Бұрын жұмысын бірінші орынға қойған бойдақтар келесі жылы жеке өміріне көбірек көңіл бөледі.

Барыс жылынан кейін кіретін қоян жылы қандай тосын сый дайындап тұр? 2023 жыл бізге қандай жаңалық әкеледі? Кімдердің жолы болады? Белгілі нумеролог Құралай Бақытқызы сандарды сөйлетіп, келесі жылға нумерологиялық болжам жасады.

Нумерологтың айтуынша, қоян жылының стихиясы – су, сол себепті көбіне көк және қара түстерді таңдаған дұрыс. Ал жыл саны – 7.

Қаңтар мен ақпан – ең ауыр айлар

«Жеті» тұрақсыз сан болғандықтан, ел экономикасында тұрақсыздық жиі болады. Әсіресе, жылдың алғашқы жартыжылдығы.

Оның айтуынша, жылдың басы қазақстандықтарға оңай соқпайды. Ең ауыр айлар – қаңтар мен ақпан.

«Ақпан айы бізде 9 санымен келеді, ал 9 – ауыр сандардың бірі. Сол себепті ақпанды сынақ айы деп атауға болады. Азық-түлік қымбаттайды, жұрт ақшаның жоқтығынан қиналады, көбі күйзеліске түсуі мүмкін. Алайда мұның бәрі өткінші екенін ұмытпайық. Әр қиындықтың артынан жеңілдік келеді. Наурыз айынан бастап жаңа есік, жаңа мүмкіндіктер ашылады. Сондықтан егер пәтер сатып алуды ойлап жүрсеңіздер, наурыз, мамыр және шілде ең сәтті айлар екенін атап өткім келеді», – деді нумеролог.

Қоян жылында су элементі болғандықтан, адамдар үнемі қимыл-қозғалыста жүруге ұмтылады. Көбі баспаналы болады, жұмыс орнын ауыстырады, басқа елдерге қоныс аударады.

Махаббат жылы

Құралай Бақытқызының айтуынша, 2023 жыл – махаббат үшін өте жақсы жыл. Бұрын жұмысын бірінші орынға қойған бойдақтар келесі жылы жеке өміріне көбірек көңіл бөледі. Барлық фокусын махаббатқа бұрады. Ал ерлі-зайыптылар арасында махаббат оты қайта тұтанады, бір-біріне құрметі мен мейірімі арта түседі.

«Қоян жылы шаңырақ көтеретін жұптар әжептәуір көбейеді деп ойлаймын. Әсіресе, қызмет пен мансапты ғана ойлап келген жандар ендігі жылы махаббатты таңдайды. Сол себепті 2023 жылды «махаббат жылы» деп атауға болады», – дейді маман.

Сондай-ақ туған жылы 3-ке аяқталатын адамдар үшін жыл сәтті болады. Мысалы, 1973, 1983, 1993, 2003 жылы дүниеге келгендер.

Ал қоян жылы туған адамдар үшін – тағдыр жылы.

«Көбі мүшел жас деп қорқып жатады, бірақ нумерологияда адамның өз жылы келгенде, ол адам тағдыршешті шешім қабылдайды. Көбі үйленуі мүмкін, қызметі жоғарылауы мүмкін. Сол себепті қоян жылы дүниеге келгендерге мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды», – деп ескертті нумеролог.

Қазақстанды 2023 жылы не күтіп тұр

Құралай Бақытқызының болжамынша, келесі жылы елімізде баспана бағасы тағы шарықтайды. Азық-түлік қымбаттайды. Көктемде кейбір өңірлерде жылдағыдай су тасқыны болады. Ұшақ апаты қайталануы мүмкін. Жазда және күзде жер сілкінісі болжанып отыр.

Десек те жағымды жаңалықтар да жоқ емес. Мәселен, үкімет халыққа зейнетақы бойынша жақсы бағдарламалар ұсынады. Полиция, логистика, тасымал саласында қызмет ететін жұмысшыларды оң өзгерістер күтіп тұр.

Сонымен қатар, 7 саны – бұл инновация. Жасанды интеллект, ІТ-технология дамитын жыл.

Бұдан бөлек, Астанада бірнеше жыл бойы тұралап тұрған LRT жобасы ілгерілейді.

Елімізде туризм дамуы мүмкін.

«Келесі жылы қоғамда үлкен психологиялық өзгеріс болады. Өйткені күйзеліс, тұрақсыздықтың өзі адамды алға жетелейді, прогресске түрткі болады, өзіне есеп беруге үйретеді», – дейді маман.

Жаңа жылды қалай қарсы алған дұрыс

Қазақстандық нумеролог қоян жылын дұрыс қарсы алудың әдістерін бөлісті.

Біріншісі – қоян жылын үйде отбасы, ағайын-туыс немесе жақын достардың ортасында қарсы алған дұрыс. Сол кезде жыл энергиясы да сәтті болады.

Екіншісі – дастарханнан жиналған тамақ қалдығын қоқысқа тастамай, жануарларға немесе құстарға берген жөн. Қоқысқа тастау арқылы адамдар өз ырыс-несібесін төгіп тастайды деген ырым бар.

Үшіншісі – 2023 жылы қоян жылы кіретіндіктен, жаңажылдық дастарханды қоян мен сәбіздің суретімен, сары түстермен безендірген абзал.

Төртіншісі – махаббат жылы болғандықтан, сонымен байланысты әшекейлер, суреттер ілуге болады. Мысалы, жұптардың, аққудың немесе жүректің суреті.

Бесіншісі – үйді жаңа жылға дейін жинап-тазалап шығыңыз.

«Жаңа жылды қалай қарсы алсақ, жыл солай өтеді деп жатады. Осы тұста мен қаңтар айына ерекше тоқталғым келеді. Қаңтардың алғашқы аптасының 4 күнін қалай өткізсек, жылдың төрт мезгілі де солай өтеді екен. Демалғаннан бұрын көбірек еңбектеніп, көңілімізді көтеруге тырысып, көтеріңкі көңіл-күйде жүрсек, жыл да солай сәтті болады», – деп кеңес берді Құралай Бақытқызы.

Нумерологтың айтуынша, жаңа жыл кірген күні 1 қаңтарда үйге алғаш кірген қонақ – сол жылдың хабаршысы.

Бұдан бөлек, Құралай Бақытқызы 25 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығындағы түстер аян беретін түстер екенін атап өтті. Сондықтан бұл күндері көрген түстерге баса мән берген жөн.

Сондай-ақ нумеролог жаңа жылға арман-тілектерді қағаз бетіне түсіруге кеңес берді. Алға қойған арман-мақсаттарды қағазға асықпай, іштей гармонияда отырған сәтте жазған дұрыс, дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!