндағы жасөспірімдер де медициналық көмекке жүгінеді. Тіпті орта мектепті бітірген кезде пластикалық операция жасау үшін балаларына сыйлық ретінде сертификат сыйлайтын ата-ананы жиі кездестіруге болады. Бұған себеп – мектеп қабырғасындағы буллинг. Сұлулық стандарттарына сай келмейтін балалар жиі буллингтің құрбанына айналады. Қоғамдағы «әдемі болу – табысты болудың кепілі» деген ой балалардың өздерін ерте жастан бағалай бастауына себеп болады. Егер бір баланыңсыртқы келбеті қоғамдағы стандарттарға сәйкес келмесе, ол сыныптастары тарапынан мазаққа ұшырауы немесе шеттетілуі мүмкін.

Қоғамдық сананы өзгерту, сыртқы келбет арқылы бағалауды азайту және әртүрлілікті қабылдау арқылы ғана біз әділетті жәнеинклюзивті қоғамға қол жеткізе аламыз. Әдемілік тек бет-бейнеде емес, жүректің жылуында, жанның тазалығында екенін естен шығармаңыз, құрметті оқырман.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!