Махаббат – адамзат тарихындағы тым терең һәм мәңгілік тақырыптардың бірі. Абайдың «Махаббатсыз – дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деуі тегін емес. Дегенмен байқасаңыз дәл осы тақырып айналасында «махаббат жасқа қарай ма?» деген сұрақ жиі талқыланады. Біреулер оны тек белгілі бір жас кезеңінде бастан кешетін сезім, сондай- ақ оның ғұмыры үш-ақ жыл десе, енді біреулер мұны кез келген уақытта сезінуге болады және шынайы сезім мәңгілік деп есептейді. Бұл мақалада махаббат пен жас арасындағы байланыс туралы ой қозғап көрейік.
Иә, бітіспес дауға айналған бұл тақырып әннің мәтінінен бастап түрлі шығармаларға арқау болып келеді. Дегенмен біздің қоғамда келісетін һәм керісетін тұстары да бар. Мәселен отбасында отағасының жасы әйелінен қанша үлкен болса да «қырықтағы жігіт қыз алады» деп мақалдататын қазақ үшін бұл қалыпты жағдай. Ал егер керісінше әйелінің жасы үлкен болса қарсылық танытып, сынға үшырап жатады. Неліктен?
– Махаббат сезімі адамның жасына қарамайды, өйткені ол жүректен туындайтын табиғи құбылыс. Алайда қарым-қатынастардың дамуы жасқа байланысты ерекшеленуі мүмкін. Жас ерекшеліктері өмірлік тәжірибеге, құндылықтарға деген көзқарасқа әсер етеді. Кейде адамдардың жас айырмашылығы қарым-қатынасты қиындатуы мүмкін, бірақ шынайы махаббат өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделгенде жас айырмашылығы рөл ойнамай қалады – дейді Д есімді кейіпкеріміз.
Иә, махаббаттың шынайылығы мен тереңдігі жасқа емес, сезімнің тазалығы мен өзара түсіністікке байланысты. Ең бастысы – жүректің қалауы мен жанның үйлесімі. Бұл оймен келісу, келіспеу өз еркіңізде. Себебі адамдардың көзқарасы бірдей болуға міндетті емес. Дегенмен біз бір-бірімізді түсінуге міндеттіміз. Себебі сонымызбен де адамбыз.
Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов жұбайы, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісовадан 19 жас үлкен болғанын бірі білсе, бірі білмейді. Ал 82 жасында қайта шаңырақ көтерген Нұрғали Нүсіпжановтың жасы бүгінде 88-ге қараса, жары, белгілі журналист Жадыра Сейдештің жасы 42-де. Көптің сынына көбірек ұшыраған жұптардың бірі Ерке мен Раймның арасында 12 жас айырмашылық бары елге мәлім. Бүгінде сәбиін дүниеге әкеліп, сахнада жұбымен өнер көрсетіп жүрген өнерпаздарға көпшіліктің көзі үйрене бастаған сыңайлы. Сондай-ақ актриса Жанель Мақажан жолдасы Абай Асылханнан 8 жас үлкен екенін басылымдар жарыса жазған болатын.
Иә, әлеуметтік желіде күн суытпай куә болып жүрген жаңалықтардың басым көпшілігі жұлдыздардың өміріне бағытталған. Дегенмен ұзақ уақыт әрі көп қарсылыққа ұшырайтыны екінші нұсқа, яки нәзік жандылардың жасы үлкендігі. Осындайда қоғам санасында қалыптасып қалған, қатқан қағида қайдан пайда болғанын ұқпай дал боласың.
Жас айырмашылығы бар жұптар әдетте әртүрлі пікірлерге тап болуы мүмкін. Кейбіреулер мұны түсіністікпен қабылдаса, енді біреулер сын айтады. Бірақ шынайы махаббат үшін ең бастысы – екі адамның өзара сыйластығы мен сезімдерінің беріктігі дегіміз келеді.
Ғалымдар махаббаттың жасқа тәуелділігіне қатысты әртүрлі зерттеулер жүргізіп, оның психологиялық, физиологиялық және әлеуметтік аспектілерін талдаған. Олардың пікірлері махаббаттың жасқа емес, көбінесе мидың жұмысына, гормондар мен әлеуметтік факторларға байланысты екенін көрсетеді.
Роберт Стернберг махаббатты үш компонентке бөліп, құштарлық, жақындық және міндеттеме деп қарастырады. Ол аталған компоненттер адамның жасына қарай әртүрлі деңгейде көрініс табуы мүмкін десе, америкалық психолог Эриксон психо-әлеуметтік даму теориясында адамның әр жас кезеңінде қарым- қатынасқа деген қажеттілігі өзгеріп отыратынын айқындаған.
Шындығында жас шамасы махаббаттың дамуына белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін. Мәселен жасөспірімдік махаббат романтика мен арманға толы. Бұл кезеңде адамдар сезімге ерік беріп, көбірек қиялға жүгінеді. Ал ересектер махаббатты саналы түрде қабылдап, өзара қолдау мен тұрақтылықты іздейді. Адамдар бұл кезде серіктесіне деген жауапкершілік пен болашақ туралы көбірек ойланады. Егде жастағы махаббат көбінесе тыныштық пен өмірлік серіктестікке, достыққа негізделеді. Үш түрлі тараптың екеуін алып тоғыстырар болсақ үйлесім табуы қол ұстасқан жандардың өзіне байланысты деген тұжырымға келеміз.
Ғалымдар махаббаттың жасқа емес, адамның жеке тәжірибесі мен биологиялық процестеріне байланысты екенін растайды. Сондықтан махаббаттың кез келген жаста орын алуы қалыпты құбылыс. Ең бастысы – шынайы сезім мен өзара түсіністік.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!